Алғашында, әуелде. ~ Содан кейін дария өлкесінде тың дабыс шықты. Бұл дабыс Түркістан еді. О баста Түркістан кім екенін де ескерген жан болған жоқ, басқа өлген адамдардың аруақтарымен сөйлесіп жүріпті. Ж.Айм. ~ . Кейін оның бәрін ықшамдап, қазірге көлеміне түсірген. О баста бақандай үш сағаттық кино болған деседі. С.Үс.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НЫШАН ТАНЫТТЫ
Ойын, ниетін қас-қабағымен, ишарамен білдірді. ~ Балта шеттеу тұрған ондатр бөрікті адамға жақындап келіп бас изеп амандасқан нышан танытты. С.См. ~ Енді ұябасар‘‘соңымнан ер’’ дегендей нышан танытқан ана қыранға жас қанат бала қыран ере жөнелді. М.Әбдір. ~ Анашым, қалайсыз – деп, жұп-жұқа, қан-сөлсіз алақанын қолына алып, аялай сипаған ұлын көргеніне қуанғаны болар, сәл езу тартып, күлген нышан танытты. АҚ. «Әкем болса…»
НЫШАН ЖОҚ
Еш белгі жоқ. ~ «Шынында да, мынау басы айналған торғай ғой» деп тұр. Ешқандай нышан жоқ. Т.Әл. ~ Оның сол баяғы тұнжыраған қалпы. Суыққа шарпылып қабарытқан бетінде бүлк еткен бір нышан жоқ. Мелмиген де қалған. Ә.Кек. ~ Өмір бойы. Жігіттік алау шағы өтті — үй жоқ. Қарасақал кемел кезі өтті — әлі пәтерде. Енді ақсақалдық кез келді — баспанадан нышан жоқ. Т.Әс.
НЫШАН БІЛДІРДІ
Ықыласын көрсетті, ниетін танытты. ~ Бұл күлді. Екі солдат та көңіл жықпас нышан білдірді, күлген болды. Ә.Тар. ~ Дәурен биіктен күн барында өткен сияқты еді ғой. Киелі үйік ешқандай нышан білдірмеген. Ә.Кек. ~ — Сен де қайдағыны табасың? — деген кейiген нышан бiлдiрiп. — Көңiлсiз келсем, шаршағамын да. — Iшiне қыпыл кiрген соң, аузынан сөзi сенiмсiздеу өрбіді. Ә.Ыб. ~ Ол артық тіл қатпады. Қызға иек қаққандай бір нышан білдірді. Х.Ес. ~ Бұл айтылған сөздердің тасасында тұрған меңзеуді түсінбеген кісі болдым да, капитан Немоға құлағым сізде дегендей нышан білдірдім. Ж.Верн. ~ – Қайдағы жылқы?! Тағы неден жаздым? Батыр-ау, не сұрап отырсыңдар? Тағы да тілімнен жазбаса, игі едім, – деп Сүлеймен Құсайынның көкшіл көзі жыпылық атып, шын түсінбеген нышан білдірді. С.Жүн.
НЫШАН БІЛДІРМЕДІ
Сыр бермеді. ~ Дәурен биіктен күн барында өткен сияқты еді ғой. Киелі үйік ешқандай нышан білдірмеген. Ә.Кек. ~ Рюмкадағы арақты қағып салғанда. бөренедей жуан мойны жыбыр етіп қоймайды. Бет-бейнесі ешқандай қиналған нышан білдірмейді. Арақ емес, жай су ішіп отырғандай. Б.Соқп.
НЫШАН БАЙҚАТПАДЫ (ТАНЫТПАДЫ)
Ойын, пиғылын сездірмеді. ~ Жаратқан ие, тірі әулие, өлі аруақ оның айтқанын теріске шығарған бір де бір нышан байқатқан жоқ. Ә.Кек. ~ Бетiн қайырып тастамаса жуық арада айылын жиып, өз еркiмен тежелетiн нышан байқатпайды. Ә.Ыб.
НЫШАН ТАНЫТПАДЫ
Ішкі ойын, ниетін сездірмеді. ~ Бірақ Сұр аю доқ көрсетуін доғарар түрі жоқ, елдік нышан танытпайды. К.Сег. ~ Хан құптаған да, сақтанған да нышан танытпай салғырт сөйледі. Ә.Кек.
НЫСПЫ (ДА) (НЫСПЫСЫМЕН) ЖОҚ
Ізі де жоқ. ~ Күліп отыр, әзіл етіп отыр-ау деуге тіпті он екіде бір нұсқасы ұқсамайды. Жүзінде күлкінің ныспысы да жоқ. Шынның шыны… М.Әу. ~ Сонымен не керек, сол күннен бастап қашудың жабдығына кірістім. Киім алу үшін ақша керек, ал менде ныспы жоқ. Ә.Әб. ~ Бар малы — астындағы жалғыз аты. Дүние-мүлік деген тіпті ныспысымен жоқ. І.Ес. ~ − Білем… балаларға ертеңге үйде ныспы түк жоқ еді, жұмысқа кетерде соларға қуырып беріп кетсем деп ем… С.Мұр. ~ Күліп отыр, әзіл етіп отыр-ау деуге тіпті он екіде бір нұсқасы ұқсамайды. Жүзінде күлкінің ныспысы да жоқ. Шынның шыны… Т.Әл.
НЫСПЫНДА ЖОҚ
~ Бадырақ көз, сен тимесең мен тимен тәрізді бейбіт мінез оның ныспында жоқ. Мына суреттерді Шыңғысханға көрсетсе бірден түсінер еді». М.Қаб.
НЫСАП САЙЫН БЕРЕКЕ
Қанағат ете білген адамның ісі қайырлы д.м. ~ Міне, енді сол қомағай, қорқаулықтың азарын тартып, түрменің түбін көздеп кетті. Халық «нысап сайын береке» дейді, інім. Бар уақытта адам нысапты болуы тиіс. М.Әу. ~ Беті таза айнадан Көркі қандай жайнаған, Көрімдікті көп алмай Құр қалам ба пайдадан, — дегенде енді ел жалына бастады: — Айналайын Өтепжан, нысап сайын береке. Б.Мом. ~ Ганс сөзін одан әрі жалғады: — Қазағымның жаман мақалы жоқ. Әсіресе, «Нысап сайын береке» дегенін қатты ұнатамын. Уақыт тар, әйтпесе шырқап-ақ кететін тірлік… М.Бай.
НЫСАП ЖОҚ
Тойым, қанағат жоқ. ~ Сонда да көңіл шіркінде нысап жоқ екен ғой. Ә.Кек. ~ Бәйтен біраз жерге дейін үнсіз орып барды да: ─ Мына жеңгең нағыз сылқымның өзі ғой, – деп жымиып Қаратайға қарады. ─ Қой, құрысын, – деді Қаратай ол туралы тіпті тыңдағысы да келмейтінін білдіріп. – Нысап жоқ әйел ғой. Т.Әбд. ~ Нысап жоқ сендерде! Немене, бір қауын атаңның құны ма? Бар, бала, бара бер! – деді ол Жомартты итермелеп. Т. Дәур.
НЫСАП БАР (ЕКЕН)
Ұятты, тойымсыз емес, қанағат ете біледі. ~ Ақ патшадай арыстанмен сыбата бөлісу оңай болып па? Арыстан жылы– жұмсағын өзі жеп, саған шет– пұшпағын, қиқым– сиқымын қалдырса да өкпелей аласын ба? Дегенмен, Ақ патшада нысап бар екен. Қ.Жұм. ~ Ақбөкенді әуелі төртаяқты қасқырлар қырды. Оларда нысап бар екен — бес құралайды құлатып, сонымен тынды. Ш.Мұр. ~ Күріш ботқаның кезінде бұл қолдарда кәдімгідей ұят бар екен… Нысап бар екен… Мына бауырсақ салынған табақтың тұсында ол қолдар нағыз ұятсыз… арсыз екендіктерін дәлелдеп берді. Т.Нұрм.
НЫСАНАҒА АЛДЫ
Көздеді, меже қылды. * Алайда біздің нысанаға алып отырғанымыз бір ғана тәсіл, атап айтсақ, ішкі монолог болғандықтан, өзге тәсілдерге көп көңіл бөле бермейміз. Г.Пір, * Бір ғажабы — ағам жұртқа сылтау айтқанда мені нысанаға алады … Қ.Түм. ~ Шакан етпеттей жатып, он шакты қадам жердегі, жаңа ғана өзі өткен қысаң жолды нысанаға алды. М.Мағ.
