НӘРКЕС КӨЗ (ЖАНАР)

Жаудыраған әдемі, сүйкімді көзқарас. ~ Сұңғыла ақынның сезімтал жүрегі жас келіншектің көкейіндегі наласын жәудіреген нәркес көздерден тап басып ұққан. Ү.Жәл. ~ Асау нәркес көзін аударып- төңкеріп алмас тұяғын асфальтқа қайрады. С.Ел. ~ Танауы ақбөкендей желбіресін, Селеудей жібек жалы селдіресін. Үстіне ер саларда, төңкеріліп, Нәркес кез толып назға, мөлдіресін! Т.Әл. ~ Сыңғырлаған күлкiлерiне, нәзiк үндерiне дейiн айна қатесiз. Аңғары кең нәркес көздерi де тым ұқсас, қою қастары да айнымайды. Ә.Ыб. ~ Бұл жолы да жаудырай қараған нәркес жанар денемді дір еткізді. С.Ғабб. ~ Нәркес жанарынан мүбәрәк жас тамшылары нәуетек кiрпiгiн қуалай алма бетiне сырғыды. Ә.Ыб.

НӘРІ МЕН СӨЛІ

Бар күш-қайраты, құны мен мәні. ~ Түйенің жылға азық қорегі өркешіне, аюдың майы табанына жиналады. Адамның нәрі мен сөлі омырауында. М.Қаб. ~ Өлім — өмірдің сірге жияр қорытындысы. Өмірдің нәрі мен сөлі кейде оның соңғы нүктесінде жатуы да мүмкін. Қ.Жұм. ~ Ол сонда жер бетінің нәрі мен сөлі болған жұмысшы қауыммен бірге екенін мақтана, масаттана, әрі ашына, салтанатпен сезініп, теңіз толқынының ақ жалынан ұстап мінгендей бір хал кешті. Ш.Айт.

НӘРІ ЖОҚ

Татымсыз, құнсыз, қорек болып, күш беріп жарытпайды. ~ Жарықтың, осы шалғынды жердің малы–ай. Қаңқайған сүйегі болмаса, етінің нәрі жоқ. Жесең, аузың су татиды. Ә.Кек. ~ Содан да болар аулашымыз бен академигіміз бірін-бірі жақсы түсінеді. «Жаппай мәдениет» — деп рухани нәрі жоқ, өмірлік проблемалардан ажыратып әктететін ойсыз, әлсіз күлдібадам дайындалатын стандарт продукциялардан аулақпыз. С.См.

НӘРЕСТЕ КӨРМЕДІ

Бала тумады, етегі қанамады. ~ Өз алдына ошақ құрып түтін түтеткенге дейін ауылдың көп жетіміне шапағаты мол төгілді. Бұрынғы әйелінен нәресте көрмеген еді… М.Сүн. ~ — Ерке болдым, қызықты дәурен кештім,— деді Алмаш сөзін сабақтап.— Отызға толғанда он сегіздегі өңім сақталып еді… Тек… нәресте көрмедім. Өзім іштей уайымдағанмен, ешкім кем санамайды, бәйбішенің балалары тегіс апалап тұрады, келіндерімнің етегінен өрбіген сәби түгел менің баурым-да. М.Мағ.

НӘР ТАТПАДЫ

Аузына ештеңе алмады; аш қалды. * Алға баспай, барлық ісі кер кетіп, Нәр тата алмай, күшсіз, әлсіз бүгіліп… М.Жұм. ~ Серкебай үйден атып шығып, өз отауына барып, екі күн қатарынан нәр татпай, өкпелеп жатып алыпты. Ал, сайлауға дайындық қыз–қыз қайнап жатса керек. Б.Мом. * Аузына дән салмай, нәр татпай қойғанына қарап қорқайын деді. Ж.Сам. ~ – Сағынып әзер жүрген шығар, жарығым. Бұл жолы үні бұзылып шықты. Жылады ма, нәр татпағаннан қарны сазып, іші ауырды ма, екі иығы селкілдегендей көрінді. А.Үсей.

НӘР ТАТТЫ

Дәмін алды, жүрек жалғады. ~ Отыз, қырықтай құзғындар — елу басы, Үш жылда, нәр татқаны он бес теңге, Сайлауда шарын салып соны алады Оларға не пайда бар онан өңге… Ә.Найм.

НӘР СЫЗБАДЫ

Аш қалды, дәм татпады. ~ «Күздің ұзақ түні мынау. Қазір алған малмен соқтырып жүріп кетсем, таң атқанша ұзап кетем. Осы жауын ізімді де шаяды. Түк алмай қайтпақпын ба? Қаңғырып жүріп, қадалған жерден нәр сызбай кеткенім бе?» — деді. М.Әу. ~ К.Сег. * Ол кешеден бері нәр сызбағанын да ұмытып, биік шоқының басына ентікпей, жіті басып жеткен. К.Сег. ~ Таң атқалы нәр сызбағаны онсызда белгілі. Құйрық басуға шама қайда, күн қыза балықтың қарасы көбейе түсті білем. Қ.Жиен. ~ Ойбай, Бәкесi, ол не дегенiңiз. Мiне — иман, мiне — жан. Нәр сызбағаныма бiр күн болды. Тiсiме бiр шүрегей тисе, арам қатайын. М.Қан. ~ Екі әжемнің де сүреңі жоқ. Ал Мұратқан әлсіз дауыспен: «Ауырғам жоқ, аштық, апа, аштық қой… – дей берді. – Міне, жеті күннен бері, қара судан басқа нәр сызғам жоқ…» М.Мағ.

НӘР ҚЫЛДЫ

Жүрек жалғады. ~ Үйде кенеу болар тамақ жоқ, арықтан өлген бұзау-торпақтың су татыған жасығы жүректі кесіп, төмен тартады. Жалаң жасықпен жүрсе, әлдеқашан аштан өлер еді. Әйтеуір әбүйір болып, әжесі байғұс тісті бақаланып, қысып-қымтырып жүріп қойдың бір жамбасын сақтаған екен. Күнде сиырға барарда сол майдан ерітіп: «Жүректерің үзіліп кетер», — деп екеуіне екі қасық май ұрттатып жүрді. Күн ұзын соны нәр қылады. Әкесі үйдегі көтеремдерге қораның жамылышын, көр-жерді қағыстырып әперіп, бір мезгіл бел байлау қылсын деп, сиырларға қар астынан қара құмақ аршиды. Ж.Айм.

НӘР ҚАЛМАДЫ

Түк қалмады, мән-мағынасы жойылды. ~ — Иә, бір үйдің де қайғысы қабырғаңды қайыстырады. Алпыс үйдікі не оңдырар! Ата мекеннен ауып барамыз. Ауған елде береке, алжасқан ойда нәр қалмас. Ғ.Мұст.

НӘР ЖҮГІРДІ

НӘР ЖҮГІРДІ Әлденді, бойына қан жүгірді. ~ Тіршіліктің мың бір ұрығы оянған, мың сан тамырға жан бітіп, нәр жүгірген кез. Б.Соқ. ~ Заманында бүкіл дастарқанымыз кеуіп қалған кезде де суы сарқылмай, тіршілігімізге нәр жүгірткен осы самауыр ғой. Д.Әш. ~ Тырнағы сынған сұқ саусағын ауырсына апарып, сипап көрді. Ала көлеңкеде саусағына қан табы жұққанын байқаған. Жалма-жан сорып-сорып алған. Таңдайына нәр жүгіргендей. С.Сағ. ~ Мен солардың атынан сiзге жiберiлген елшi боламын. Жазықсыз жандарға жақсылық етiңiз! Iнiмiзге ылғал, өсiмдiк тамырына нәр жүгiртiңiз. М.Қан.

НӘР ЖИДЫ

Күш-қуатын арттырды. ~ Табиғаттың жауыны мен дауылына төтеп беріп, сусыз, көлеңкесіз бойына нәр жиған шыршаның бітімі таңғажайып сұлу еді. О.Бөк. ~ Актер де гүл қауызынан нәр жинайтын бал арасы тәрізді ғой тәйірі! Қ.Жиен.