НЕСІБЕДЕН ҚАҒЫЛДЫ

НЕСІБЕДЕН ҚАҒЫЛДЫ Олжадан, ырзықтан айрылды. * – «Міне, бәлсініп едің, көрдің бе, біз ешкімге жалынбаймыз. Несібеден қағылған өзің!» дегендей Зухраға нос көрсетіп, саудагер көзбен маңғаздана бір қарап қойды. Т.Сәу. * Бір жылы біздің ауылдан барған көмекшілердің сәбізге жаудай тигені сонша, несібеден қағылған қошқарлардың күйекке халі келмей, саулықтардың көбі қысыр қалып … Т.Сәу.

НЕСІБЕ ТАУСЫЛДЫ

Жарығы, дәм-тұзы таусылды, ажалы таянды. ~ Ырыздық, несібе таусылған күні бәріміз де көз жұмамыз. Құдай өзі берген жанын өзі алады, не істейсің оған. Т.Әб. ~ Адам адамнан қорқа ма? Қорықпайды. Адам Алладан ғана қорқады. Егер Алланың ырыздық несібесі таусылып тұрса, қашқанмен құтылмайсың. Ж.Шәк.

НЕСІБЕ ІЗДЕДІ

Ризығын, дәм-тұзын таппаққа әрекет етті. ~ Тек адам тұрағынан несібе іздеген, таяу манда ағаш басына қонақтап, камыс түбіне қорғалап, берекесіз шықылықтаған сауысқан үні ғана тыныштықты бұзғандай. М.Мағ. ~ Бірде қырға көтеріледі, бірде ойға түседі, әр бұтаның түбінен несібе іздеп, әжептәуір жерді Шиырлап шығады да, ары қарай асады. М.Мағ.

НЕСІ СӨКЕТ?

Ұят боларлықтай, жөнсіз, орынсыз көрінетіндей ештеңесі жоқ. * Ал жастардың бар сұрағаны — мейлі бір бөлмелі, әйтеуір баспана. Бұның несі сөкет? Т.Әсем. * Анау Ақшоқының ар жағында жер қайысқан ел бар дейді, сол туралы сұраса, несі сөкет. О.Бөк.

НЕСІ ҚЫЗЫҚ?

НЕСІ ҚЫЗЫҚ?! Ұнамды, адам қызықтырар ештеңесі жоқ. ~ — Олай боп жасасам, мен өмірді тәтті көрмей-ақ қояр едім, — деді Айбарша, — өзің еркін араласып қызығын көрмеген өмірдің несі қызық. С.Мұқ. ~ Бұл араның қарсыз қысы қары қалың, жерден әлдеқайда ызғарлы… Жазы алауланған аңызақ, жаңбыры керексіз кезде жауады… Несі қызықты осылардың?.. Ешнәрсесі де емес… С.Мұқ. * Апырмай, тұяғыңды басады, атыңды жалпақ жұртқа жаяды деп үмыттенген ұрпағың енді он жыл, он бес жыл өткенде де өзіне ұқсап күйбеңдеп тары ексе, түйе сауса – несі қызық?! Д.Досж. ~ Ендігісі ше? Мына Сәнжанды қай ұшыққа шығармақ, қол ұстасып тентірегеннің несі қызық. К.Жүн.

НЕСІ ӘБЕС

Онда тұрған не бар д.м. ~ — Жасырсаң да белгілі. Құдай біледі осы малдың жартысы болысекеңдікі шығар. ~ Ал болысекеңдікі! Оның несі әбес екен! Жемесе болыс бола ма, тоймаса қарын шыға ма? Біздің апиын жасырып жемейді. Осылай көзіңді бақырайтып қойып жейді. Қайтесін?! Ғ.Мұст.

НЕСІ БАР (ЕКЕН)?

Онда тұрған не бар? ~ Жұғымды ғана, биялайға жуық кісі тəрізді. Несі бар? Бұрынғы қатыны да пəлен алма мойын, аршын төс кісі емес- ті. Ж.Айм. ~ Шаш ағарса несі бар? Төзесің де. Себебі көп, әрине, сезесің бе? Көзім жеткен биікке өзім жетпей. Жүрегімнің жылаған кезі есімде. К.Ахм. ~ Мектепте екі класс төмен оқыған еді. – Е, несі бар екен? Біреудің алақанына салып, әлпештеп отырған қызы. Т.Нұрм.

НЕСІ АРТЫҚ

Не айырмасы, не артықтығы бар д.м. ~ Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Абай. ~ Ал енді төрткүл дүниені дөңгеленткен Американың алпауыт байларының қазақтан несі артық? Ж.Аяз.

НЕСІ АЙЫП, НЕСІ ШАМ?

Онда тұрған не бар: не айыбы, не ұяты бар? * – Сіз де құрсаулы қара бурадай қарсы қарап шабынбаңыз… «Ата-анаң бар ма дегенім – жал-құйрығың сай ма дегенім», жөн сұрағанның несі айып, несі шам? – деп көзі қанталаған Нәзірхан сарт-сұрт шыға жөнелді. О.Бөк.

НЕҢДІ АЛДЫМ

Менің не кінәм бар, неге өштенесің д.м. ~ Алжыды деп ел де айтты, Дін бұзды деп молда айтты, Ескішіл деп ол да айтты, Жалғыз қал дым жалаңаш. Бәрің кеттің, мен қалдым, Неңді жұттым, неңді алдым? Шәк. ~ «Қу құдай, бар болсаң, естір ме едің? Неңді алып едім, менде не әкеңнің құны бар еді?! » — деп бастайды, содан әй кетеді, әй кетеді… Ә.Тар.