Өмірге налу, өкіну немесе таң қалу сықылды сезімдерді білдіретін сөз. ~ Сөйткен Ақтамақпен бір– ақ жұмадай дәурен сүрдім. Ой дүние– ай! — деп, Әмірқан ауыр күрсінді де, дыбыссыз қалды. Бетіне қарасам, көзінің жасы парлап тұр екен. Ж.Айм. ~ — Е, кім біліпті иттерді, есек дәмемен әбден қатырды ғой сілемді. Ой, дүние ай, біздің де үй сияқты үйге кіріп, адамша өмір сүретін күніміз болар ма, жоқ па? Ә.Әб. ~ − Айналайын– ай, көрер қызығың әлі бітпеген ғой. − Ой, дүние– ай, талай боздақтар қалды ғой, сөйтіп, қансырап, талай жерде. С.Мұр.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОЙ, БАУЫРЫМ
Жақын адамының қазасына қайғы қосқанда ер азаматтардың айтатын сөзі. ~ Мықтыбай «ой, бауырым» салып, үйге кіріп келіп, Әділді көріп, көрісіп, о да аң-таң болды. Шәк. ~ Өзенімнің тұнығы-ай, Ауыр тиді-ау күйігі-ай. Қуаты еді белімнің Сәулесі еді көзімнің. Айрылған екем, ой, бауырым, – деп кемсеңдейді.. Ғ.Біл.
ОЙ, БАУЫРЫМДАДЫ
Кісісі өлген қаралы үйге ер азаматтардың ат қойып, дауыстап жылап келуі.~ Қанша ғайбаттасақ та, бүгін бет жыртысып жатқан ағасы Шалабай бес жылдан соң дүние салып, «ой, бауырымдай» атап, асына торы шолағын сойып тастайтынын қайдан білсін мұндарлар. О.Бөк. ~ Осы елдің ескіден келе жатқан салты бойынша көңілқос ағайын алыстан, ат үстінен айғайлап жылап, «ой, бауырымдап» шауып келіп, құлай түседі. М.Әу.
ОЙ ШЫРМАУЫНАН ШЫҒА АЛМАДЫ
Мазалап, жанына тыныштық бермеген әлдебір ойдан құтыла алмады. * Мағаш бұндай шақта Әбіштің көңілі қатты бұзылатынын және ұзақ уақыт ауыр ой шырмауынан шыға алмай қалатынын ойлады. М.Әу. * Гауһардың құйы қатты бұзылып, ауыр ой шырмауынан шыға алмады. Т.Рыск. * ~ Нұрбике іске алданса да, ой шырмауынан шыға алмады. Ө.Кәр. ~ Көңілін қажаған ой шырмауынан шыға алмай титықтаған Ахтан ауыл қарасын көргенде қобалжыды. Ө.Кәр.
ОЙ ШЫРМАУЫ
Баурап алған, көңілін алаңдатқан ой ағымы. — Біз кеткелі газеттер сізді сынаған жоқ па?- деді Бағила осы сөзімен бәрін де ой шырмауынан құтқарып. Д.Исаб. * … осы жайларды көз алдынан өткеріп, ой шырмауында келе жатқан Демежан кенет селт етіп, басын көтеріп алды. Қ.Жұм. ~ Мұқиттың сөздері Айназарды саяси ойларға батырды. Әрбір сөздерді,әр пікірлерді тексерді. Мұқит көшір де өзінің ой шырмауына оралғандай тым-тырыс отырып алды. С.Сей. ~ Ерiксiз селт етiп ұйқысынан оянғандай Жапар тез ой шырмауынан адаланып, болар-болмас қана тежегiшке салмақ салды. Ә.Ыб. ~ Биғайша шолақ ой шырмауында отыр. З.Жүк.
ОЙ ШЫРМАДЫ
Әлдебір ой, мәселе көңілін, ақыл-санасын билеп алды. * Басын осы ой шырмап келе жатқан Шыңғыс Абаның Есенейді сипаттауын немқұрайды тыңдады да, сөзінің арты ұзара бастаған соң: – Әй, қоя тұр оны, басқаға көш! – деді. С.Мұқ. * Шиллерді ашты, түзеп шамын; Бірақ басын ой шырмаған; Қайғы жүрек қалғымаған … І.Жанс.
ОЙ ҰШЫҒЫНА ЖЕТПЕДІ (ШЫҒА АЛМАДЫ)
Ойын толық тиянақтай алмады, өресі жетпеді. * Тұңғиық терең ой Үнияның басын тауға да, тасқа да соқты. Бірақ ол ой ұшығына жете алмады. Ә.Шәр. * — Шіркін-ай,– деп өкінеді, – Ертай ой ұшығына жете алмай қасірет құшағында отырып … Е.Мұх. * Бүгін операцияға жатқызамыз дегендерін естіген. «Басқа да пышақ салып жаза ма екен?..» деп Айкүміс осында келгелі ой ұшығына жете алмай жүр. Ғ.Слан. ~ Ол сонда да бай, бүгін, жеткілікті… Айранбай көп ойланды, ой ұшығына шыға алмағанмен де өзінше істеген қорытындысы «кедей еңбегін бай жеген, инспектор сөзі рас…» Б.Майл.
ОЙ ҰШЫНА ЖЕТЕ (ШЫҒА) АЛМАДЫ
Ойын тиянақтай алмады, нақты бір тұжырымға келе алмады.. * Тек жалғыз мен ғанамын ба Ақан өлімін халық құрбаны санайтын?.. Бүркіт ой ұшына жете алмады, Әкпар бөліп кетті … І.Ес. ~ Осылайша ой ұшына жете алмай дал болған күйде ол киіз үйге беттеді. Ә.Әл. * Сыздық отыр ой ұшына шыға алмай, Кім екенін, не болғанын ұға алмай. М.Жұм
ОЙ ҰШЫҒЫ (ҰШЫ)
Ойдың шет-жағасы, нобайы, шегі, шешімі. ~ Әйел заты ер-азаматқа тура қарап тұрып, өзінің ой-пікірін, мүмкіндігін ашық айтуына болады екен-ау деген ой ұшығын кеудеме түсірген де — Сара апамыздың осы айтысы. Ф.Оңғ. * Бірақ сол оғаш сезімді өз бойынан ылғый серпіп тастап та жүретін. Қазірде де бойын серпіп қойып, ой ұшығын жалғап әкетті. Л.Толс. * Өз үйі, өз тойы болған соң ба, ой ұшығын тастады да, әрі қарай үндемей тосыла берді. С.Жүн. * Ли- шансыңның түр әлпетінен, езуінде ұйып қалған күлкіден ар жағында айтылмай жатқан ой ұшығы білінген. Қ.Жұм. . * Тұңғиық аспанның төріне ой көзіңді жүгіртіп, қиялданып кеткеніңді сезбейді екенсің. Әрі- сәрі ой ұшы жеткізбей, тартып ала жөнеді. М.Сүн.
ОЙ ТҮКПІРІНДЕ
Ой, сана түбінде. ~ Құбақан аттың пысқырғаны Хамитке жақпай келеді. «Ат қиналарда, бір тықыр таянғанда пысқырушы еді!» деген сезім Хамиттің ақырын ғана ой түкпірінде қозғалады… С.Сей. ~ Осының бәрін бәйбіше шүберекке түйіп, өзінің сұмдық жинайтын ой түкпіріне тыға берген. І.Жан. ~ Ол мақтаныш белгісі әзірше әке жүзінде де жоқ, шеше жүзінде де жоқ, қыз жүзінде де жоқ. Есенейдің ой түкпірінде ғана бар, күле жүріп күндей жүретін ағайын дейтін адамдарда ғана бар. Ғ.Мүс. ~ Ой түкпірінде бұған біраз шәгі болса да Уәлидің сөзіне сене бергісі келеді. Ондай жақсы жігіт бекер айтпайды ғой. Т.Ахт.
ОЙ ТҮЙДІ
Пікір тиянақтады, ой қорытты; бір ұйғарымға келді. * Айналасы екі жылда өзі, ортасы туралы көп ой түйді, бұрынғы көп түсініктерінің асты-үстіне келді. М.Қаб. * Не жаңалық айтқыңыз келді осымен? Картинаңызды көрген адам қандай ой түймек? C.Шайм. * «Ауылда туып та осындай әйгілі жазушы болуға болады екен-ау!» – деп алғаш ой түйген. Д.Рам.
ОЙ ТҮБІНЕ ЖЕТЕ АЛМАДЫ
Көп ойланып-толғанды, дал болды. * Неше күндей тыншымай, жатып тұрып ойланып, жанып-күйіп сандалып, ой түбіне жете алмай, дертке дәрмен ете алмай, жаны-жүрегі, көңіл-тілегі Қамардың жылы жауабын күтіп жүрген … С.Торы. * Нысанбаев ойланды-ойланды, ой түбіне жете алмады, ақыры: – Бұл сұрақтың жауабы Рысқұлов жолдастың өзі оралған соң табылар, – деді. Ш.Мұрт. * Едіге ойлап-ойлап, ой түбіне жете алмайды, ал бұл кезде разъездің адамдары әлі қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан. Ш.Айт. * Я бәденді бикештің қойнынан жаңа әлгіде өзі шыққанын, я өз қойнынан бәденді бикештің шыққанын біле алмай басы дал. Ойлай-ойлай ой түбіне жете алсыншы. Д.Досж.
