Posted in

ӨЗ БАСЫНА КЕЛДІ

Біреуге істеген қиянаты өзіне қайтып оралды. ~ Өз басына келгені болмаса, бөтен кісінің басына келген ауыртпалық пәле болып көрінбейді. М.Әу. ~ «Бешпенттің келте пішкен етегіндей, Дүние өтерінде шыр айналды» — деген сөз енді өз басына келіп, көз алдынан бар ғұмыры бұлаңдап зыр айналып жатқандай пұшайман хал кешіп тұр. Ү.Жәл. ~ Талай аңның қанын Алтайдың сан сайы мен шатқалында шелектеп төгіп еді, енді, міне, сол кеп өз басына келді. Зауал, зауал! М.Қаб

Posted in

ӨЗ БАСЫН САУҒАЛАДЫ

Аман қалудың қамын ғана ойлады, қара басының қамын жеді. ~ Мен — өмір бойы өз басын сауғалаудан аспаған Станислав-Стамбек, арысы ұлы Россия, берісі іргелі Қазақстан туралы ойлауымның өзі сөлекет емес пе.  Ж.Айм. ~ «Адам басы бір алла болды» – дейді ол, – әркім өз басын сауғалады. Мен де бетіммен лағып әрең жан сақтадым. Өзгелердің аман-жаманын білмеймін. С.Мұқ. ~ Жан-жақтан жиылған қырық темірдің қылауы бірін-бірі жатырқады ма, әлде шетінен жасқаншақ па, әрқайсысы пәледен аулақ деп, өз басын сауғалады. Т.Сәу.

Posted in

ӨЗ БАСЫМЕН ӘЛЕК (БОЛДЫ)

Өзінен басқаны ойлауға мұршасы жоқ. * Әкесi өз басымен әлек: жасы жер ортаға жеткенде отбасын iрiтiп, өзгеге үйленiп кету оңайға соқпас. Ш.Құм. * Әркім өз басымен әлек болған мына аласапыран дүниеде мен кімге керекпін. Үзіліп түскен жалғыз жапырақ… Қай жерде барып тынысым бітерін бір құдайдың өзі білсін. Т.Ахт. * … біреулер Райханды алып қашуға бөтен бір ауылдың жігіттері келіпті деп сырттан тон пішіп долбарласа, сойыл Қарабеттікі емес, өз басымен әлек болып жүрген адам қызды қайтсін деген де жанашырлар шықты.  С.Жүн.

Posted in

ӨЗ БАРМАҒЫН ӨЗІ ШАЙНАДЫ (ТІСТЕДІ)

Қатты күйінді, өкініш өзегін өртеді. ~ Ана бір жыл аталы бір ауылға көріскелі бара қалды. Бүкіл жалдың басын бір өзі толтырған іргелі ауылдың кеудесінде жаны бар пендесінің бәрі сыртта сенделіп кеткен. Еркек біткен өз бармағын өзі шайнап, тістеніп алған.Ә.Кек. ~ Хан қолын көтеріп, жебе тағы түсірілді. Алты қарыс азуын айга жаныған атақты жаһангер тұңғыш рет, әрі ең соңғы рет өз бармағын өзі тістеп қанатты. Ж.Шәк.

Posted in

ӨЗ БАҒАСЫН БІЛЕДІ

Өз құнын түсірмейді, басын жоғары ұстайды. ~ — Өзін тым асқақ ұстайды, — деді талдырмаш актриса. — Өз бағасын білетін шығар… Н.Сер. * Қарапайым, қол жеткен табысына кеуде қақпаған, жіберіп алған қатесіне қапаланбаған жан — өз бағасын білетін адам дер едім. Ә.Ысқ. ~ Алдындағы шопанның бір қақпай әдемі қалжыңы да бар, ә! Бәсе, кірген бетте-ақ өзіне-өзі сенімді, өз бағасын білетін адамның сыңайын танытып еді-ау.  К.Қаз.

Posted in

ӨЗ АЯҒЫНАН КЕЛГЕН

Өз бетімен, тегін келген несібе, пайда туралы. *  − Жалғасқа не бетімізді айтамыз. Ел-жұрт не дейді?  − Жалғас, Жалғас деп… Не десе, о десін. Сол сықсыңдайды екен деп құдайдың өзі өз аяғынан айдап келіп тұрған ақшадан айырыламыз ба? Н.Дәут. * Жігіттердің көзі жайнап кетті. Айтса да алты күннен бері тор, тұзақ түк ілмей, көзі көкшиіп отырғанда өз аяғынан қораға кіріп жатқан қыруар киіктің мүйізін сатып шаш-етектен пайданың астына қалса несі кетеді?  Ә.Нұрп.Құдалық салт-дәстүрі сақталмай, «тегін» келгенәйелге қатысты айтылады. * Нағимаға келе жатыр. Жанында — Құлтума. Сөз салмаған жігітке өз аяғынан соқтығып әйелдің келсін деуі — қазақ әдетіне тым сиымсыз. Б.Майл. * Осы отырған бар кісінің, мына қыздай алған жалғыз жарың бәйбішеңнің де өтініші бұл… – деп, Алдаберген софы Ақбаланың өз аяғынан келгенін әдейі қағытып өтті.  Ә.Нұрп.

Posted in

ӨЗ АЯҒЫНАН

Өз бетімен, өз еркімен. ~ Жігіттердің көзі жайнап кетті. Айтса да алты күннен бері тор, тұзақ түк ілмей, көзі көкшиіп отырғанда өз аяғынан қораға кіріп жатқан қыруар киіктің мүйізін сатып шаш-етектен пайданың астына қалса несі кетеді?  Ә.Нұрп. ~ Баяғыдан бері мына даладағы талай жұрт «ол қайтер екен» деп жалтақтап қарап отырған бір адамы Батыр орыс елшісіне өз аяғынан барып ант беріпті деген хабар тек Кіші жүзге ғана емес, күллі қазаққа тарап кетеді. Ә.Кек.

Posted in

ӨЗ АЯҒЫНА МІНДІ

Аяғымен жүре алатын болды. ~ Мына жатқанАқылбек аға соңдай қасіретке ұшыраған жан. Енді ол өле-өлгенше өз аяғына міне алмай кетеді. Осы жатқан орнынан қайтып тұрмайды. Тұра алмайды. Н.Кел. ~ Бір құдіреттің күшімен Зибагүл ертең, не одан арғы күні өз аяғына мініп, есік алдында өзін күтіп тұратын секілді елестейді; сосын екеуі жалаң аяқ, жалаң бас кенересі толған Кіші теңіздің құмдауыт жағалауымен алыс қиырларға алып– ұшып жүгіріп бара жатқан секілді елестейді. Қ.Жиенб. ~ Бірақ күйеуінің енді қайтып өз аяғына мініп, жер басып кете алмайтынына көзі жеткен соң әйелі ажырасып, басқа біреуге тұрмысқа шығып кетіпті. Н.Кел.

    27Өз бетінше күн көре алатын халге жетті. * Бірқұдіреттің күшімен Зибагүл ертең, не одан арғы күні өз аяғына мініп, есік алдында өзін күтіп тұратын секілді елестейді; сосын екеуі жалаң аяқ, жалаң бас кенересі толған Кіші теңіздің құмдауыт жағалауымен алыс қиырларға алып-ұшып жүгіріп бара жатқан секілді елестейді. Қ.Жиенб.

    Posted in

    ӨЗ АЯҒЫМЕН КЕЛДІ

    Зорлықсыз, өз еркімен келді. ~  Алатау айналсаң да ізіңді басам. Бақиға дейін бірге боламыз…“ Шақан жапанда жатқан жігітке өз аяғымен келген, өз аузымен сөз салған өжет қызға шүбалана қарап еді. Меңсұлу қыпқызыл болып кетті.  М.Мағ.  ~ Қызынып қайтесіңдер! Қызды ықтиярсыз алып қашатын баяғы заман емес, өз аяғымен келді… Мақаң қайда? – деп сұрады Нағанай. Д.Досж. ~ Көжеге қара, тауыққа жем осы кірекештердің арбасының түбінен қалатын. Қиыншылық кезде өз аяғымен келетін мұндай нәсіпке көрінген ошақтың қолы жете берген жоқ. Қ.Ысқ. ~ Соңында оның амандығын бір Аллаға тапсырып, өз аяғымен келуін күтіп, жайымда қала беретінмін. С.Үс.

    Posted in

    ӨЗ АУЗЫНАН ШЫҚТЫ

    Нақты өзі айтты. ~ Қалекеңнің айтуына қарағанда, Шынжаңның партия секратары Уаң Ынмау сұрақ-жауап хаттамасымен танысып: «мұнда жазылғандардың бәрі тұтқынның өз аузынан шыққан сөздер ме?! Дегенменде, өзі бір нағыз қайсар адам екен» деп таңданған көрінеді. Ж.Шәк. * Әбілқайыр әліптің артын бақты. Әлгі сөздің Қайыптың өз аузынан шықпағанын іші сезді. Бірақ, шайқасқа қатысқандар түсініксіз жеңілістің түпкі сырын осылай ұққандарын бірден аңғарды. Ә.Кек.