Posted in

ОҚЫРМАН НАЗАРЫНА ҰСЫНДЫ

Жаңа туындысын жариялады. ~ … ұлы аруақ жөнінде тарихта және ел аузында қалған жәдігерлерді жинақтап, «Ер Жәнібек» кітабы етіп қазіргі қазақ оқырмандары назарына ұсынғаны еді.  Ж.Шәк. ~ «Елім-ай» шығармасының бірінші бөлімін түгелдей осы кітапта оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. Н.Әбу.

Posted in

ОҚЫРА ТИГЕН ӨГІЗШЕ (СИЫРША, ТОРПАҚТАЙ)

Есі шығып, өлер-тірілерін білмей қимылдады, аяғын о жер бұ жерден басып, тапырақтады. ~ – Оқыра тиген өгізше тапырақтаған әлгі бір жігітің кім өзі, оң иығымды салдыратып кеткенін қарашы, көзі оқтай… Ғ.Қаб. ~ Бiр кезде мотор үнi гүр етiп оталды да, «рафик» орнынан оқыра тиген сиырша оқалақтай атырылды.  Ә.Ыб. ~ Танысқым келді, бірақ Исаның көп балконға қарап, шұрқырай кісінегенінен кейін танысуға құлқым соқпай қалды. Құлқым соқпағасын оқыра тиген торпақтай әдейі тапырақтап, реверанс жасадым. М.Қаб.

Posted in

ОҚЫҒАН АЗАМАТ

Білімді, ел тағдырына бейжай емес, халқына жол көрсете алатын азамат д.м. *   Қазақ жаужүрек ел болып қолына пышағын алып, жалаңдап төңкерісті күтіп отырған. Анығында солай ма? Қалың бұқара тұрсын, төңкеріс боларын, одан кеңес өкіметі орнарын  әуелі оқыған азаматтардың, саясатшыларымыздың қаншасы алдын ала болжады?  Ж.Айм. *  Қазақ жұртының өткен күндеріне көз салғанда, оқыған азаматтарының артынан ерген күндері аз да болса мағыналырақ, тәуір күндердің бірі деп саналады.  Сол оқыған азаматтың тұңғышы, алғашқы шыққан көсемі болған Ахаң…  М.Әу. *  Оқыған азаматтардың әрқайсысы- ақ барып көріп, хат жазса да, қыздан жауап ала алмайды. Тегі қыз әкесінің ажарына қарайтын болса керек.  Ж.Айм. * Сенің кейінгі кезде шұғыл өзгеріп, жаңа сипат, соны жөн- жосық тапқан, болаттай шыныққан қалпында, атың бақташы демесең, анау- мынау оқыған азаматқа бергісіз ұшқыр сана- сезіміңе, әдемі тұрпатыңа көңілім тояды.  С.Омар.

Posted in

ОҚШИЯ ҚАРАДЫ

Ұнатпай көз тастады. ~ Сіз бұл үйге менің кім екенімді айтпай-ақ қойыңыз. Тезек теріп жүріп адасып кеткен екен, тауып алдым дей салыңыз,— деді. Дуана Ақбілекке оқшия қарап: — Ә, балақайым! Өтірік айтқан жарай ма? Өтірікші алланың дұшпаны ғой,— деп аяңдай берді.  Ж.Айм. ~ Боранды Едіге Қаранардың үстінен жанында тұрған Сәбитжанға оқшия қарады: – Сен, шырағым, шошаңдамай азырақ сабыр ет, – деді даусын көтермеуге тырысып. Ш.Айт.

Posted in

ОҚУЫН ТАСТАП КЕТТІ

Оқуын аяқтамай кетті. *  Бір кезде бастауыш мектептің дырдай мұғалімі еді, сол тышқанның терісіне бола Семейдегі сырттай оқуын он жылға созып, ақыры екеуін де тастап кетті.  Қ.Ысқ. *  Оны кейінгі уақытта бір ой жеңді: Уақытша, ең болмаса бір жыл қызмет істеп ақша тауып кайту. Бірақ институтты, оқуды, жолдастарды тастап кету қиын.  Б.Бұлқ. *  Мен, шынында да артиспін. Баяғыда зооветке түсердің алдында консерваторияның актерлік факультетінде бір жыл оқып, тастап кеткем, — деп, ішек-сілесі қатып күлген бетінде Дәнешті құшақтап, жауырынынан қағып, есін шығарып жіберді.  Қ.Жұм. *  Тоштаннан кейін үйден үй аралауға кішкентай Көпен шығады. Кәдімгі бізбен бірге оқитын Көпен. Біраз болды, ашыққан соң оқуды тастап кетті. С.Мұратб.

Posted in

ОҚУ ОРНЫ

Білім беру мекемесі. *  Муравьевтің ақылымен Николай тұңғыш ұлы, біздің геройымыз – Александрды Сібірдегі ең жақсы оқу орны саналатын қазақ-орыстардың, офицерлік школасына жіберген.  С.Мұқан.

Posted in

ОҚУ ҚУДЫ

Білім іздеді, ғылым жолына түсті. ~ Басқа жұрт балалары оқу қуған, Біліммен өз жұртының бетін жуған. Ішіп-жеп, босқа жүрсе хайуан малдай, Адамзат жер жүзіне не үшін туған?! М.Жұм. ~ Сізге де, басқаға да жәрдемдесуге мен даярмын ғой, Ақан аға. Әйтпесе несіне оқу қуып алыста тентіреп жүр дейсіз. С.Жүн

Posted in

ОҚТЫ ҚАРДАЙ БОРАТТЫ

Оқ жаудырды, қалың оқтың астында қалдырды. ~ — Үйренбегенге қорқыныш, ол. Үйренген кісіге, аспаннан самолеттер, жерден зеңбіректер оқты қардай боратып жатқанда, солардың жер-көкті талқандағандай даусы, масаның ызыңынан артық әсер бермейді. С.Мұқ.

Posted in

ОҚТЫ ҚАРДАЙ БОРАТТЫ

Оқ жаудырды, қалың оқтың астында қалдырды. ~ — Үйренбегенге қорқыныш, ол. Үйренген кісіге, аспаннан самолеттер, жерден зеңбіректер оқты қардай боратып жатқанда, солардың жер-көкті талқандағандай даусы, масаның ызыңынан артық әсер бермейді. С.Мұқ.