НЕ АҚЫҢ БАР

Не жұмысың бар, шаруаң қанша д.м. * – Малың жоқ болса, құрбан жасағанда не ақың бар еді! Менің ол тоқтымды кім болса сол алатын еді. Ағайыншылығыңды айтқан соң бергемін. Ж.Айм. * Жүрісімнен жаңылтып, Бақ дəулеттен арылтып, Не ақың бар ед ерімде? Осынша мазақ ететін Жетпіс жеті əкеңнің Басы бар ма ед жерімде? Ж.Айм. * Абай енді ыза болды. Қатты зекіп сөйледі. – Жә, ішер асыңды іштің! Айтарлық құдай аманаты, бос мылжың сөзіңді айтып болдың. Енді тұр, тарта бер! Менде не ақың бар? М.Әу. * – Ұста ананы! – деді Шоқан Жайнаққа, күрең қозыны нұсқап. – Неге? — деді Жайнақ. – Не ақың бар, «неге» екенінде, «ұста!» деген соң ұста! С.Мұқ. * – Сен кімсің?.. – өзімді барынша сабырлы, барынша батыл ұстадым. – Жын… жынның қызы… – Менде не ақың бар? – Мені тек сіз ғана құтқара аласыз… Қ.Мүб.

НЕ АЙЫП

Біреудің істеген ісін мақұлдау ретінде. * — Сізді мазаламасақ та болатын еді; жұмыс бабы қажет етті, ақсақал. — Е, жөн… Не айып. М.Сүн. ~ Дәл сол кейуаналардан кейiнгi көңiлi құлаған Башан болса оған не айып? Ендеше, тәуекел түбi – жел қайық, дейдi де… Т.Әлж.

НЕ АЙТЫП, НЕ ҚОЙҒАНЫН БІЛМЕДІ

Әлденеден есі кетіп, айтар сөзінен жаңылысты. ~ Сондай халға түскен ол, аздан кейін тіпті кекештеніп, кездері бадырая қараған жиын алдында не айтып, не қойғанын білмей де қалды. Сол жайын көрген көпшілік, оның бытысқан сөздерін мазақты күлкімен ғана тыңдады. С.Мұқ. ~ Мына үй, мына дүниенің ендігі қожасы шынымен мен болдым ба? Тіпті солар қайтып келмесе екен, осының бәрі менде қалса екен,– деп не айтып, не қойғанын білмей есі кете ыржалақтап күліп айдалаға лағып бара жатты. О.Көш. ~ Тұтығып, даусы жарықшақтанып, көзі жасаурап, қолдарын жөнсіз сілтеп, не айтып, не қойғанын білмей, бажылдай берді. Ә.Тар.

НЕ АЙТУҒА БОЛАДЫ

Айтарға сөз жоқ д.м. Болған іске өкініш білдіру ретінде. ~ Кіріп, өз көзіңмен көре алмағаннан кейін, не айтуға болады? Біз де «кім біледі?» дегеннен басқа ештеңе айта алмаймыз. Т.Әс. ~ Не айтуға болады?! Не деуге болады бұған?! Өзімнің оңбай ақымақ болғанымды жаңа біліп, ашына сан соқтым. Ақылым қандай аз еді менің? С.Үс.

НЕ АЙТАРЫ БАР

Айттың не, айтпадың не, көп сөйлеп қайтеміз, шындық осы д.м. * Не айтары бар: Көкжайдақ десе — Көкжайдақ, сулы да, нулы өлке! Т.Жұрт: * Мүсін, не айтары бар, микроаудандағы бір-бірінен аумайтын, күнде көріп жүрсе де, күнде ауыстырып алатын көп үй секілді қолайлы, көрнекті, әттең, әсерсіз, арқалаған жүгі жеңіл. М.Қаб. * … иығына су жаңа мөлдірдей қара костюм ілген «жас мырза» жасандылау жымиып келді де қолымнан алды. Не айтары бар, менің жарым болсын- ақ дейтін жігіттің сұлтаны. Қ.Жиен. * … күллі дене мүсінінде бір де бір осы қалай жері жоқ, жасы да шамамен сол қайран жиырма бестің өзі болар- ау… қой, не айта беретіні бар, мінсіз сұлу келіншек. З.Қабд. * Қой, не айта беретіні бар, профессор Əуезовтің лекциясы дейтін лекция – оның өзінен өзге тірі жанның қолынан келмейтін ғажайып өнер. З.Қабд.

НЕ АЙЛА БАР (ҚЫЛСЫН)

Не істей алады, қолынан не келеді д.м. ~ Менің арманым-дүние емес, басымның кегі болатын. Іздегенім есем болатын. Оған қолым жетпесе мен Есендікке қатын да болып жүрмес едім (Аз тұрып). Рас, әуелі қызбен сөйлесейін. Ол немекенбейді ғой. Бұған не айла бар? (Ойлап.) А-а-а, қыз қайда екен өзі? (Шақырады.) Дәмеш, ә Дәмеш! М.Әу. ~ Сен маған одан да бір нәрсенің емін айтшы: Қанша толғансам да, қаламым жүрмейді. Басым қатып, кей күндері не жазғанымды білмей, шатасамын. Кәне, осыған не айла бар? Медицинаның құдіреті осыған жетпей ме? М.Им. ~ Хан: − Біздің ауыл Сырдың бер жағында, сіздің ауыл ар жағында. Қасқырға не айла қылсын, қалай қорғасын? — деді. Көсе: − Ендеше біздің ауылдың айғырларының даусы сенің байталдарыңа қайдан естіледі? — деді. БС. «Алдар Көсе».

НЕ АБҰЙЫР ТАПТЫ

Істеген ісінен не жақсылық көрді д.м. * Әрине, бұған да ұсақ-түйек деп қарай алмаспыз. Сонда да боса, ол кімге таң, титаның тылағындай нәрсеге бола ойбайға аттан қосып не абұйыр табамыз. К.Хамз.

НЕ (НЕМДІ) ӨТКІЗІП ҚОЙДЫМ

Неге құнданамын, қандай қақым бар д.м. ~ Бұл кісінің алдында пәлсінгендей не өткізіп қойдым. Туған анамнан бетер «қарағым» — деп еркелете іштартып, барын аямайды. М.Сүн. ~ Бұл үшін ішіме арамдық жинап бұртыюға менің қандай қақым бар? Соншама кінәмшіл болатындай мен бұларға немді өткізіп қойыппын? Б.Соқ.

НЕ (ҚАНДАЙ) ПАЙДА ТҮСЕДІ?

Әлдебір істің, әрекеттің қандай игілігі болатынын болжау мағынасында айтылады. ~ Енді не істеу керек?.. Пәтеріне барса-ақ Тыртықпен шатасады… Одан не пайда түседі?.. С.Мұқ. ~ Тайман мен Беделдің ортасында келе жатып Ахай қай-қайдағы ойға кетті. «Бұлар мені Жәңгір сұлтанның қасында неге қалдырмады? Қайда екенімді қонтайшыдан неге жасырады? Оның мені оңай таба алмағанынан бұларға қандай пайда түседі? Б.Нұрж.

НЕ (ҚАНДАЙ) ӘКЕҢНІҢ ҚҰНЫ БАР

Неге маған өшіктің, менде не кегің бар д.м. * Мені осынша кедей қылғандай не әкеңнің құны бар еді сенің деп Тайман шалқасынан жатқан Мырқалды көк қарынның тұсынан тартып тартып жіберіп еді, ол қарнын сипалап ойбай сала атып түрегелді. Ә.Әб. * «Қу құдай, бар болсаң, естір ме едің? Неңді алып едім, менде не әкеңнің құны бар еді?! » — деп бастайды, содан әй кетеді, әй кетеді … Ә.Тар. ~ Оны ақсату үшін бар қазақ жұмысшыларының атын былғайсың. Оларда қандай әкеңнің құны бар? Ә.Әб.