НЕҢ (НЕСІ) КЕТТІ

Неге қиналасың, саған еш ауырлық түспейді ғой д.м. ~ Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Абай. ~ «Саған келер зиян, мойныңа түсер ауыртпалық жоқ қой» д.м. * – Мұның өзі серім ғой, Қамал бұзған ерім ғой. Тіленші би, нең кетті, Еркелеткен өзім ғой. «Жәнібек б». * Қыз болса, тегі, жамандық ойлау керек пе? Тіпті, сондай болған күннің өзінде, «байдың малын байқұс қызғанып», сенің нең кетті? Қайта, «жарайсың, Бәке, шайқа!» демейсің бе! Т.Сәу. * Қойса қойсын-ау, жууын айтсайшы. Өзін шинелімен қойыпты, қатпар-қатпарына тұрған шаңды кетіру құдайдың бір азабы. — Оған нең кетті, суды шашасың да кетесің. Д.Ис.

НЕНІҢ ПАРҚЫН БІЛЕДІ

Ештеңе түсінбейді, ештеңенің құнын білмейді. ~ Қанша десе де, баланың аты бала. Ол кезде бұлар ненің парқын білген. Ә.Нұрп. ~ — Әу, Мәке! Қайтесің баланың сөзіне бола бүлініп. Адам сыйлап көрмеген шіркіндер ненің парқын білуші еді. С.См.

НЕНІҢ ҚҰРМЕТІ?

Не үшін, нендей себеп? * — Жайшылық па, Бәке? Бұл ненің құрметі… — Қазақта «ерулік» деген болады екен ғой. Яғни бұрын отырғандар кейін келген көршіні қонаққа шақырып, дәм татырады екен. Мен — дурак соны бүгінге дейін ұмытып жүріппін…Қ.Жұм. * Бұл ненің құрметі деген сұрақтарға: «Бүгін католик шіркеуінің ашық есік күні» деген жауаптар алыпты. БАҚ

НЕНІҢ БЕЛГІСІ

Мұнда не мән жатыр, не мағына бар. ~ Төле: – Бұл ненің белгісі?» – дегенде, бәйбіше: – «Түбінде билеген еліңді осылай сапырып быт-шытын шығарармын», – дегені, ол енді осы кеткеннен оралмайды», – дейді. С.Мұқ. ~ Бір қызға — бір қапшық хат! Ал, туған інісі Ержанға екі айда бір-ақ хат жазады. Онда да «Амансыңдар ма, аманмын, аман болайық»… Бұл не сонда, ненің белгісі? М.Қаб. ~ Табиғаттың да, оның ең ғажайып туындысы адамның да ашық, жайдары болғанына не жетсін. Жүрегім асау аттай тулап, атқақтай соққаны несі? Сезімім алдамаушы еді, бұл ненің белгісі?.. С.Досан. ~ Өз ойынан өзі қашып, тез тұрып кетті де, киіміне қол салды. Келіншегі мен телефон таныс бикешті салыстырғаны неткені? Және ненің белгісі? М.Қаб.

НЕНІҢ АҚЫСЫНА

Не үшін д.м. ~ «Сіздер ұттыңыздар, біз тақыр мұзға отырдық. Енді оқиғаның ізі суымай тұрып, осының бәрін полицияға хабарлай қойыңыздар» депті. «Ненің ақысына?» М.Қаб. ~ Қ а д ы р ж а н. Ay, Қаламүшпісің? Амансың ба, айналайын. Бері келші, маңдайыңнан иіскейін. Қ а л а м ү ш. Иә, ол ненің ақысына. Мені бір бала деп пе едің. Т.Ах.

НЕНІ БОЛСЫН

Не нәрсенің бәрін. ~ Бүгіннен бастап сол жалпақ шешейлікпен хош айтысып, беті — жүзің демей нені болсын тура айтуға белімді бекем байлап отыр едім. Сол серттің үстіне сен келдің. Ренжіме, — деді. С.Шай. ~ …сөйтіп жүріп кәс жалқау да, кежегесі кері тартқан ынжық та бола білетін, ниеті түссе үй шаруасын да, қоғам шаруасын да қопарып тастайтын, зауқы түспесе апталап сұлап жатып алатын, ерекше алғыр, нені болса тез ұғатын, нені болсын тез шешетін… Ә.Тар.

НЕМКЕТТІ ҚАРАДЫ

Тиісті мән бермеді, ат үсті қарады. * – Бірақ,- деді Мұрат жарқ еткен найзағай отына немкетті қарап, – ол қыз не ойласа, оны ойласын, қорласын, мазақ қылсын мейлі… Менің көңілім баяғыша… Т.Әбд. * … «мемлекет ісіне олақ, немкетті қараған», «сый-сияпатты алуды ғана білетін» Үгіл-Қаймыш–Үгедей қағанның өсиеті бойынша немересі Шіремұрынды қағандыққа дайындады. Т.Жұрт.

НЕМЕРЕ СҮЙДІ

Немерелі болды, немере қызығын көрді. ~ — Е, сен де немере сүйдім де. Қайран, уақыт-ай. Ой, жүйріксің-ау. Таңдану да қиын. Менің немеремнің үлкені қазір тоғыз оқиды. Болар-болар… М.Сүн. ~ Шешең көзі тірісінде ұлын ұяға, қызын қия ға қондырды. Үбірлі-шүбірлі, немере сүйді. Д.Әш.

НЕМЕРЕ СҮЙДІРДІ

Немере сыйлады. ~ Сен маған өмір берген дүниедегі ең қымбаттым едің. Келін түсіріп, қызығын да көрсете алмадым. Немере сүйдіріп, мауқыңды да бастыра алмадым. Б.Мом. ~ — Е-е, өлер бала өлді… Құдайдың жазғанына не істейміз. Бәрінен де жанға батқаны бір немере сүйдірмей кеткені. Т.Әб.

НЕМ (НЕҢ) КЕТЕДІ

Онда тұрған не бар. ~ — Оған нең кетті, суды шашасың да кетесің. — Нем кетуші еді, уақытым кетеді. Бұл үшін совхоз директоры маған бір тиын да төлемейді. Д.Иса. ~ Горчаковтың осы бір адуынды тік жауабы Қоңырқұлжаға ұнаған. «Өз басымды хан етсе, мейлі, қара қазақты пісіріп жесін. Одан менің нем кетеді? Ал сонда…» І.Ес.

НЕКЕН САЯҚ

1Көп емес, санаулы ғана. ~ Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ, Болады осындай қыз некен-саяқ. Піскен алма секілді тәтті қызды Боламын да тұрамын көргендей-ақ. Абай. ~ Кейбір вагонның алдында ғана терезеге қарап ымдасып тұрған некен саяқ шығарып салушы бар. Т.Әл. ~ Құмдағы отырықшы ел некен-саяқ Серiнi көрген емес бөтен санап. К.Мыр.

  1. Сирек, ілуде біреу. ~ Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ, Болады осындай қыз некен-саяқ. Піскен алма секілді тәтті қызды
    Боламын да тұрамын көргендей-ақ. Абай. * Қара қазақтың баласына беретін тағылымы белгілі. «өтірік айтпа, қиянат қыл-ма,
    адал бол, ақжүрек бол, өзің үшін оқыма, мен үшін де оқыма, үлтыңа қызмет қылып, пайда тигізу үшін оқы! » деп үйреткен
    қазақ некен-саяқ шығар. Ж.Айм. * Ымырт меңдеп, қараңғы түседі. Жын-перілер жайлаған түн баласында лашықтан шығып,
    қам ойлайтын тірі жан некен-саяқ. Т.Әбд.