НЕ ЖОРЫҚ, НЕ ЖОСЫҚ

Біреудің (не өзінің) әлдебір ісін кекету, «басқаныкі басқа, мынаған не жоқ» д.м. ~ Мәс – саған! Дүниенің өнегелі өнерін ұстады деген неміс Бетховен, ағылшын Шекспир әлгідей болғанда қалған ұсақ–түйек мына біздерге не жорық, не жосық! Д.Дос. ~ Жансая секілді күнәдан пәк періште қызды қолыма құс қып қондырамын ба, әкем Арыстан, шешем Әсемайды тау басына шыққандай етіп мерейін тасытып, абыройын асырсам, келін жұмсатып марқайтсам ба дегенде — сұмдық суық дертті ішкі ағзама өткізіп алғаныма не жорық, не жосық!.. Д.Дос.

НЕ ЖОРЫҚ

Басқанікі басқа, дәп саған (маған, оған т.с.с.) осы қылық жараспайды д.м. ~ Ендеше, бейшара әйелге не жорық; ол тіпті әміршінің жүзіне қарауға, не істеп не қойғанын аңдып отыруға жүрегі дауалайды дейсің бе… Ә.Кек. ~ Қаршадай басыңнан дедектеп едің, жә, ол кезді қойшы, оның жөні бір басқа, содан міне әлі дедектеп жүрсің. Кәзіргіңе не жорық?.. Қ.Ысқ. ~ Жарайды, басқасы басқа… Ал ана қайқы төс қара шалға не жорық? Ә.Нұрп. ~ Жастарды жас делік, ал сақалы белі не түскен Жапабай шалға не жорық? М.Қаб. ~ …«мүйізі қарағайдай мықтылар ұялмағанда, маған не жорық!» деп әжептәуір еңсе тіктеп, ажарланып қалдым. Т.Сәу. ~ Бір диқанның, дауыл соғып, еккен-тіккенінен дым қалмапты. — Ей, Жаратқан ием, – депті сонда аспанға алақанын жайып, — «бір-бірлеріңе қиянат қылмаңдар» деп пенделеріңе ақыл айтасың, ал енді мына әрекетіңе не жорық? Өз сөзіңе өзің ие болмағаның үшін өзіңе қандай жаза кессең болады, соны айтшы?.. И.Сап.

НЕ ЖОҚ (ЕКЕН)

Не теңі д.м. ~ Жиренше қолынан ұстай алып, бетіне бетін тақап:  – Ананы қара! Мынау ұрғалы жатқан шалды қара! Осы Қодардың жақыны. Өзі шал. Өзі Борсақ. Жексен!.. Бұған не жоқ екен, көк төбетке!? — деді. Абайға нағыз өлтіруші осы сияқтанды. М.Әу. ~ Балалардан қалыспайын дегендей — тырбаңдап секіріп көлбақа аңдады. Өзінің түрі оңып тұрғандай, — қажының ұнатпайтын мақұлығы — осы көлбақа, аяғының астына келген біреуін таяғымен ырғытып: — Шіркін… Не жоқ екен бұларға?.. — деді тыржиып. Б.Майл. * Мәкалай заманында Бұқарай Шәріпте оқып шыққан алым кісі сөйткесін, былайғы қараңғы қазаққа не жоқ… О.Сәрс. ~ Сары ала таңнан оларға не жоқ екен десейші. Е, бүгін, айтпақшы күн жұма, жазғандар мешітке намазға асығып барады екен ғой. Ә.Кек.

НЕ ЖЕТСІН!

НЕ ЖЕТСІН! Әлде бірдеңені мақтап-мадақтау, қадірін көрсету ретінде. ~ Пештің мұржасы желді жақсы тартып тұрғанда жылы бөлмеде отырып ой толғағанға не жетсін! Э. Хэм. (Н.Әбут.) ~ Ат мініп, ғұмыры саят құрмаған Бекеттің желкүреңге жаны ашыды; тұңғыш рет кәрілік деген зауал барын сезініп, жан қинап тірі өлік болғанша тіл тартпай мезгілінде кете қалғанға не жетсін деп ойлады. Қ.Ысқ. ~ Диканың да іші жылып кетті. Қанша бауыр басып үйренгенмен көрінген үйде тентіреп жүру де қолайсыз-ау. Өз үйіңе, өз қара лашығыңның болғанына не жетсін. С.Жүн. ~ Табиғаттың да, оның ең ғажайып туындысы адамның да ашық, жайдары болғанына не жетсін. С.Досан.

НЕ ЖАНЫНА ҚЫСЫМ ТҮСТІ

Соншалықты не болды, не көрінді д.м. * Әне бiр ине жұтқан иттей имиiп, шыр жұқпайтын щетка шаш ағасы, не жанына қысым түскенiн кiм бiлсiн, елден бұрын атойлап Мәскеудiң газетiне мақала жазып … Т.Сәу. * – Соншалық түңілетіндей не жаныңа қысым түсті? – Бұл қыздың иығынан сілке ұстап, жүзіне үрейлене қарады. Т.Сәу.

НЕ ЖАНЫ ҚАЛАДЫ (ҚАЛСЫН)

Қалай шыдасын д.м. ~ Тақтай арбаның ішіне жаман көрпеге оратқызып, баланы салып алып, 6–7 жасар балалар: «Мен ағамның қара кер атынша шабамын» деп тұрып арбаны дүрілдеткенде баланың не жаны қалады? Үлбіреген жас денеге зиян келетін болған соң, аман жаннан не пайда? Баланы еңбектеуден тыюға дұрыс емес. М.Жұм. ~ Балаларыңыз не қып шалдыққан осынша?! – «Жұт жеті ағайынды» дейді шырағым, – деді əкем, – осы сапарда оларға мен қосылып, сегіз ағайынды болған соң, не жаны қалсын бұлардың. Қ.Шабд. ~ «Тістері қандай ғажап еді құрғырдың, көздері қандай ғажап еді құрғырдың, өзі әйел емес — сынап еді ғой, сынап еді! Қыз басыммен мен қызығатынмын, еркек байғұстардың не жаны қалсын!» Ә.Тар.

НЕ ЖАЗДЫМ (ЖАЗДЫ)?

Нендей айыбым бар, кінәм не? ~ Оңаша жерде Қартқожа тәңірге налып, зарланатын болды. «Құдай-ау не жаздым? Мұнша сорлы қалғандай неңді алдым? Бүйтіп қор еткенше жаратпасаң етті! Қырсықтан көзімді ашатын күнің бар ма? Жоқ па?..» деп зарлаушы еді. Сонда да оқудан күдерін үзбеді, өйткені түсінде оқып жүретін еді. Ж.Айм. ~ Жидебай тұрып-тұрып, əлден уақытта аузы кемсеңдеп, бет-аузы тыржиып: Ағайлар-ау! Мен не жаздым?! – деп отыра кетті. Жұрт ду күлді. Ж.Айм. * Жүзтайлақ. Япырай, не жазып едім мен мынаған, мұғалім! Кем басын теңге алғаныма, сүйгенімнен жаздым ба? Өмірі мұндай қорлық көріп пе едім? (Жылап жібереді.) М.Әуез. ~ Ауыл-аймақ, абысын, не жақыны-алысы, не тамыры-танысы, не алған серігі, жеті жылғы жолдасы – бəрі бірдей безгендей, Күнікей сонша не жазды? Не жазғанын бейбақтың мен айтайын, жігіттер, құлағыңды сала бер, көкейіңе ұнаса, мəнісіне қана бер. Ж.Айм. * Неге үндемейсің? Әлде менің ренжіткен жерім бар ма? Не жаздым саған?.. Мен бақыттымын. Сен ше? Қалайсың, Жәзираш?.. М.Сүн. * Осыншама ізіне түсетіндей ол қыз бұған не жазды сонша? Ш.Айт. * – Алла, алла! Не болды, Әйешжан? Не жаздық?- деп, мамам шыбын жанын қояр жер таппап еді … М.Қаб.

НЕ ӘРІ ЕМЕС, НЕ БЕРІ ЕМЕС

Әрі-сәрі, не олай, не бұлай емес, дүдамал жағдай туралы. ~ … «биыл құдайдың күніне түсінбей-ақ қойдым-ау! — деп күйінді Кәкіш, — біресе жаңбырынан көз аштырмайды, біресе — ыси жөнеледі, не әрі емес, не бері емес, құдайда да тұрақ жоқ-ау, осы!». Ә.Тар. ~ Содан бері де бір жылдан асып барады, не әрі емес, не бері емес, күпті өмір қажытып барады. Ә.Тар. ~ Тырсылдап отырып ақшасын зорға суырды да не ары емес, не бері емес, шалдың қолы жетер-жетпес шекараға үміттендіріп тастады. Қ.Ысқ. * Кесуге қимай, желкесіне түйе салып жүрген, не әрі емес, не бері емес бір тұтам бұрымын ойланбастан жоқ қылды. Г.Сейтж.

НЕ ӘБІЛЕТ БАСТЫ (ӘБІЛЕТ БАСТЫ МА?)

Не көрінді, жын соқты ма д.м. ~ — Аяғыңның астындағы шыңырауды көрмейтіндей не әбілет басты? Желкең үзіліп, төменде тырапай асып жатсаң кім жауап береді… Есінді жи, жи, есінді! М.Қаб. ~ Әне біреу біздің қоңыр сиыр ма, қоңыр сиыр ма?— дей береді. Ержан аң-таң. Өз сиырын өзі танымай, әбілет басты ма? М.Қаб.

НЕ ЕТТІ

Онда тұрған не бар, неге сөйтпеске д.м. * Бірақ менің Асанға өкпем: ағамның жылы бітсе не етті? Мен оның жылын беріп, батасын оқытып, жеңгемнен: «жарықтығым, жас адамсың, отырсаң да, кетсең де еркің» деп сұрасам не етті? С.Мұқ. ~ Әлде сөйлей білмейсіз бе? Сіз секілді дала періштесіне ойын– той, сауық– сайран ғана өріс бола алады… Атың Ардақ қой? Ардақ ақырын ғана басын изеді. Сұмдық– ай, сөйлесе не етті. Әкесі естіп қояды ғой. Жо– жоқ, бірдеме деу керек шығар. Жарылып кетермін. О.Бөк. ~ – Міне мұның дұрыс сөз. Бекер жылағанша осындай ақылға келсең не етті. Бозторғайдың дауысына тарт. Ж.Сәм.