Posted in

ОЛЖА ТҮСІРДІ

Пайда келтірді, табыс тапты, олжалы болды. ~ Шырамытқан да, аттың басын бұра қойған. Енді Ложбы ұлысына басына тауан іздеп бармаса, олжа түсіріп оңдырмасы белгілі болды.  Ә.Кек. ~ … Қарындас, қаталасып отырсың. Ата-ана ешкімге жолдас болмайтын. Ағайын азғырса мал үшін, сені сатып олжа түсіру үшін қызығады… Б.Майл. ~ Жаз бойы шабуылын бір сәт толастатпаған Кенесары тамызда Екатерина қамалын алып, жүз солдатты тұтқындап, екі мың пұттай астық және басқа қыруар олжа түсірді. С.Ақт.

Posted in

ОЛЖА САЛДЫ

Бәйге ұтып алды, табысты болды, олжасымен бөлісті.. ~ Бестіден шықтың алтыға, Асыл тарттың салтыңа. Топтан озып бәйге алып, Олжа салдың халқыңа. «Қара жорға» ат атанып, Сүрмеде тізгін қатарып, Жайылды даңқың жалпыға.  «Мақпал — Сегіз». ~ Жаныма ерткен жiгiтке олжа салып‚ Бiр түнде сегiз қыздың қойнын аштым.  Иманжүсіп. ~ Қалмақ, қазақ жаушылық заманда жалғыз кетіп, жылқы алып, асқан жайшы болып, елге олжа салып, батыр атақ алған екен.  БС. «Бердіқожа батыр». ~ Бір кісі мың кісіге олжа салады.  М-М.  ~ Жүйрік ат көпке олжа салады.  М-М. ~ Ақтамберді қолбасын, Бес сыбанның ұлына Ортаға салды олжасын. Жүз тайлақтан есептеп Біреуін де алмады. «Ердің сыйы» деседі Ортаға олжа салғаны, Бір шағым от барлығын Елі сонда аңдады, Еспенбеттен Бөртенің Бұрын шықты атағы. Д.Баб.

Posted in

ОЛЖА ҚЫЛДЫ

Пайдаға асырды. ~ Бір полемет, қанша ат, арба, қанша киімлар, қанша ақшалар, — баршаларын олжа қылған.  Ж.Айм. ~ Абай ар жағынан байқап кеп, Құлыншақтың ойы: «Бөкенші, Борсақтан жер олжа қылмадым» деген арман екенін білді.  М.Әу. ~ Өз жерін қысқа сақтап, жаттын жерін олжа қыла тұру, мұндай есепқор, қаскөй, малды ауылға әр кезде армандай болатын. М.Әу. ~ Біз қанша азаптанып, тырыссақ та дәулетіміз еш арытпайды. Қой, не қылсақ та амалдап, осы Момынбайды құртып, дәулетін олжа қылайық», – деседі.  БС.  «Момынбай».

Posted in

ОЛЖА ЖОЛЫНДА

Пайда, иабыс іздеу барысында. ~ Сүйтіп бір кезде олжа жолында бірге тақымдасқан сойыл дос, бүгінде билік төрінде бірге отырар қамшы досқа айналған-ды. Ә.Кек.

Posted in

ОЛЖА БОЛДЫ

Тегін пайдаға асты. ~ Бірақ сен Маметтерді жігіттерімен жеңетін болсаң, Бике де, ол елдің бар әйелі де сендерге олжа болады. Менің айтатыным сол, – деді қыз әкесі.  Ж.Айм. ~ . Біз енді сенен ештеңе де алмаймыз, жылқың өзіңе олжа болды. Айттым ғой. Т.Әбд. ~ Аңызға айналған қазақы ақиқат айтады: Көшімбектің сұлу да ақылды келіншегі Анар даланы қатар жайлап отырған қазақ-қалмақтың жиі бола беретін шапқыншылығының бірінде қалмаққа олжа болып кетеді. М. Ақд.

Posted in

ОЛЖА БАЛА

Әкесіз туған не қолға түскен асыранды бала. * — Олжабек — даладан тапқан олжа бала екендiгiн көрсетiп тұр.  Жiбек — өзiмнiң қол жеткiзе алмай кеткен Қыз- Жiбек арманым».   Қ.Түм. *  Мына олжаға келген бала, мықты бала болады, болмағанда жақсы қойшы болады,  деп ескерте, дастарқанға жайғасқан батыр өз балаларынан тартып олжа балаға дейін дастарқанға отыруды бұйырған еді.  Б.Жұмаб.

Posted in

ОЛДА ОҢБАЙЫН

Қарғану, ант-су ішу. ~ Әлібек. Жоқ, сен айт, бұның тағы қай таласың? Арыстан. Сен айтпай олда оңбайын тіпті айтпайым, ұқтың ба? Тас болам да қалам осы сөзде!..  М.Әу. ~ Басыбар (естіп қап, қайта қаптап).  Не дейді, мынау мұндар бата бұзды Жібермен, олда оңбайын, Бұл қос қызды!  М.Әу.

Posted in

ОЛДА-БІЛДӘ (ОЛЛА-БІЛЛӘ)

Қарғанып-сілену, ант-су ішу. ~ Иса былқ-сылқ еткен мені қолымнан сүйреп, сыртқа алып шықты. Аспанда ай бар ма, жұлдыздар қайда, Иса кім — тук те білмеймін олда-білде, дәнеңе сезбеймін.  М.Қаб. ~ Енді Әлтай туласын:  — Өтірікші!  Ол қасқырдың тарамысы емес. Әшейін жұртты ақымақ қылып тұрсың!  — деп Тәліпке шіңк– шіңк ете жармасты.  — Олда– білдә, қасқырдікі, — деп Тәліп қарғанды.  Ш.Мұр. ~ — Олла-біллә! Інісіне ұрлатушы Керімбек емес. Сол үшін кеудеме құран ұрам тақсыр! — деп, безек қағып отыр екен.  Ж.Ах.

Posted in

ОЛАЙЫМ ДА БҰЛАЙЫМ

Қорғаушым, тірегім д.м. * Сонда Тарғын сөйледі: – Олайым да бұлайым, Көтере көр, Жаббар Құдайым. Алты мыңдай ауыр қол, Өзіңнен медет болмаса, Бұған не амал қылайын?!  «Ер Тарғын».

Posted in

ОЛАЙ-БҰЛАЙ БОЛЫП КЕТСЕ

Қаза тапса, опат болса. ~ Қиналғанда, қуанғанда қасыма еріп, тағдардың тауқыметін тең бөліскен зайыбым Зылиха олай-бұлай болып кетсем, жылап, көшеде қалмасын, сөз төркінін білетін өзіңе айрықша аманаттадым.  Д.Дос. ~ – … Жассың. Олай, бұлай болып кетсем жассың… Орныңды табарсың. Жөні сол, – деген Ақатай.   Н.Дәу. ~ Егер олай-бұлай болып кетіп, Жалмұқан сені алмаса, әкеңнің қалған ғұмыры итшілікпен өтеді. Сүтемген жұрты кек алмай тұрмақ емес. Тым құрмаса, сорлы әкеңді аясаң етті.  С.Жүн. ~ Әйтсе де «Садық олай-бұлай болып кетсе, онысыз мен өмір сүрмеймін» деген баяғы сөзі есіме түсе берді.  І.Ес. ~ Майдандағы әкелері оққа ұшып жүре ме деп қорқады. Ертелі-кеш көрші кемпірге барып: «Біздің үйдің адамы олай-бұлай боп кетсе, мына төрт баламен көрген күнім не болады?»-деп күңіреніп отырғаны…  Ш.Айт.