НЕ КЕЛЕР-КЕТЕРІ БАР Бәрібір емес пе д.м. ~ Өкпелеп қалдыңыз ба, маған ұрысқан жоқпысыз. Мен сізді таяқтағым келді. Бір ауыз сөзімді көтере алмағаныңызға налыдым. Расында да, не келер-кетері бар еді. Қ.Қази. ~ … қыз көңіліне көлеңке түсірдім бе, осы екі арасын айыра алмай, дел-сал болып біраз жаттым. «Саған оның не келер-кетері бар?». Әрине, жатқа айтылатын лебіз. Қ.Қази.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НЕ ІШЕЙІН, НЕ КИЕЙІН (НЕ КИЕМ, НЕ ІШЕМ) ДЕМЕДІ
Тұрмысы жақсы, ештеңеге мұқтаж емес. ~ Бұл, екі ауылдың үйлерінің ішкі-сыртқы көріністерінің біріне-бірі қарама-қарсы тұруынан ғана емес, соларды мекендейтін адамдардың тұрмыс салтында да біріне-бірі қарама-қарсы болуынан: ордада «не киейін, не ішейін, не мінейін» жоқ, бұлардың, бәрі де қажетті мөлшерден асып төгіліп жатыр, ал қарашы ауылдағы үйлерде, бұлардың бәрі де жетпейді… С.Мұқ. * Жасынан не ішейін, не киейін демей, ерке өскен ашық мінезді, ақ жарқын Ақбөпенің көңілі бұл кезде жаси қалады. С.Жүн.
НЕ КИЕМ, НЕ ІШЕМ ДЕМЕДІ
Күнкөрісі жаман болмады; ештеңеге зәру болған жоқ. * Шешем пысық әйел еді. Төрт кластық сауатымен үлкен дүкен ұстап тұрды.«Бұл жерге келгесін несібеміз жаман болған жоқ. Не ішем, не кием демедік» деп отыратын апам байғұс. Ү.Жәл. * — Мынау молаңды бағып қашанғы отырам! Менің дүкенде істегенімнен зиян көрдің бе? Не кием, не ішем демейсің… М.Сүнд.
НЕ ІСТЕРІН БІЛМЕДІ
Шарасыздық танытты, абдырап қалды. ~ – Кел, көтердік, — деді не істерін білмеген Ғазиз құюлы тұрған сыраны аузына тақап. Б.Бұл. ~ Ақырын жылжып зиратты айналып өте беріп, әйелдің екі иығы бүлкілдеп жылап отырғанын байқап, тоқтады. Тоқтап не істерін білмей толқып тұрды. С.Ел. ~ Аяқ астынан не істерін білмей абдырап қалған Құлтай мәселенің дәл осыншалықты дәрежеде ұшынарын күтпеген еді. С.Ас.
НЕ ІСТЕР ДЕЙСІҢ
Әлдебіреуден қорқатындай ештеме жоқ д.м. ~ Лаж жоқ, апам екеуміз үйге қайттық. − Жарайды енді, не істер дейсің, біраз қорқытар да қояр,– деді апам жол бойы өзін– өзі жұбатқандай. С.Мұр. ~ ― Абай болайық, жаңағы жігіт тегін емес, мен көзінен байқадым, тура жүліктен аумайды, ― деп сыбырлады. ― Қалың елдің ішінде не істер дейсің… Қ.Қази.
НЕ ЗОРЫҚ
Несін айтасың. ~ Қашайын деп тұрған қоянға «тәйт» деген соң, не зорық? Мәтел. * … әлгі келгендері Құдайға қараған, жөн-жосықты білетін ұяты бар ақсақалдар еді, сөзге тоқтап, «шынында ауру баланы ендігі қинағандары жөн болмас, сенде не зорық, байекеңе ұғындырармыз» деп оралып еді, тағы біреулер шабынан түрткен бе … С.Жүн.
НЕ ЗОР ҚЫСТЫ
Не қиындық көрді екен д.м. ~ Барды құспайтын, қалтаны дәулет деп санайтын Мешелдердің жөні басқа, етегін бағып, еркектің емеурініне бағынған ұрғашыны не зор қысты? Қ.Ысқ. ~ Мұқағали да пенде, ол да ет пен сүйектен жаралған. Оның бойындағы бар кемшілікті уахыт пен эамандастарына жабатындай не зор қысты? Қ.Ысқ.
НЕ ЗОР ТУДЫ (КЕЛДІ)
Бұлай істеуіне не себеп болды екен д.м. ~ – Құдай-ай, құдай-ай… Қасында үйдей болып теңкиiп, қара бет болғаным-ай… Сорлы басым сорлаған, әкесiне не деп айттым?.. Күнiм-ай, ботам-ай, соншама түйсiз биiктен құларлықтай жаныңа не зор туды екен. Сенiң табаныңа батқан шөңге, менiң майдайыма қадалса болмай ма?.. Ә.Ыб. ~ Жұмыста болса ендiгi мұртынан күлiп, буы бұрқырап отырар едi. Қайта мұны сыйлағанынан тентiреп осында келiп тұр. Рахмет онысына. Әйтпесе, жанына не зор туыпты?» Ә.Ыб. ~ – Қайдағы тойың не, қыз күйеуге тисе той болмаушы ма еді?! Рас па, ей, мынауың? – Өтірік айтатын маған не зор күн туыпты. Ж.Сәм.
НЕ ЗОР КЕЛДІ
Басына не қиындық түсті, неге бүйтті д.м. ~ Мені неге ертіп шыққанына енді түсіндім. Аты айбынды болғанмен «Бегемот» түнде жалғыз жүруден, өте-мөте иттен өлердей қорқады екен. «Қорқатыны бар, түн ішінде қыз оятып не зор келді екен?» — деймін. Б.Тоғ. ~ Бұл барлық кітапты жатқа біліп барғанда мұғалімдер әдейі құлатты деп ренжи, ашына әңгіме етеді. ― Мына жігіттің жанына не зор келді екен? ― деп Мақпал күлді. Қ.Қаз.
НЕ ЗАТ
Бұл не, не нәрсе. ~ Ауылдағы кемпір-шалдар Сатылғанға үдірейе қарасады. Қай бірі қасына шақырып алып: – Қарағым, мойныңдағы не зат? – деп сұрайды. Ағайым күліп жауап береді: – Бұл галстук. Б.Соқ. ~ – Балам, андағың не зат? – деген дауысқа жалт бұрылса, орындықтың екінші басында ақ көйлегіне шолтиған қара галстук таққан бір шал отыр. Д.Әш.
НЕ ЗАМАН (НЕ ЗАМАНДА)
Қаншама уақыт өтті д.м. * — Тілің шығайын деген екен, бригадир. Отап тастасам, обалыңа қалам- ау. — Сенен обал қашқалы не заман. С.Смат. ~ Ауыл совет председателі Құдияр жүктегі сүйеулі домбыраны алып, ақырын дыңылдата бастады. Құдияр осы төңірекке белгілі өлеңші. Өлең тыңдамағалы не заман! Т.Әбд. ~ Екі күн бойы қасқырға құрар қақпанын айналдырды. Шатырда шаң басып жатқанына не заман! С.Сағ.
НЕ ЗАМАНДА
Талай уақыт өткен соң. ~ Осымен әлде не заманда демігіп, өкпесі күйген Жамал қайта жетті. М.Әу. ~ Не заманда зарықтырып барып есік ашылды да «бұл кім әй» деген әйел дауысы естілді. Қ.Ысқ. ~ Мұның үстіне қазақтан не заманда олжаға түскен, өсіп-өнген бірталай жанды Абылайға байлап, рулы елдей қылып қайтарыпты. Д.Дос.
НЕ ЖҰМЫСЫҢ БАР
Шаруаң болмасын, араласпа. ~ Ол кетер– кетпесте біреу арт жағымнан келіп шашымнан тартады. Қарасам, Майра дейтін қарт мыстан. Бейнеусіз бір мақлұқ. — Менде не жұмысың бар? Бейуақта мұнда неғып жүрсің? – деп сұрадым. Ж.Айм. ~ Аралбай қолын ербеңдетіп, қипақтай қарап тұрды да, қабаған иттей арс етті: ─ Мықты болсаң ағаңның кегін Бойковтан ал, менде не жұмысың бар? С.Ом.
