Posted in

ОЛ ТҮГІЛ

Оны айтпағанда, оны былай қойғанда. ~ Сыртынан жаназа оқып халқы кетті, Бұл өлім талай жанды еңіретті. Аямай ажал шіркін кімді алмайды, Ол түгіл пайғамбарға қаза жетті.  Шәк. ~ Ол түгіл Оспанның өзі де соның көбіне түсіне бермейді.  С.Ом. ~ Әрине, қыздың аты қыз, аты-жөні жоқ, ұнатқанын бірден қалай айтып салсын!  Ол түгіл мен де ештеңе айта алмай, бүгежектеп қалдым ғой. Б.Ыбыр.

Posted in

ОЛ ДА БІР ДӘУРЕН ЕКЕН (ЕДІ)

Өткен күндерге деген сағыныш. *  Дүние-ай, десейші! «Жирен шалы» еркелетіп отыратын екеуін. Соның қадірін білді ме, Хадиша аңдығаны Нұрия болып. Сол базаршылап қайтса тұлданып, соған байы сөйлесе бұлданып жүруші еді. Ол да бір дәурен екен. Өте шықты, шіркін.   С.Досж. *  Сол бір ереуілді күндер еске түскенде, «ой- пой, ол да бір дәурен екен ғой» десіп, желпінісіп қалатын әдеті.  Қ.Жұм. *  ─ Есіңде ме, Дәметкен, – деді даусы жарықшақтанып, – екеуміздің бір кездегі жастығымыз?.. Ол да бір дәурен екен–ау.  Т.Әбд. *  Зал толы халық, қадалған мың сан көздер, кең залды басына көтерген дүр- дүр шапалақ… Шіркін, ол да бір дәурен екен ғой!   Қ.Жұм. *  … Қаратау десе домбырасына жүгіретін күйші де күйшіл Төлеген Тоқбергенұлынан көз жазып қалған соң, ол да бір дәурен екен — ау деп бүгінде ат аяғы жетпей қалған Қаратаудың меңсіз қара аспаны мен сағатпен санаспайтын даңғаза түнін де сағынатын болдық… Қ.Ысқ. *  Күлтеленген пәлектердің астында дөңкиіп-дөңкиіп көк ала қарбыздар жатады… Ол да бір дәурен екен-ау. Кенет ақсақалдың аузынан су шұбырды. З.Шүк. *  Орталау мектепті бітіріп, қалада екі жылдық мұға¬лімдер семинариясында оқыды. Елге келіп, мұғалім болды. Ол да бір дәурен еді-ау. Алғы күннен тек жақсылық күтіп, алып-ұшқан албырт көңіл. Т.Сәу.

Posted in

ОЛ АЗ ДЕСЕҢ 

Керек болса; оның үстіне д.м. *  Баспана – бүгінгі қазақ үшін Гамлеттік сауал, ол аз десеңіз, баспана – қазақ үшін философиялық, онтологиялық проблема. Т.Әсемқ. *  Төргі бөлмеге өтіп, темір кереуетке құлап еді, ұзақ уақыт көзі ілінбеді. «Ақыңызды жемейміз ғой»,— дейді. Ол аз десең, ана бір сөлкигені «мейірімсіз» деп қорлайды. Т.Әбд. *  Бұл бір қызық адам.  Ол аз десеңіз, әдеттегі таптаурын жолмен түп-түзу келе жататын көптің бірі емес, көптен оқшаулау, өз беті өзінде, тек өз соқпағымен ғана жүретін біртоға, біртүрлі бір қыңыр кісі.  З.Қабд. *  Сонан соң Сергей не істейді дейсіз, таңертең токарь болады.  Түстен кейін верстактың қасында слесарь боп жанталасады.  Ол аз десеңіз, дәнекерлеуші тағы да сол.  Ал, Қадірбек балташы да, ұста да, сылақшы да.   С.Смат.

Posted in

ОЛ (БҰЛ, СОЛ) ЖАЗҒАН

Сол бір адам д.м. * – Айналайындар- ау, ол жазған бiреуiн емес, екеуiн неге алмайды? Мен неге бәйбiше болып, қолымды жылы суға мал-е- еп отырмаймын? К.Сег. *  Колхоздың қойын да ондап қырып кетіп, бұл жаз¬ған қойшылық ғұмырында қарызын өтеу үшін еңбегін жалдаумен жүрер еді.  К.Сег. * Үштi-күйлi қара шал жоқ дейдi. Ол шалдың жаңа түскен келiнi бар екен, сол жазған үлкен әбдiренi ашып  жiберсе,  iшiнде тоңқайып, атасы жатыр дейдi.  К.Сег. * Құлағына біреудің сөйлеген дауысы келе ме, қалай. Күдерінің дауысы сияқты. Ол жазған қара жердің бетінде әлі бар екен ғой. Ә.Кек. *  Қажы жылқысының тұқымынан өздерінің қолына тиген жалғыз тұяқ осы жануар еді. Сол жазған қыза келе жүйріктердің бел ортасынан суырылып шығып, алдыңғы топқа қосылған.  Т.Рыск

Posted in

ОЛ (АР) ЖАҒЫ ТҮСІНІКТІ

Ар жағын айтпасаң да болады д.м. *  Ертеңнен бастап, қанша ауыр болса да, әлгі шойынды көтерісуге тура келеді. Ол жағы түсінікті.  Қ.Жұм. * —  Ар жағы түсінікті, – деді Бақытжан оның сөзін бөліп.– Тазы ашуын тырнадан алады. Жетпістегі жетім шалдан жеген жұдырықтың қарымтасын менен қайтарайын деп пе едің, әкри. О.Бөк.

Posted in

ОҚЫСТЫҚ ОРЫН АЛДЫ (ӨТТІ)

Күтпеген, тосын жағдай пайда болды. ~ «Егер меніңң кезегімде бір оқыстық орын алғанда, әлдебіреу саған шабуыл жасағанда, кінә менің мойнымда болатын еді!» – деді.  Ж.Шәк. ~ Хан әлде бұл Дулатқа кекті ме екен? Бір хабар жамандаған жетті ме екен? Қатыннан, не баладан, не малшыдан Білместік, бір оқыстық өтті ме екен?  І.Жан.

Posted in

ОҚЫСҚА ТАП БОЛДЫ (ҰШЫРАДЫ)

Апатқа, жағымсыз жағдайға кезікті. ~ Құрбан шал айналасына аты әйгілі сынықшы еді. Осы ғұмырының ішінде талай оқысқа тап болып, буынын шығарып, сүйегін сындырған үлкен-кішіге жәрдем етіп келді. О.Сәрс.

 ОҚЫСҚА ҰШЫРАДЫ

Төтенше жағдайға, апатқа тап болды. ~ Тегінде, өздеріңе қатты абай болғайсыңдар! Үңгірдің ішінде өңменінен пышақ қадалып жаралы кеткен аю аса ашулы, долы болады. Бір жерлеріңді бөксертіп алып, оқысқа ұшырап жүрмеңдер, – деп тапсырады.   Ғ.Біләл

Posted in

ОҚЫС КЕТТІ

Шарт қимылдады. ~ Аузынан Кежі аты шығып кете жаздап, өзінің оқыс кеткелі тұрғанын аңдады. Кежі жоқ екен ғой.  М.Әбдіх.

Posted in

ОҚЫС ІС

Күтпеген жағдай. ~ Ол өзінің оқыс іске бет бұрғанынан шошына іркілді.  М.Сүн.  ~ «Сендердің Мектептерің» дегені бұның сөзін мойындағаны екенін Бураш түсінді, түсінді де тасып кетті, тасып кетті де оқыс іс істеді: — Атқан оқ, лақтырған кесек жетпейді!  — деді… Ә.Тар.

Posted in

ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНДЫ

Жаңа туындысын жариялады. ~ … ұлы аруақ жөнінде тарихта және ел аузында қалған жәдігерлерді жинақтап, «Ер Жәнібек» кітабы етіп қазіргі қазақ оқырмандары назарына ұсынғаны еді.  Ж.Шәк. ~ «Елім-ай» шығармасының бірінші бөлімін түгелдей осы кітапта оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Н.Әбу.