Posted in

ОМА ҚАПСЫН

Қарғыс. ~ Ой мен қырға сенiң өз айдын, абыройың да аз жайылмас. Ырғызбайдың өзге көп тоғышары саған өкпелемесе, ома қапсын.  М.Әу. ~ Бұған бет бұрар болсам, екеуiңдi ертпей-ақ, Тәкежанды таңдасам болмас па едi? Сендер «Керей-найман әдiлет таппай, әрекет тапса, өлмесе ома қапсын» десең, мен оларды елiм деймiн. М.Әу. ~ Бұл кімнің қолында қалады, оған кім қарайды дегенді, тіпті Қамысбаев тыңдағысы келмеді. Өлмесе ома қапсын дейді. Ең болмаса шал бір үлкен қылмыс істеген, қоғамға қауіпті адам болса екен. Б.Қыд.

 

Posted in

ОЛҚЫЛЫ-ТОЛҚЫЛЫ (ОЛҚЫН-ТОЛҚЫН) БОЛДЫ

Екі ойлы, әрі-сәрі болып, мазасы жоқ д.м.  ~ Шынын айтайын, біздің Бибі құдағи олқылы-толқылы болып, ақылшы тәтейлерінің тізе қақпайына түсіп қалыпты — деп күлді.  С.Бег. ~ Толқып, қорқып не қыларын білмей жүрген елдің тауқыметіне шыдай алмаған болыстар «береміз» деп дуанға айтып, «қайтеміз» деп елге айтып, екі ортада әуре-сарсаңда жүр. Үстіп, олқын-толқын болып, бықсып тұрған кезде Ырғайты елі көтеріліп қалды. І.Жанс.

Posted in

ОЛҚЫ ТҮСТІ

Кем, нашар болды. ~ Бейнелеп айтқанда, бұл Қашқария ағып жатқан майлы өзендей екен, шетінен шелекпен батырып ала бер. Одан олқы түсер емес.  С.Мұқ. ~ . Мәселен, қазақ әдебиеті мен әдеби тілінің бүгінгі деңгейге дейінгі даму өрісін орыс әдебиеті мен тіліне байланыстыра қарамасақ, көп мәселеде олқы түсер едік. Ө.Айтб.

Posted in

ОЛҚЫ СОҚТЫ (СОҚПАДЫ)

Көңілден шығу-шықпау хақында. ~ Намыс тапталған жерде Ар аяқ астында қалады. Ұясын жат жайлаған құс пен Отанын сатқан ождансыз ұлда бұл олқы соғып тұрады. Ал олқылық түбінде бір опындырады. И.Сап. *  Есі-дерті тек байлық болды. Халқын да, өзін де байыған үстіне   байыта түссем деді. Күндіз-күлкі, түнде ұйқы көрмеді. Баяғыдағы атбасындай алтыны атантүйедей боп өссе де көңіліне олқы соқты.  Т.Сәу. *  Әрине, кәсіби ақын емес. Әдебиет деген ауылдан алыс қонғанын өзі де мойындайды. «Көркемдік деңгейі жағынан олқы соғып жатуы да мүмкін» дегенді оқырман қауымға алдын ала ескертеді.   Г.Бельг. *  – Анау-мынау жігітіңнен олқы соғатын қыздар емес. – Кей жігітті орап алғандай,– деп жауынгерлер әр жерден көтеріп әкетті.  Т.Ахт. *  Әлде оның Алласынан  менің  сиынар  Көк  Тәңірім  олқы  соққан ба?  Р.Отар.  *  Шығарылған бұйымдар әдемi-ақ, бәрiбiр көңiлiне олқы соқты. Ә.Ыбыр. ~ А й б а л а. Алуаш, айналайын, қайырлы болсын!.. Бейсен бір спецовканы бұрын бітірсе де, өзің де олқы соқпайсың, қуанамыз, құттықтаймыз!.. М.Әу.

Posted in

ОЛҚЫ КӨРДІ (КӨРІНДІ)

Көңілі толмады, менсінбеді. *  Еркек жоқ өз басыма теңгерілген, Сөз пірім он жасымнан меңгерілген. Небір көзге олқы боп көрінсем де, Сан жүйрік қойдан оңай өңгерілген. «Біржан — Сара». * Төлеген кемесер күйеуіне өзге арақты олқы көріп жиырма бес сомға бір бөтелке «Шампански» алған еді. Ж.Айм. *  — Қалай, Дариғаш… Күйеуің олқы көрініп тұрған жоқ па? Тағы бірін ілестірмедің бе, а? Сәулем, бұл тіптеп аз ғой,— дедім сақылдай күліп.   М.Сүн. ~ — Кабинетімізді олқы көріп тұрсыз білем!  — деді Мыңжасар галстугін шешіп жатып күліп. С.Елу. *  Лермонтов болмағанмен біздің Ақан, Кісі ме ед ақындықтан құралақан? Ортасын олқы көрген бұл да дара, Имеген иттерге бас сері, дарқан. І.Жан. ~ Болыстар мына жалшы-малайлармен бұдан әрітәжкелесіп тұруды өздеріне олқы көріп, ар санап, аттарының басын кейін бұрды.  С.Жүн.

Posted in

ОЛҚЫ ЕМЕС

Кем емес, көңілден шығарлық. *  – Құдайға шүкір! Сауын мен аққа ешкімнен олқы емеспіз. Тіпті сол он бес күн ішінде қорыққа тығылған елу ауылдың бәрін байқадым… Өзді-өз ортасында анық күйлі дәл солар бопты! — деп, Дәркембай да шаттанып сөйледі. М.Әу. *  Бекболат. Заманы солай болған соң, болғаны теріс те емес. Болмайтын да адам емес, сөйлесе сөз біледі, білімі де бар… (Ойланып.) Бұл келіннің аты-заты да олқы емес еді ғой, ә?  Б.Майл. *  Бассын! Шыңғыстың қай тұсына орнықтырсам да, ол үшеуінің сыбағасы олқы емес. Өкінбесін! Өкіндірмеймін! Осы сертіме сенсін! — деді.  М.Әу. *  Мол дүниемен, салтанат, нөкермен құда, күйеу боп келісті. Мұнда да қонақ асы, күтім, той-жиын, сән-салтанат олқы емес. Өңшең ынтымақ. Мол тілек, жағалай бата.  М.Әу. *  — Мен сұрасам сендерден емес, қолы ашық серіден сұрап отырмын,— деп Батыраш шулағандарға жақтырмай қарады — Және алмақтың да салмағы бар, Құлагердің қармыжысы да олқы емес.  С.Жүн. *  Үрімжі түрмесіндегі ауыр азаппен қойдай қырылып отырған 80 мың тұтқынның ішінде қазақ аймақтары: Алтай, Тарбағатай, Іледегі ұйғыр, қазақ, қырғыз, қалмақ маңғұлдардың да үлесі олқы емес-ті.  Ж.Ахм.

Posted in

ОЛЖАҒА ТҮСТІ

Шапқыншылардың қолында кетті. ~ Шынын айтсам Нүркен, сенің тинамдай күніңдегі олжаға түсіп бара жатқандағы көз жасың мен жүрегіме жазған сырлы сезіміңді әсте ұмыта алмаймын.  Б.Жұм. ~ Әке-шешем де ертерек қайтыс болып кеткен еді. Екі ағам бар болатын.  Осы қырғында екеуі де Бегедай  қолынан қаза тауыпты. Екі жеңгем бірдей олжаға түсіп кетіпті.  Ж.Сәм.

Posted in

ОЛЖАҒА КЕНЕЛДІ

Күтпеген жерден түсімге, пайдаға белшесінен батты, қарық болды. *  Ақсақ Темір құзғындары, әмірлерінен бастап, қатардағы жауынгерлеріне дейін байыды. Әр сыпай төрт қыздан, жиырма жылқыдан олжаға кенелді. І.Ес. *  Атырауда көктемгі балық аулау маусымы аяқталуға жақын. Ал су кешіп ау тартқан балықшылар —  орасан олжаға кенелді. Аймақтағы 18 табиғат пайдаланушы мекеме, жүктелген лимиттің 30 пайыздан астамын ә дегеннен-ақ игеріп тастады. БАҚ.

Posted in

ОЛЖАҒА БАТТЫ 

Көлденең пайдаға кенелді. ~ Шал. Уа, құрдас-ау, қыз-қатынға, қарқ олжаға баттық қой! Мені де сен ойласаңшы! Олжа басы маған тиерін ойлайсың ба, жоқ па өзің?  М.Әу. ~ Шал. Уа, құрдас-ау, қыз-қатынға, қарқ олжаға баттық қой! Мені де сен ойласаңшы! Олжа басы маған тиерін ойлайсың ба, жоқ па өзің?  М.Әу. ~ Олжаға батып, ырғалып-жырғалып, найқала жылыстап, үздік-создық кетіп бара жатқан қалың қолдың бір тобына дәл ұрымтал жерден, өкпе тұсынан жолбарысша атылғаным есіме түсті.  Ж.Сәм.