НЫҒЫЗ ОТЫР

Баптана, маңғаздана отыру туралы. ~ Жөнейіттің тұла бойы мұздап кетті; төрде нығыз отыр еді, екі-үш ұмтылып зорға тұрды. Ә.Кек. ~ Ақсұр аттың үстінде қара балшықтан құйып жасағандай нығыз отырған орта бойлы, жауырынды, білінер-білінбес тықыр түк мұрты ғана бар, дөңгелек жалпақ бет, қара жігіт. С.Сей. ~ Түнімен ішкен адам тәрізді емес. Түк болмағандай нығыз отыр. Ө.Кәр. ~ Бағанадан көк қасқаның үстiнде нығыз отырған Қамбар бар сабырынан әп- сәтте айрылғандай, қозғалақтап, жүзi сұрланып, жанарынан ызғар шашты. К.Сег.

НЫҒЫЗ БАСТЫ

Сенімді, маңызды, ауыр жүріс туралы. ~ Мойнына тұңғыш рет қызыл галстук таққан күні үйіне дәл әлгі адамдай нығыз басып, маңдайын жарқырата керіп, кезіне ой жиып келе жатты. З.Қаб. ~ Сұржекей қышқыл түтінді құшырлана сорып теңселіп… хром етікті ырғай басып… зар илетіп біраз жүріп кетті де… әрегірек барып… әскери қимылмен шалт бұрылып кейін қарай… аяғын нығыз басып қайтып келеді. С.Елу. ~ Назарым ортадағы ақ үйде, содан шыққан бес адамның артқысы зор денелі біреу киіз есікті иығымен көтере ашып, нығыз басып маған қарай жүріп келе жатты. Ж.Шәк. ~ Жасамысының үстінде ұзын етек, қызыл былғары пальто. Аз сөйлеп, аяғын нығыз басатын, жатқан бір маңғаз. С.Шайм.

НҰСҚАСЫ ДА ЖОҚ (БОЛМАҒАН, ҚАЛМАҒАН)

Өзі түгілі, ізі де жоқ д.м. ~ Канеллиге жеткен соң бала кезімде әлі нұсқасы да болмаған бір ұзын көшеге түстім және сол бойда-ақ түрлі иіс — вермуттың, өзеннің, жүзім сығындыларының иісі танауымды қытықтап қоя берді. Ч.Пав. ~ Ал бүгінгі Дан? Қалыптасқан имидждің нұсқасы да жоқ. Шаш үлгісі бұзылған, оңған шүберектей ала-құла, саптан жаңылған сарбаздардай шаштары ұзынды-қысқалы ретсіз. «Дара сезім». ~ Ақжігіт төмен қарап сүмірейіп отыр. Алпамсадай тұлғалы жігіттің сымбатынан нұсқасы қалмаған. АҚ «Дара сезім».

Ойлы, мағыналы сөз. ~ – Достоевский психолог қой, – деп бір нұсқалы ой өрбітті. – Бетіне тіктеп бір қараса болғаны, кімнің кім екенін тамыршыдай тап басып, дəл айтып береді екен. З.Қаб. ~ Екі күн мұрсат сұрап тұрмыз.— Шалдың сөзі пысық, өзі қунақ екен. Ол антқор кейбіреудей ұзартқан жоқ, тұжырымды, нұсқалы сөз айтты. Б.Қыд. ~ Біздегі өтпейтін нәрсе Сөз. Абай айтпақшы: “Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын” болғандықтан. Нұсқалы сөз қашанда қысқа, тұспалды сөз қашанда ұзын. И.Сап.

НҰСҚА СӨЗ

Өнегелі сөз. ~ Оны көріп батырлар әбден риза болады. Қайран жеңгең Қаныкей, Нұсқа сөзін бастады: — Қастасып дұшпан жеңбеген, Барса келмес жер деген, Ұрығы қытай ұлы жұрт. Қиын жолға бет алып, Қырандар, шықтың аттанып… Б.Әлімж. («Манас»)

НҰСҚА САЛДЫ (ҚЫЛДЫ)

Үлгі берді, өнеге кеөрсетті. . ~ Осылай бозбалаға салдым нұсқа, Өмірің зайып болар бекер босқа. Көргенің бір күнгідей болмас сірә, Міне ажал, келді наубат деген тұста… Біржан сал. ~ Қолыма қалам алып салдым нұсқа, Жайылар жария сөз бөтен нұсқа. Тірі еткенді құр етпен деген Алла, Өзі нәсіп береді ұшқан құсқа. «Мұңл.-Зарл.» ~ Бағдарын болашақтың нұсқа қылған, Елдігін ұрпағына ұстам қылған, Жалғанға жар салады біз бармыз деп, Түріктің байтақ елі Ыстамбұлдан! Б.Әлімж.

НҰСҚА КӨРГЕН АДАМ

Тәрбиесі бар, өнеге көрген адам. ~ — Мынау білетін, нұсқа көрген адамның ісі емес қой,— дегенге қарасам, ауаткомның хатшысы Нұртас екен. Б.Қыд.

НҰСҚА БЕРДІ (БОЛДЫ)

Үлгі көрсетті. ~ Мен Қашым дүниенің гүлін терген, Аралап талай жұртқа нұсқа берген. Сайраған бұлбұл құстай қызыл тілім, Опасыз бұл дүниеден өтер ерден. Қ.Қожам. ~ Қысқа ғұмыр кешсе де, нұсқа боларлық ерліктер жасап, елге өнеге, ұрпаққа ұран болып қалады. С.Ақт. ~ Атадан қалған асыл сөз, Аманат болған ғасыр сөз, Заман ұқсын, заң ұқсын, Тұтқа болып ұлтына, Тақта отырған хан ұқсын, Нұсқа болып жұртына, Тапта отырған би ұқсын. Б.Әлімж. («Манас»).

НҰРЫ ШАРПЫДЫ

Көзге оттай басылды, қуанышқа бөледі. ~ Бірнеше күн өткесін, Қарлығадай сұлуың Қобландыға келеді, Батырларды көреді. Екі батыр зарланып, Жатқаннан соң байлауда, Кәміл пірі жебеді. Пірлері медет бергесін, Қобландыны көргесін, Нұры шарпып батырдың, Балқыды сұлу денесі. «ҚҚҚ».

НҰРЫ ТАСЫДЫ

Мерейі асты, шаттанды. ~ Дұрыс түсін, мен де ұрынарға қара таппай жүрген адам емеспін. Жақсының жақсылығын айтсаң нұры тасып, жаманның жамандығын айтсаң құты қашатынын да жақсы білемін … С.Им. ~ Әкем үнсіз, қызыл шырайлы, қара торы жүзінің нұры тасып күлімдей береді. Н.Сер. ~ Қыздармен барып көлге шомылдым деп келеді. Нұры тасыған дидарынан мұңтармақ болмашы кірбің де сезілмейді. Ө.Кәр.

НҰРЫ ТАЙМАҒАН

~ Көркінен айрылмаған, күш-қуаты өзінде. * «Қандай көрікті, пәтшағар! Әлі нұры таймаған. Дұрыстап киіндіріп қойса… » деп ойы бұзыла бастаған Мақан алғашқы сесінен айнымай ақырып жіберді. С.Смат. * Апам қуанып кетті, әлі нұры таймаған қара көзі күлімдеп сала берді. Н.Сер. * Байғұс әйел кеше кеште Демежан қазасын естіген сәтте- ақ, қара шашын жайып жіберіп, әлі нұры таймаған ал- қызыл, сұлу жүзін тырнағымен осып, қан жоса еткен. Қ.Жұм. * Сол есіне түссе, бұның кез алдына бетінен нұры таймаған ақ сары әйел тұра қалады. Қолынан талай дәм татқан-ды. Ә.Нұрп. ~ * Орта жастан асқанмен, Ұлбергеннің көзінің өткір нұры тайған жоқ еді. С.Мұқ.