Таң қалыс, үрей, тәубеге шақыру сықылды ерекше көңіл-күйді, сезімді білдіреді. ~ Ауылға кіреберісте ғана бір шоғыр мал көрінді. О, тоба! Ешкісі де, қойы да, сиыры да, жылқысы да — бір шопанның ығында! Мұндайды кім көрген? И.Сап. ~ Шалдарша «О, тоба!» деп бұ фәнидің қызығына таңырқап кексе ойларға бой ұрады. С.Ел.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
О, ЖАСАҒАН
Құдайға табыну, таң қалу ретінде қолданылады. ~ Жолды оңғар, тілекті бер, о, жасаған! Қашсақ та, қусақ тағы сендік саған Болғанда дұшпандар көп, біз әлсізбіз, Сол үшін жүрек қорқақ, үміт шабан. М.Әу. ~ – О, жасаған! Бұл дүние не боп кеткен,– деді Чернов. Ә.Нұрп.
О, ДАРИҒА
Таңданыс, өкініш сықылды ерекше көңіл-күйді білдіреді. ~ Ұшқындай бүгін, лаулармын ертең, Арманның отты қанатын самғай. О, дариға, соны бір көрсең, Бетімнен сүйіп шалқыған айдай! Т.Әл. ~ О, дариға сол бір той, сол тойда өткен таңғажайып күн мен түн… Кəмешпен үшінші көрісу… З.Қаб.
О НЕСІ (ЕКЕН)
Онысы несі, не деп тұр, сөзінің (істеген ісінің) нендей мәнісі бар д.м. ~ – Кет, сайтан, о несі? – деп, апасы қолымен арқаға түртіп қалып отырды. Ж.Айм. ~ Құдасы кеткесін, Шекер қызына доң айбат көрсетіп, ұрысқан болды: «Жеңілсің, баласың, есің жоқ» деді. «О несі екен, кісінің көзінше тарс-тұрс етіп» деді. Ж.Айм. ~ Өлген ештеңеміз жоқ. О несі, тый, кәне, жасыңды, Батсайы. Сенен басқа кісіде туған-туыс жоқ деп пе едің? Ү.Жәл.
О НЕ ДЕГЕНІҢ
Біреудің айтқанымен келіспеу, қарсы дау айту мағынасыда қолданылады. ~ Жұпар. Ойбай-ау, о не дегенің. Теңі болмаса жолай ма бұл заманда. Біз сорлы ғой баяғы, үйіне келгеншe күйеуіміздің жүзін анықтап та көргеніміз жоқ. Қ.Мұх. ~ — Қой, Ботабек, о не дегенің. — Ол әуелі шошын қалып артынан жұмсарды. — Ботабек, сен ұрсуға келдің бе? Н.Сер. ~ — О не дегеніңіз, Николай Васильевич, о не дегеніңіз, қымбаттым, тұрудың керегі не!. Ұстаздығың үшін, қызметің үшін көп рақмет саған, Николай Васильевич! Рақмет саған, қымбаттым! Ә.Нұрш. ~ — О не дегеніңіз, қымбатты Ватсон, әбден қанағаттандым. Әйткенмен, Стэнли Хопкинсті мақтауға аузым бармай түр. А.К-Дойл.
О ЗАМАН ДА БҰ ЗАМАН
Бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жәйт, оқиға туралы. * Бірақ, шырақтарым-ау, адам бойындағы күллі қасиет о заман да бұ заман шен-шекпенмен өлшенетін бе еді?! О.Сәрс. * О заманда бұ заман еркектің қазан-ошаққа жағаласқанын көрсем көзім шықсын. Қ.Ысқ. * Тапқыш екенсіңдер өздерің тауып алыңдар, о несі-ай, сенбейсіңдер ме. Қане есік жабамын, қорадағы қойлар шығып кетеді. Мен тығып отыр деймісің, о несі, о заман да бұ заман! С.Жүн. ~ — Қу шұнақ құдай-ау, о заманда бұ заман бұралқы иттей кезбеге қыз бере салатын мені есуас деп пе едің – ей, сен? П.Дүйс.
О ЖАҚ, БҰ ЖАҒЫ
Айналасы, төңірегі, жан-жағы. ~ Орынборда отырғандар, о жақ, бұ жақтан кез келгендер болмаса, сиезге атын атап шақырған адамдар келмеді. А.Байт. ~ О жақ бұ жағына қарап латын әліббиіне қызығарлық еш нәрсе таба алмаймыз. Латын әліббиін алғанда, келтіретұн пайдасы жоқ болмақ, істейтұн зияны көп болмақ зияны сол – бұл «сау басқа сақина тілеп алуда» болмай ауру үстіне ауру тілеп алу болады. А.Байт.
- Шамалас, қатарлас д.м. ~ Оған енді асықпа. – Саусақтарын бүгіп, есептеуге кірісті. – Біреу, екеу, үшеу… Бір аптаның о жақ, бұ жағы. Оған дейін көлігің де, сен де тыңайып қаласың. Б.Ыбыр. * Егде дегенде, бұл ағайдың жас шамасы да анау екі ағамыздың о жақ бұ жағында шығар-ау, бірақ тым ертерек егде тартқан адам екен … З.Қаб. ~ Оған енді асықпа. – Саусақтарын бүгіп, есептеуге кірісті. – Біреу, екеу, үшеу… Бір аптаның о жақ, бұ жағы. Оған дейін көлігің де, сен де тыңайып қаласың. Ж.Нәж.
О ДҮНИЕГЕ АТТАНДЫ
Өлді, көз жұмды. ~ Бір күні, рамазанның əуелгі жаңаларында Сақып Жамал су безгек болып ауырып, екі күн жатып, ата-бабаларының жолын қуып, о дүниеге аттанып кетті. Ж.Айм. ~ Голощекин өзі құрмет тұтқан Сталин жендеттерінің қолынан о дүниеге аттаныпты, Колбиннің өзі өлгенде бір ит, бір қызы бар екен, иті қаңғырып, қызы шетелге кетіп қалыпты… Б.Тоғ.
О ДҮНИЕ
Бақи дүние. ~ …Сол жылдардан кейін Ждақай мола көрсе айналып өтетін болды, айтпақшы. Үлкен кісілер о дүние туралы әңгіме қозғаса жақтырмай тұрып кететін болды. С.Ел. ~ Ағасындай адамға «сен» деп сөйлеп тұрған ГПУ бастығының «о дүние» деген сөзі құлағына түрпідей тиді. Б.Тоғ.
О ҒЫП, БҰ ҒЫП
Бір амалын тауып, әупірімдеп, өйтіп-бүйтіп. ~ Тап берді қарсы алдынан аю шығып, Болмады айла етерге о ғып, бұғып. Үстіне Шалдың аю қонып қалды, Сорлыны ә дегенше жерге жығып. А.Байт. ~ Амал жоқ, құрттары ирелеңдеген қара суды әбден қайнатып ішіп, о ғып, бұ ғып итшілеп өтуін өтер-ау. Б.Ыбыр. * Орта мектепті о ғып, бұ ғып бітірген Бұлди елдің баласына ұқсап оқу қуып кеткен жоқ, тұтынушылар қоғамы ма, дайындау кеңсесі ме соларды жағалап жүріп, дүкеншіге көмекшілікке кірді, кейін жеке алдына сыра сатты. Н.Дәу. ~ Декан жігітке сұп–суық қолын ұсынды. «Ол жүгермекті о ғып, бұ ғып жасырып ұстай тұр, жоғарымен жұқалап сөйлесермін», – деді. Д.Дос.
