Қолыңнан не келеді сенің д.м. кекесін. * Сайлау қылып, сен шірік не жарытам дейсің. Сені жіберіп отырған кісі де бір ақымақ… – деп, əлде нелерді айтып, Тұмарбайдың басына ит терісін қаптады. Ж.Айм. ~ Жалғанда соқа басың сопайып, жалғыз қаласың, жақын-жуығыңның бәрі баяғыда кеткен соң, бір өзің не қуаныш, не қызық көріп жарытам дейсің. Әб.Жұм. ~ Ол кездегі балаға үлкендермен бірге сәресінге тұру өте қызық еді. Барлық жылы-жұмсақ, дәмді ас соған сақталатын. Біз де ата-әжемізбен жағаласып оянып, сәресінді қатар отырып ішуші едік. Қайбір ішіп жарытам дейсің?! Қ.Бегм. ~ Қой. Саған қайдағы шал, жаратушы жан иемнің өзі кешірер, мына қырық құрау болып қаусап тұрған түріңмен қай қалыңдық болып жарытам дейсің. Шалдың үйінде не істемексің сонда? В.Расп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НАШЫНА (НӘШІНЕ) КЕЛТІРДІ
Орайын келтіріп орындады; әдемі қып, сәнін тауып айтты. ~ — Бетімнен бір сүй, ән салайын,- деді. — Ойбай- ау! Сөйтпей…- деп Шәкет назданды. — Онысы дұрыс. Әйтпесе нашына келмейді, — деп отырғандар кеу-кеуледі. Ж.Айм. ~ Көбіне маған соны оқытып, «даусың әдемі, нашына келтіріп оқисың» деп мақтап, ұзақ тыңдайды. Н.Сер. ~ Шерліге шаттық, шадыманға мұң бітіретін назды да налалы тармақты пысықтағанда, күйші: «Кейінгілер нәшіне келтіре алар ма екен?! – деп күдіктенді. Т.Әл. ~ Сайтан алғыр қыз есімін бекер нәшіне келтіріп айттым. Бар пәле қыз есімін өпектеп айтудан басталды. Д.Дос.
НАШАР КІСІ
Тұрмыс жағдайы төмен, оқымаған, ортақол шаруа. * Осылардың білген әлқамын біз де білеміз. Бұларға бергенше нашар кісі бізге бер, мына ашылып отырған борбайымызды жабайық. Ж.Айм. * Жәуке өзі нашар кісі болса да, бар тапқан-таянғанын жалғыз баласы Ахметтің оқуына салып, жасынан олай сүйреп, былай сүйреп жүріп, әйтеуір молда атына іліктіріп еді. С.Торы. * Күші келген жердей Асқардың тартынғысы да келмейді. Бірақ оның басына келген ой: «оқыған адам нашар кісіден ақша сұрай қоймас!..» С.Мұқ.
НАШАР БАЛА
Қыз бала (эвфемизм). ~ – Айтудың да айтуы бар. Бастықтың алдына барғанда сен, сірә, марту басқан қатындай үнің шықпай қалатын шығар? – Қайт дейсің, апа, нашар бала тапқан өзіңе ренжімесең, маған ұрысқаннан не шығады. Ә.Нұрп. ~ Көп сөйлемеді, қабағын ашпады. «Жағдайымыз осы, бір нашар балаға қарап қалдық. маңдайымыз ашылмай. Н.Сер.
НАУЫТ ҚЫЛДЫ
Қырып-жойды, басына әңгір таяқ ойнатты. ~ Енді хан қорқыпты. Өйткені, кемпірдің балалары өңшең дәу екен. Ашуланса, бір жұртты солайымен науыт қылуға қолдарынан келетінін хан біледі екен. БС. «Тазша бала». ~ Әрине, әскер құр қол қалашыларды быт-шыт қылыпты. Пристав қалашыны науыт қылып, ұрып-соғып, екі адамын өлтіріп, бір түйесін атып, астықтарын шашып-төгіп, нәрселерін талап, Захар поселкесіне апарып қамап қойыпты. С.Сей.
НАУЫТ БОЛДЫ
Зәбір шекті, қорлық көрді, опат болды. ~ Науыт болып приставтың қолында қамаулы жатқан үш жүз түйелі қалашының жайын сұрап, босатуын өтіндім. С.Сей. ~ «Қап, жас бала науыт болмаса де, қайралған қылыштай жас болат», деген ой жалт берді. Р.Рай. ~ Қатын, бала, кемпір, шалдың бұдан да жаман жылауына және елдің науыт болуына көз жетті. Елдің өзі де оны сезеді. С.Сей.
- Ысырап болды. ~ Ағып келе жатқан жолдың бойында,— дейді Иманәлі,— рельстің сынық сүйемдей жері шатынап тұрса, төңкеріледі де түседі. Оның аты — жүздеген адамның қазаға ұшырауы, миллиондаған сомдық мүліктің науыт болуы!.. С.Мұқ.
НАУРЫЗДЫҢ АҚША ҚАРЫНДАЙ
Ақ жүзді, сүттей ақ. * Соғыстан кейін олардың бірсыпырасы жар сүйді. Бірақ көбінің көңілдегі мұраты алған әйелдерінің мүсінімен үйлескен жоқ: «наурыздың ақша қарындай» ақ қыз орнына қараторы, бидай өңді, қызыл шырайлы, ақсары, шикілсары келіншектерге ие боп шыға келісті. Ә.Нұрш.
НАУАДАЙ ҚҰЙЫЛДЫ
Асып-төгілді. ~ Диқанның жыл бойы маңдай терін сыпырып еккен мехнатының жемісі дәл осы бір кезде науадай құйылып жатады емес пе. Ш.Айт.
НАУА ЖОЛ
Жерге батыңқырап, ойыла тереңдеген жол. ~ Ілгері озған сайын қарға–құзғын да көбейе бастады. Науа жолдың жиегі теңкиіп – теңкиіп жатқан… құданың құдіреті, көпшілігі ер адамдар. Еркектің әйелден гөрі аштыққа осал екенін сонда білдім… Қ.Ыс. ~ Содан соң… қыстың науа жолында ілбіген жалғыз шананы, шана соңынан ілбіген он шақты адамды көрді. Қ.Ыс.
НАУ ТАРТТЫ
Гүл шашып, жапырақ жайды. ~ Әйел — бір шоқ гүл, оны уақтысымен суғарсаң, күтсең нау тартып ашылып, мау тартып жетіледі. Назар аудармасаң шау тартып қурап қалады. Б.Қыд. ~ Біз феодалдық қоғамды көзбен көріп, бастан кештік. Hay тартып гүл ашылады, мау тартып жетіледі, шау тартып ол қартайып, қурап солады. Жаңа туады, ескі өледі. Туды — қуанды, өлді — жылады. Б.Қыд.
