НЕ ҚАРА БАСТЫ?

Не көрінді; мұнысы несі д.м. * – Жә, әлгі көзі ашық, өзі оқыған Құдайберген мұғалімді не қара басты. Ғ.Біл. * Күнде өйтпейтін ғой. Бүгін не қара басқанын білмейді, қою қара күрең шай да ішті, темекі де тартты. М.Сүн. * — Ой, аға, өз ауылымызды білмей не қара басыпты? — деді шофер іле тіл қатып. Қ.Жұм.

НЕ ҚАН ЖАУДЫ?

Басыңа не қиындық, не күн түсті? ~ — Сен неге айтпайсың? — Менің аузымның шамасы келмейтін сөз. — Не қан жауып қапты сонша?.. С.Мұқ. ~ – Бұл қайсының,– десті екі-үш кісі, үй ішінен, ұнатпай,– ерігіп жүрген? Орта толатын топ боп жатыр ма? Жап есікті жылдам. Үйге суық кірді. – Е, не қан жауыпты?– деді кірген. С.Мұқ. ~ Қызына жақын келіп белін буды: – Ойбай, балам, бұ күн саған қайдан туды? Құдай қосқан жарыңнан зар еңіретіп, Ақылы жоқ әкеңге не қан жауды?! БС. «Бозжігіт».

НЕ ҚАЙЫР, НЕ ҚАСИЕТ (РАУА)

Әлдебір істен (кісіден) не игілік күтерсің д.м. ~ Мақтан үшін, өңкенің көзіне түрту үшін әдейі қызартқан мүліктен не қайыр, не қасиет! Батыр да, балуан да — пәнде. Бәрі баяғы Құдай атқан қу мақтан, жұрттан артық қасиет таныту… Ж.Нәж.

НЕ ҚАЙЫР, НЕ РАУА

Не пайда д.м. ~ Құрдасы – Абдулхай антұрған : «Әй, қара айғырды қанша жусаң да ағармайды. Ендігі тоңқаңдағаныңнан не қайыр, не рауа!» — деп қыжыртады көрген жерде. Т.Сәу.

НЕ ҚАЙЫР

Не пайда, не жақсылық күтуге болады д.м. ~ Мынандай, қармасаң қолға да ілінбейтін ұсақ шіркіннен не қайыр. Мейлі. Пайдасы болмаса да, зияны жоқ қой әйтеуір. М.Мағ. ~ Обалына қалдым пайымдауы. Гүл жарып алатын алма ағашы суғарылмағандықтан алма салмаса, ағаш болғанынан не қайыр. Тууға тиіс ұрғашы да сол. Н.Дәу. ~ Әке-шешесі шетелде. Олардан не қайыр? Ж.Аязб. ~ Енді сенің кесіріңнен Маған да Туған жердің топырағы бұйырмас. Жә, не қайыр, налы мейлі, налыма, Сорлы балам, Туыпсың-ау сорыма. М.Шах.

НЕ ҚАЖЕТІ БАР

НЕ ҚАЖЕТІ БАР Түкке керек емес д.м. ~ Саған оның не қажеті бар? – Ақсақалдың қас-қабағы түйіліп, түсі бұзылып кетті. – Мен ондай қитұрқы сұрақтарға жауап бермеймін! Сен өзі журналист емессің бе? Д.Рам. ~ Штаб бастығы бұл бұйрықты орындап болғанға дейін корпус командирі самолеттің жайын, өз көңіл күйімді сұрастырды. Мұның не қажеті бар екен деп түсіне алмай отырмын. Ә.Нұрш. ~ Аман-есен босанса болғаны емес пе. Қуанышқа бәріміз де ортақпыз. Күн батып кетті. Түнделетіп ұшудың не қажеті бар. С.Ғаб.

НЕ КҮТУГЕ БОЛАДЫ

Қолыңнан не келер сенің д.м. ~ Міне менің әлі бізге шынайы бостандық болған жоқ дегенім… Грондар «жасасын» деп жүрген бостандықтан не күтуге болады?.. І.Жан. ~ – Кәйт-мәйт деп, онда бар ендеше, Малжанның астына кір. О несі-ей. Еркек емессіңдер. Битін сығып, қанын жалағаннан басқа сендерден не күтуге болады. С.Жүн.

НЕ КҮН ТУДЫ (БАСЫҢА)

Неге сонша қиналдың, неге берекең кетті д.м. * ─ Бүгін таңда төніп тұрған жау бар ма? Осынша әбігерленетіндей бізге не күн туды? С.Ом. * ─ Бүгін таңда төніп тұрған жау бар ма? Осынша әбігерленетіндей бізге не күн туды? С.Ом. *— Құдай дегенің дұрыс. Тып-тыныш отырған адамдардың, малын талап, өзін жер аударатын не күн туды екен, сірә, — деп Әбен салпиған ернін жиыра бір тамсанып қойды. С.Бег. Кісіні кісі жазғыратын заман болмай-ақ қойсын ол кез. Сонда да колхозшылардың көбі сеніп Айшаға көжелігін қалдырып кетіп жатқанда өз әйеліне күдікпен қарайтын Рамазанға не күн туыпты?! С.Шайм.

НЕ КҮН ТУДЫ БАСЫҢА

Не көрінді, неге сонша бүліндің, не қиындық көрдің? ~ Сап, сап, көңілім, сап, көңілім! Саяламай, сай таппай, Не күн туды басыңа Күні-түні жай таппай? Сен жайыңа жүргенмен, Қыз өле ме бай таппай? Абай. ~ Алатау, Қаратау мен кездім Шуды, Өз өнерім өзімді үйден қуды. «Үйіңде сабыр қылып отырмастай, Басыңа, дейсізлер ғой, не күн туды?!» М.Ж.Көп. ~ Анда Манас қабылан Қатқырып күліп алғаны, Қайырып кетпен салғаны: «Ой, атаңның көрі, Ораңқы, Жалаңаш топқа барғандай, Түйені шешіп алғандай, Не күн туды басыңа? «Манас». (Б.Әлімж.)

НЕ КӨРМЕДІ

Басынан не өтпеді, көрмеген тауқыметі бар ма д.м. ~ Уф, Алла! Жан болды ма бізден мұңлық?! Дариға! He көрмедік, не көрмедік? Көргенше сонша қорлық, сонша зорлық, У ішіп, отқа түсіп неге өлмедік?! М.Жұм. ~ – Мен сенің «мектеп салсам ба» деген талабыңды қолдаймын. Шешінген судан тайынбас деген. Ал мына алдыңда отырған Жандай ағаң не көрмеді. А.Жақс. ~ Өз әйелінің де сүп-сүйкімді екенін Сәуірбек соңғы кездері байқап жүр. «Байқұсым-ай, не көрмеді бұл бейбақ?!» деп іші жылып кетеді оны ойлағанда. Б.Тіл. ~ Қамиданың ең шарыштаған кезі осы. Осының алдындағы бір жылдарда не көрмеді ол? Ж.Сәм.

НЕ КӨРІНДІ

Не бопты, не себеп д.м. * Қамқаға жалт бұрылып: — Шақыршы әлгі жемтік аңдыған немелерді! — деген тағы да. Шығып бара жатқан әйеліне қажыспен аяй қарап қалды. «Апыр-ай, маған не көрінді бүгін… » О.Бөк. * Сыбайластары сонда да сыр бермеді. — Өй, Арасанбай, саған не көрінді? — деп мұның бетіне таңырқай қарасты. Ә.Тар. ~ — Сүйменқұл, жетер! Доғар сөзді! Анау иттің үстіне су құйып жібер! Өлердей ішіп әкесінің құны кеткендей не көрінді екен! — деп Тұрған қайта ширады. С.Сма. * Жапал мынаны танып отыр. Түрінен, даусынан, қимыл-қозғалысынан… Соның дәл өзі. Ол да таныды. Танымай не көрінді. Қ.Түм.

НЕ КӨРІНІПТІ

Сонша не болды. * Құдай сақтасын, оқуға түсе алмады деп тауы шағылып не көрініпті. Қой, етек-жеңін жиыстырып, ширау керек шығар… Ш.Құм. * -Жігіттер, сәл шыдаңдар. Жаз бойғы еңбегіміздің жемісін көруге аз-ақ қалды. -Шыдамай не көрініпті бізге?-деп сөзге араласты Айбалтаның аспиранты Асқар. С.Досан. * — Жоқ, сол цифр күйінше қалады. Бұл өз малым. Өкіметтің малы шетінен ақ мәліш, менікі қазақы қара қой. Еті сасық ақ мәлішті сізге сойып не көрініпті! Д.Исаб. * — Өй, оны қойшы. Ерәлiнiң Қыжымы секiлдi жел сөзге қарық қыла салады. Оның қолынан не келер дейсiң. — Не көрiнiптi, келер. Б.Алд.

НЕ КЕРЕК

Несін айтайын, сонымен, сөйтіп. * Не керек, өзгесін не қылайын, сол інім жақында келді. Осы күнде үйімде ғаріп болып, сорлап отыр. Қол-аяғы үсіген, домаланып қалыпты. Өлімші боп, зорға жетті. Өзі арығанда екі құлағынан күн көрінеді. М.Әу. ~ Халал сүт емген жолықса Болар ма еді арманың? …Бай бол — малың не керек? Патша бол — тағың не керек? Жалғыз-ақ ойла дүниені Сапардан жалғыз қалғаның. Шортанбай Қанайұлы. * Жұрттың бәрі сөз сатқан,
Сатып алып не керек? Екі сөзді Тәңірі атқан — Шыр айналған дөңгелек. Абай. * Заңғар көкке самғағаным не керек, Саған ұшып бармаған соң арманым. М.Шах.

  1. Не қажет, қандай мұқтаждық бар д.м. * Адамзатқа не керек: Сүймек, сезбек, кейімек, Харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек. Абай. * Бұлай болған соң әуелі оқу құралы жақсы болып жан қинамасына не керек? Соны сөйлелік. А.Байт. * Үлкен үйге не керек, кіші үйге де сол керек. М-М.