НЕШЕ АТАСЫНАН (БЕРІ)

Баяғыдан бері, атам заманнан. * – Құдай-ау, неткен көк мылжың? «Илалламен» жер өлшеу неше атасынан қалды екен мұның. Оны әрі айтып, әрі санау неткен бейнет? Не деген мылжың тауандылық? — деп ойлаған. М.Әу. * … міне, соңғы неше атасынан бері қыспақ керіп келе жатқан, үлкен ұлдары жазыксыздан жалаға ұшырап, Сібір айдалған, өмір заңы, табиғат заңы бойынша біздің нәсіл, біздің жұртты жек көруге тиіс Сыпатай мырза мен Зербала бәйбішеге қарап отырып, мен ата-ана дейтін сорлы жұрттың көңіл күйін, жан сырын ұққандай едім. М.Мағ. * Хожанияздың тегі кім екенін білген жан жоқ. Хиуада неше атасынан бері тұрады. З.Шүк.

НЕШЕ АТАСЫ

Түр-түрі, қилы-қилысы д.м. * … күнә-сұмдықты білмейтін ақ жүрегі арамдықтың неше атасын біліп, бұрынғы қыз басы қатын боп қалған тәрізді: бұл былғанған дененің кірі, жанның күнәсі өмірі тазармайтын тәрізді. Ж.Айм. * Мінезі момын қойшының бойындағы бір қасиеті аса ертегішіл. Ертегінің неше атасын біледі. С.Жүн. * Әлдiнiң әлсiзге жасаған зорлығының да неше атасымен кездескен. К.Сег. * Әрине, министр болған соң ол шіренбей кім шіренсін. Екі қолын арқасына айқастырып, маңғол бетіне маңғаздықтың неше атасын қондырып алған. Т.Сәу. * Құбылдан туған тағы екі інісі бар.Ержан – қақпаншы. Үйінде қақпанның неше атасы бар. Ү.Жәл. * Сөйтсем, жарымес бәтшағар ары жұлқылап-бері жұлқылап оята алмаған соң, қорыл мен шұрылдың неше атасын ойнатып, музыкалатып жатқан мұрынымды қысып, аузымды баса қойған екен ғой. Т.Сәу.

НЕШЕ АЛУАН

Сан түрлі. ~ Қайығымды көре алмаймын. Қайығыма біреу мінгелі жатқан іспетті. Қалың тұман қаптаған өзен бетінде жан шошырлық неше алуан мақұлұқ жан-жағымнан анталап ұшып жүрген іспетті. Шеке тамырым солқ-солқ етіп, жүрегім аттай тулады. Тұншықтым, басым айналды. Өзеннен малтып шыққым келді. Ж.Айм. ~ Ол мынау ақ үйдің неше алуан сырлармен сырланған тор көз керегесін екі жыл істеген. Ғ.Мұст. * … біріне-бірі құмарта қарап, сыңқылдасқан әдемі дауыстар неше алуан құбылысқа еніп, барар бағдарын белгілеп те алғандай еді. Ғ.Слан.

НЕСІП БОЛДЫ

НЕСІП БОЛДЫ

Маңдайына жазылды. ~ Адам өмірінде табиғаттың қандай тамаша, қандай ғажап түрін көруге несіп болса, сондай ғажап сүгірет жарқ етіп көзіме көрінеді. Ж.Айм. ~ Көп халайық келеді алдарына Малын айтып келеді хақ жолына. «Қайсымызға бұл несіп болады?» — деп, Ерлер қарсы келеді таңдауына. М.-Ж.Көп.

НЕСІП БОЛМАДЫ

Жолы болмады, әлдебір істің орайы келмеді, үміті ақталмады. ~ Бірақ қалыңдықтың қызығын көрісу Сүлейге жуырда несіп болмады: мынадай қырсыққа ұшырады. Ж.Айм. ~ Сүлей барады. Қонады. Қыз əкесі қызғаншақ адам екен. Сезіктеніп сақалы қаудиып отырып алады. Қызды көру Сүлейге несіп болмайды. Жолдастары көреді. Сүлейді есіктен сығалап, қыз көріп ұнатады. Ж.Айм.

НЕСІНЕ ЖЕТІСЕДІ

Неге мәз болады, қуанатындай не бар д.м. ~ Қалай дойбы ойнайды? Жарайды, тасын біреу қозғап беріп тұрсын. Сонда несіне жетісіп ойнайды? Тамақты қалай ішеді, киімді қалай киеді?.. Не тірлік, не өмір! М.Мағ. ~ Бір кезде Бақыттың екі көзі жарқ етті. Ыржиып бұған қарайды, көзі сығырайып. «Мынау несіне жетісіп мәз болады?» дегендей, Сұлтанбек жақтырмай, адырая қарады. З.Жәк.

НЕСІН ЖАСЫРАЙЫН

Шынымды айтсам д.м. * Міне, сол Төлжан мына мен келе жатқан қалада тұрады. Несін жасырайын, тіпті осы қалаға келе жатқаныма қуанып та қалдым. С.Шайм. * Алайда, несін жасырайын, «жуастан жуан шығады» деген рас, бұл «мезгілсіз» кейде менің төбемнен табаныма дейінгі қан қысымымды қаңғытып жібере жаздайды. Ғ.Қаб. * Бұл әңгімені саған мен жеткізер деп олардың ешқайсысы ойламайды. Несін жасырайын, өзің де білесің, мен ағамды жек көрмеймін. Жетім өстік. Мені адам қылған сол кісі. Т.Әбд.

НЕСІН АЙТАСЫҢ

Айтып-айтпай не керек; не десең де, қалай болғанда да. ~ — Несін айтасың!.. Айтпақшы «ЗАГС» дегеннен шығады-ау. Жазылуға барсақ, баяғы менің бетімді ашатын қара мұрт орыс сонда қызмет қылады екен. Ж.Айм. ~ — Шіркін-ай, алдымыздан бір тегене қымыз қашар ма еді? – деп Жексен тағы сөйледі. — Əй, несін айтасың! Алдымен сен ұмтылар едің. — Сендер де ақыларыңды жібермессің… Тоқта, əуелі кімге жол берер едіңдер? – деді Жексен. Ж.Айм. ~ Ей, несін айтасың, жер сұлулығы, табиғат әсемдігі өткінші емес. Бірдің ғана қызығы болған сұлулық та емес, мың-мың жылдар бойы миллиондардың көз жанарын нұрға толтырып келеді емес пе! С.Бақ. ~ Вокзалдың асханасында бұршақтан істелген буы бұрқыраған, әрі ыстық, әрі қою көже бар екен. Екі-екі сыбағадан алып ішіп, несін айтасың бір жетістік. Өмірі мұндай дәмді тамақ ішіп көрмеген тәріздіміз. Б.Соқ. ~ — Ой, жеңеше-ай, біліп тұрып, несін айтасың? — Бригадир қинала қылқа мойын басын шайқап қойды. — Аталықтың Сүлеймені кесел ғой. Ш.Мұрт.

НЕСІБЕСІНЕ БҰЙЫРДЫ

Нәсіп болды, маңдайына жазылды, қолына тиді. ~ Жан- жағында біреуі етегіңе, біреуі жеңіңе жармасып, тұмсықтарын қорс- қорс тартып өңшең қара домалақ толып жүрсе, тапқан- таянғанын солардың несібесіне бұйырса, жаман айтпай жақсы жоқ, ертең о дүниелік боп кеткенде де, бабамыз еді- ау деп басына топырлап, бір- бір уыс топырақ салса, бағыңның жанғаны емей немене. Ә.Кек. ~ Табиғат жоқшылары жылы төсегін қимай жатқан таң алагеуімде- ақ Мерген өз несібесіне бұйырған дала ырыздығының бірін жығып тастайды да, етін үңгіріне жеткізіп боршалап тастап, асықпай тұздап отырар еді. К.Сег.

НЕСІБЕСІН ТҮЗДЕН ТАПТЫ

Аңшылықпен күн көрді. ~ Хабар- ошар ала алса, құба- құп. Онда елге қосылғандай елеңдеп қалады. Бірақ, несібесін түзден тапқан аңшы болғасын көпшіліктен саяқ жүреді. Себебі түз аңы үркек. Дабыр- дұбырды, шаң- шұңды жаратпайды. Ү.Жәл.

НЕСІБЕСІН ТЕРІП ЖЕДІ

Тер төгіп, жанын салып күнін көрді, тіршілік жасады. ~ Тауыққа шашқан тарыдай, таланына біткен там–түм несібесін теріп жеп, осы дүниеде о да тірлік кешіп жүр. Ә.Нұрп. ~ Оқасы жоқ, мен де осы өңірде тірі жанға жалтақтамай, жалынбай өз несібесін теріп– жеп жүрген ағаңмын. Қ.Жиен. ~ Оның бар тілегі: мынау қоңыр- төбел тірлігінің бұзылмауы, аспанын бұлт торламауы, бейбіт болуы, тапқаны жұтқанына жетуі, ешкімге көз алартпай, ешкімнің көз алартқанын да көрмей екі ұлын екі үй ғып шығарып, жарық дүниенің маңдайға жазған ырыс- несібесін теріп жеу еді. С.См. ~ – Өзің білесің, балаларымның баласы, тіпті олардың немерелері де бар. Қыздарым да сондай күйлі–қуатты, тату–тәтті, тиісті несібесін теріп жүріп жатыр. Ж.Аяз.