НЫСАНА ЕТТІ

Мақсат тұтты. ~ Нұқ пайғамбар тірліктен үміт үзбейді. Дауыл басылар, топан қайтар, өмір жанданар деп сенеді. Сол сенімді нысана етіп қалқи береді. Б.Мом. ~ Бір кезде нысана ғып қызық үшін ғана атып, інінің аузында домалатып, қарға– құзғынға жем ғып кететін… К.Сег.

НЫСАНА БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)

Біреудің көздеген мақсатына айналды. * Қапса- өзіне қарсы таяқ ұстап келетіндердің санын көбейтеді, қашса — артынан лақтырған тасқа нысана болады. О.Көш. * Қара аспанның қақ төрінде тұрып төңіректі мамық сәулеге бөлеймін, адасқанға нысана боламын. Б.Мом. ~ Қой айдағандар көш басшылардан нысана қылған ойға құлап, қос тіге бере, биік жалдың басына ұбырып–шұбырған тізбек–тізбек көш те көтеріледі–ау ақыры! Ә.Кек.

НЫҚ ТАНЫС

Жақсы білетін, бұрыннан таныс адамға қатысты. ~ Ол Саматпен нық таныс, қымбат бағалы ферманың барлық ісінен толық хабардар еді. М.Әу.

НЫҚ СӨЙЛЕДІ

Сенімді, күмәнсіз айтты. ~ Қара жамылғыны жамылып, жарқ еткізген Карл басын шығарып: «Бір аптадан кейін дайын болады», – деді нық сөйлеп. Қ.Түм. ~ Анау тұрған менің әкем Алданның моласы. Садағаң кетейін, аруақты жақсы адам еді, сол кісінің де шапағаты тиер, -деді Алдар сенімді, нық сөйлеп. Екеуі оның бұл ойымен келісе кетті. П.Дүйс. ~ Данай әпкесі мен оның құрбысынан екі жас кіші болса да ауыл иесінің үлкен ұлының қызымын, бәрін өзім шешемін дегендей нық сөйлейді. Н.Қам.

НЫҚ СЕНІММЕН (АЙТТЫ, СӨЙЛЕДІ, ДЕДІ)

Өз сөзіне еш күмән келтірмей, сенімді дауыспен айтты. ~ Өзі сөзшең. Бір шешілсе, өзгеге сөз бермейді, тек өзі ғана сөйлейді. Айтарын қашанда нық сеніммен батыл, қадап, түйіп айтады. З.Қаб. ~ Биыл, құда қаласа, тәуір өнім алатын жылымыз, — деп Демежанның көңілін орнықтыра нық сеніммен сөйлейді. Қ.Жұм. ~ Қарыс қадым да кері шегінбейміз, жаланып келген жауға қасқайып қарсы шабамыз! Көк Тәңірім бұйыртса, бүгін де жеңіске жетеміз! – деді нық сеніммен. Д.Рам.

НЫҚ БАЙЛАУ (БАЙЛАДЫ, БАЙЛАМ)

Біржола ойланып жасалған, қайтпас шешім туралы. ~ Қарагөз. Сырым, құдай қосса, бұл байлау нық байлау. Енді көңілге күдік кірмес. Бірақ шыдау керек. Бұл ниет бүгін орындалмайды. М.Әу. ~ Содан босана салысымен тұтанған ашу, уланған ойымен өлімге басын нық байлап ап бағанағы мылтықты іздеген еді. М.Әу. ~ Бір жағы реніш, сондай бір болмашы ілгекке болса да ілініп, ызасына қалада қала алатынымды дәлелдейін, болмаса, ары қарай тағы көрермін деген бір нық байламға келіп, шұғыл кірісіп кеттім шаруаға. С.Үс.

НЫҚ (НЫҚ-НЫҚ) БАСТЫ

Еркін, сенімді жүріс туралы. ~ Досқара салбыраған қара дипломатын сығымдай ұстап, әдеттегідей нық басып жұмыстан қайтып келеді. Қ.Түм. ~ Шағын сары ала топ сол нық басқан күйлері кері қайтты. Үш арба қазақ қосынының қасында қала берді. Ә.Кек. ~ Лима жаурынына түсетін қалың шашын серпіп тастады да, тағы да нық– нық басып, өздерінің машинасына таянды. Ә.Тар.

НЫҒЫЗ ҮН

Сенімді, өктем дауыс. ~ Сонымен ол да, Қарашолақты көп сылап отырып, кейiн барып, тұғырына қондырды. – Құс жақсы екен, бiрақ дәл күйiн таппай жүр екенсiңдер! – деп, нығыз үнмен бiр сөз қатып қойды. М.Әу. ~  Екеуі де үнсіз. Сол үн-түнсіз күйі ауыл сыртына әудем жерге апарды да, ақырын, бірақ бет бақтырмайтын қатал нығыз үнмен: − Жеңеше, енді тыныштықпен ың-шыңсыз жөніңді тап! — деді. Ә.Нұрп.

НЫҒЫЗ ҰЙҚЫ

Қалың ұйқы, тұяқ серіппей ұйықтау. ~ Қарап білетін сағаты жоқ, жұлдыз бен айдан шамалайтын, аспанды бұлт жапқан қараңғы түнде, не белгіден шамалағанын кім білсін, төңірегіне айнала қарап аз тұрғаннан кейін: — Әлі ертерек екен; балам, — деді қарт Жандосқа, — таңға әлі нығыз ұйқылық уақыт бар, жат та ұйықта… С.Мұқ.

НЫҒЫЗ СӨЙЛЕДІ

Сенімді дауыспен, әр сөзіне мән бере, ызбарлана сөйлеу. ~ Қалаған уақытында қалаған жағына сапарға аттануға құдiреттерi жетедi. Дайрабайдың нығыз сөйлеп тұрғаны да сондықтан. Ә.Ыб. ~ «Бала қайтеді?» дегендей хатшы шалқая түсіп Елтайға тоқталып қарады. Қарады да, сәл ашына, өз-өзіне сенімді, нақ-нақ, нығыз сөйледі. М.Қаб. ~ — Нығыз сөйлеп, қыр көрсетуіңе қарағанда, көп сұлтанның бірі шығарсың.  Ел менен қара халықтан ірі емессің.  Мен сол көптің өкілімін, тақсыр.  Ал енді айта бер айтарыңды, — деп Қуат қорғалақтамай тік қарады. С.См.