НИЕТ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)

Әлдебір жоспар құрып, соған ұмтылды; көңілі, ықыласы ауды. ~ Таң жарығы ұлғайып, үй іші қаракөлеңке жарыққа бет түзеді. Нағима «сахарын» ішіп, жиып, кешке шейін ораза екендігіне ниет етіп бетін сипады. Б.Майл.~ – Мейлі, күнім, мазаңды алмай- ақ қояйын… Бірақ, кесені мына жерге қойдым, ниет етсең ішерсің… Ә.Асқ. ~ Міне осындаймын, бірдеңені шындап ниет етсем, қашан соны бір жайлы етіп тындырмай, еш тыншымаймын. Б.Соқп.

НИЕТ ҚЫЛДЫ

Мақсат тұтты, әлдебір іске бет бұрды. * Бір тамса да, соған тамсын деп, Тұяқ бір шеге
қақса да: «Илаһи ниет қылдым Күнікейдің қалың малын өтемекке…» – деп қағып, тапқан- таянғанын тамызықтап төлей берді, төлей берді. Ж.Айм. * Еті тірі Әсембай дейтін бетке шығары қазақ оқығандарымен танысып, земстуодан пұл алып, енді ауылын ағартуды ниет қылады екен. Ж.Айм. * Арыстан. Сөйлеме олай, сірә да. Қай қазақ ұлы теңім еді? Тайталаста кім жеңіп еді Шектіні!.. Білесің ғой бет берсем, ниет қылсам, ойып түсем ортасын! Қайтады оның, мен келгесін шегінеді былай!.. М.Әу. ~ Қазір сол жерде-ақ зорлыққа көнбей, қашуды ниет қылды. Осы ниетті жаңа ойланып, бекініп болған орайда шабармандар «Осылай тұр!» деп, болысқа тігілген үйге таман кісен іздеп жөнелісті. М.Әу. * — Әй, Найзабай, бұ қай желіккенің? Аппаққыздың жылын беріп болғасын-ақ ниет қылсаң қайтеді. Естіген жұрт к…н ашып күлмей ме, — деген Перне. Қ.Найм. ~ Халқын надандық шырмауынан, бодандық бұғауынан азат етуге ниет қылған Абай адаммен де, заманмен да арпалысып бақты. М.Парх.

НИЕТ БІЛДІРДІ

Ықылас танытты. ~ … жылқышы қонақжай адам екен, ізгі ниет білдіре есендесті. О.Бөк. ~ Шопандыққа баруға ниет білдіргендерден бір бригада құрып, фермаға сол мектептің мұғалимасының өзі бастап апарыпты. М.Сүн. ~ Бірлі- жарымы қалаға заводқа, фабрикаға, құрылысқа барам дегендей батылсыздау ниет білдірсе оны сіз «жолдастарын алдады», «коллективтен бөлінді»,«опасыз» деуден жүз жанбайсыз. М.Сүн.

НӘУМЕЗ ҚАРАДЫ

Өкпелі назармен көз салды. ~ Қазықтағы бұзауын иегіне жастанып, былш–былш күйсеген қасқа сиыр бірдеме дәметті ме, созылып тұрды, керіліп арқасын жазды, күрсініп алып сарыды да сатырлап жапалап, «ал енді қайт дейсің» дегендей иесіне нәумез қарады. Қ.Ыс. ~ Бұтаққа қонып ап, әлденеге мәз болып, қарқылдап отырған бір кәрі қарғаға нәумез қарап отыр ем, «мопед» дегенде денем тоқ соққандай дір ете қалдым. М.Қаб.

НӘУМЕЗ КӨҢІЛ

Риза емес, қапалы, көңілінде нала бар. ~ Сандуғашқа наразы болған жұрт нәумез көңілмен күңкілдесіп бет– бетіне тарай бастады. О.Бөк. ~ Біртін-біртін Елтай көмекші емес, қаладан келген ақ желке, қаратаяқ күйеу баласы екені жетесіне жетті ме, нәумез көңілмен ары бұрылды. М.Қаб. ~ Оны бастайтын ауданнан келетін бір қаршадай қыз көрінеді. алғашында шаруашылықтың бұл бастамасын түсінбеген жұрт: «Немене, сонда шекілдеуік жейтін болдық па», – деп нәумез көңілмен күңкілдескен. О.Бөк.

НӘУМЕЗ БОЛДЫ

Өкпелі, қапалы болды, кеудесіне наз сақтады. ~ Енді, ойлап жатса, он шақты туыстың өзі соңғы кезде аспанның көп– көп қаттылығына нәумез болып, тоң теріс кеткендері бар– ды. О.Бөк. ~ – Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деп, осы ауылда тоқтап бекер әуре болады, – деп, нәумез бола күңкілдесті. О.Бөк. ~ — Оның жөн екен, бауырым, — деді содан соң. — Менікі өзің сонау алыстан, өлім мен оттың ішінен келіп, астына жүйрік ат тигенде тақымың нәумез болмасын деген ғой жай. Сенікі жөн. Ә.Нұрш.

НӘУБЕТ ТӨНДІ

Апат келгелі тұр. * Табиғат-ана мына пендесінің басына нендей нәубет төндіргелі, тексергелі дәт қылды десеңші, бәрі-бәрі бір алладан. Д.Досж. ~ Қазақ киелі аң деп санайтын ақбөкендерге тағы да нәубет төнді. БАҚ.

НӘУБЕТ КЕЛДІ

Үлкен апат келді, ауыртпалық түсті, ажал тақады. ~ Бұл сөзді кінә қылды Садуақасқа, Олар өтті, кім шығар жан жолдасқа?! Садуақас бұл халмен өтіп кетті, Енді нәубет келеді өңкей жасқа! М.Ж.Көп. ~ Жер бетінде бұл кезде әлденеше ел, әлденеше патша әулеті ауысады. Содан соң халыққа сұмдық нәубет келеді. Т.Әс. * Қатарлас тең құрбының бәрі кетіп, Ойласам енді маған нәубет келді. С.А.

НӘСІП ЕТТІ (ЕТСІН, ЕТСЕ, ҚЫЛСА, БОЛСА)

Құдай бұйыртты. ~ Бір жасап, екі жасап, Әзім өсті, Сонан соң медресеге барып түсті. Аз жылда жақсы ғылым нәсіп етіп, Жас жігіт жүзі нұрлы, көңлі масты. Абай. ~ — Қореке,— деді екінші бүйірден атын тебіне түскен Сүлеймен мүсіркеп,— ендігі қалған жасыңызға Құлагердің бәйгесін нәсіп етіп қайтесіз. Соның алатын бір үйір жылқысын өзім-ақ берейін. С.Жүн.

Алла жазса д.м. ~ Алла Тағала сол мол еншімізді ұрпақтарымыздың езуінен көруге нәсіп етсін! Ж.Шәк. ~ Үміт пен күдік аралас көңілі алабұртып, айналаға жалтақ-жалтақ қарап, «иә, Құдайым, нәсіп ете гөр!» деп жалбарынады. Т.Сәу. ~ Әйелі алды дағы аз ойланып, Жүніске бермек болды амал тауып. “Мен саған көрсетейін шығар жолды, Құдайым нәсіп етсе болмас қауіп”. БС «Жүніс жетім.» Орайы түссе, Алла бұйыртса. ~ Нәсіп қылса, бұл өңір бая қуған малшы байитын, тіпті қора түбіндегі ақсақ тоқтыға дейін қысыр қалмас берекелі жер екенін ұзақ әңгіме етісті. Ә.Асқ. ~ Ол енді болашақ жарын да, нәсіп болса, дүниеге келетін тұңғыш перзентін де көрмейді. С.Омар.

НӘСІП БОЛДЫ

Бұйырды, маңдайына жазылды. ~ Айман. Қырсық жол, ауыр күндер бізге нәсіп болды. Дүлей жау мерейі асып, құтырып тұр. М.Әу. ~ Жүрер жолында қабаған ит жатқандай, бағдарын тосын өзгертіп, нәсіп болған несібелі сұлулықты сол арадан тамашаламаққа, бетін сәл жоғарыдан бұлтиған тайлақтың өркешіндей сопақ төбешікке туралап, төтелете тартты. С.Үс.

НӘСІП БОЛМАДЫ

Орайы келмеді, бұйырмады. ~ Үлкендер үнемі айта беретін «нәсіп болмаған» деген осы шығар, бұдан ары тосуға уақытым болмады. С.Үс.

НӘСІП АЙДАДЫ

Тағдырдың айдауымен д.м. ~ Сөзіңіздің пайыз-бағдарынан мақұрым тұрмыз. Несібеміз сол жақтан болса, нәсіп айдаса барармыз. Б.Қыд. ~ Бұлар көшкелі де жиырма жыл өтіпті, бұларды нәсіп айдаған жаққа қарай жер-ананың өзінің аунап түскеніне де табаны күректей жиырма жыл толыпты … В.Рас. ~ Әзімбайдың ауылында Мейман болып жатырмыз, Көп күндер өтті арадан. Нәсіп айдап бұл жаққа, Шығып едік қаладан. «Қамбар б.»