Жек көрінішке толы көзімен ата қарады. ~ — Ары тұр, араласпай. — Жәмеш Мағираның қолын иығынан сілкіп тастады да, жорға Жұмабекке оқты көзін қадады. — Иә, айт, қысқартпасам не істейсің? Шауып аласың ба? Д.Әш. ~ Одан да өткен азап – адамның оқты көзі. Тілерсегімнен тілініп, аспақта асылып тұрғанымда, адам маған оқты көзін қадайды да отырады. Д.Қуат.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОҚТЫ КӨЗІМЕН (АТА) ҚАРАДЫ
Ұнатпай, жек көре көз тастады. ~ Мұқаш басын көтерместен: — Түске таман жібере сал! — деді. Алтынай байына оқты көзімен бір қарап: — Тұрып ыстық суынды ішпеуші ме ең? — деді. Ж.Айм. ~ Сырттың шаруасын мұнтаздай етіп жайлап, қосқа кештетіп кірген Бөкенге төр басында шынтақтай жатқан Жәмеш оқты көзімен ата қарады. Д.Әш. ~ Дулат жақтырмай қалды білем, Василийді оқты көзімен ата қарады. Ол жым болды. А.Алт.
ОҚТЫ КӨЗБЕН (КӨЗІМЕН) АТТЫ
Көзімен атып, жек көре қарады. ~ Наурызбайдың жансыз денесін құшып, іштей егілгенде «Тұр!» – деп ақыра қамшы үйірген төлеңгіт қолы бұл оқты көзбен ата қарағанда сылқ етіп түсіп еді. С.Әб. * — Балаңыздың бәлкім ғашық болған басқа бір дымы бар шығар, — деп Шайым ұры көзін сығырайта жымияды. — Қайдағы ғашық? Былжырамай сен де жайыңа отыр! — деді әкем оны оқты көзімен атып. Н.Сер. * — Жетер, мерзавец! — деді үстелге жақын келіп звонок беріп. Сырттағы екі жандарм кіріп келді. — Екеуі де түрмеге жөнелтілсін! — деді Медведьев, тұтқындарды оқты көзімен атып. М.Дәул.
ОҚТАУДАЙ ТҮЗУ
Түп-түзу, тіп-тік. ~ Тақым қысып белгі берсе, ата жөнелгелі Күреңтөбел де елегізіп алған, бір орнында тықыршып, бұлқынып, оқтаудай түзу аяқтарының болат тұяқтарымен жер тарпиды. С.См. ~ Киімінен бе, бойы аласарып, бала сияқтанып кетіпті. Аяғы оқтаудай түп-түзу. М.Сүн.
ОҚТАУДАЙ ЖҰМЫР (СЕМІЗ)
Қаншырдай қатып жарап тұрған аттың сипаты. ~ Қуып жеттік. Өзіме өзім сенбейтіндеймін. Көтерем дегеніміз оқтаудай жұмыр, семіз торы құнан. С.Шай. ~ Оқтаудай жұмыр тарғыл шіркін керіле атылса, кері қайрылмайтын үшкір жебе ғой … М.Қаб. ~ Әне-міне дегенше оқтаудай жұп-жұмыр күрең қасқасын қара терге сабылтып Бәкібай тура Сәмет екеумізге жетіп келді. С.Ом. ~ Бауырынан жараған оқтаудай семіз аттар құлақтарын қайшылап, есіле аяндайды. Оқта-санда шоқырақтап желдіртіп аламыз. М.Әбдіх.
ОҚТАУДАЙ (БОЛЫП) ЖАРАДЫ
Әбден бабына келді, қаншырдай қатып жарады. ~ Байшуақ та оқтаудай болып жараған тоқпақ жалды торы биенi тебiнiп қалып, ат басын iлгерiлеттi. К.Сег. ~ Күніне бір уақ өзенге апарып, денесін жуып, түгін жылтылдатып, өрістің ен оятына қойса, жайлаудан қайтқанша оқтаудай жарап шыға келмей ме? Д.Әш. ~ «Сенсе – жарылқайды, сезіктенсе – қорқады» көптен бері қызығып жүрген, қызыл етін сыртқа теуіп, оқтаудай боп жараған көк жорғаны Әбілқайыр оған сыйға тартты. І.Ес.
ОҚТАУ ЖҰТҚАНДАЙ
Бойын тіп-тік ұстап, ешкімге иілмей (тұр); кердеңдеп, кеудесін көтеріп (тұр). * Бұлар әсіресе би, сауық кештерде жұтайды. Оқтау жұтқандай тіп-тік тұрысы, қысқа да нақты, қытырлаған құрғақ, тым дұрыс сөздерімен екшеле қалатын. М.Қаб. * «Оқымыстылардың бәрі осқырынып тұра ма, жоқ болмаса, шешесіне тартқан кербез ит пе… оқтау жұтқандай ошырайғаны несі. Үстіңнен домалақ арызды ысқыртып жіберсем Оспанның кім екенін таныр едің бәлем». О.Бөк. * Сәлима Меруертке бұрылып, сыбырлаған болды: «әй, мына қыз оқтау жұтқандай неменеге сіреседі»,— деді. М.Сүн.
ОҚТАЙ ҰШТЫ
Ұшып түсті, оңбай құлады. * Шабысқа әбден төселіп алған көк бесті оқтай ұшып бара жатты. Ә.Шәр. * Ақкүшік бәрібір заулап келеді. Өзендегі сықыры біліне бастаған ағаш көпірден оқтай ұшып өте шыққан. Н.Дәу.
ОҚТАЙ ТҮЗУ (ТУРА)
Мүлтіксіз түзу, тіп-тік. ~ Қалдыбай Бекзатты есіне алды. Бұлардың ауылында бұдан өткен әдемі қыз-келіншек әзірге жоқ. Денесі оқтай түзу. Тумағандығынан ба екен. Н.Дәу. ~ Белағашынан бастап тәртесіне дейін, жақтау ағашының шабақтарына дейін оқтай түзу, оқтаудай жұп-жұмыр. Ә.Әб. ~ Оқтай түзу аллеяға түсісімен, біртебірте тізгіндерін босата берген Ұлан мен Маро ауыздықтарымен алысып келе жатқан ақпа жорғаларды оз еріктеріне жіберді… С.Ғабб. ~ Сейiт қонақ үйi алдында едәуiр уақыт тұрып қалды. Бiресе тау жаққа, бiресе оқтай тура көше бойларына қарады. Р.Рай.
ОҚТАЙ ТИДІ
Ауыр тиді, шаншудай қадалды. ~ Андрейге қол қой деп келгендерге Жауап бермей, аз тұрды қарап жерге. Aқ ісін қара жеңіп кеткендігі, Оңалтпас оқтай тиді қайран ерге. Шәк. ~ Айтқаны атқан оқтай тиетін және жай атылып қоймай омақастыратын Құнанбайдың сөзден ұтылып, беті қайтқан тұстары да болған. Т.Жұрт.
