Жарасын тырнады. ~ Жүйкесі құрғыр онсыз да үзілетін жіптей ширығып тұрғанда, насырын шұқып «өлмесең тұрма» деп отқа итере бергесін, қанша шыдамды болса да, сол арада өзін ұстай алмай қалған-ды. Ә.Нұрп. ~ Бұрынғы аты шықпай жүрген ауылдардың атының шыққаны бұрыннан аты шығып келе жатқан ауылдардың тек насырын қасып қана қоймайды, ел арасындағы еңсесін де түсіреді. Ә.Кек.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НАСЫРҒА ШАПТЫ
Әлдебір істің арты шатаққа ұласты. * Тентектiң бiр күнгi бүлдiргенi мың күнде түзелмес насырға шапты. К.Сег. * Екеуі де көл- көсір мал шығын қылды. Ерегіс насырға шапты. Т.Әл. ~ Тұнғатар тәуір жігіт болып өседі де, Үкімен тұз — еңбегі жарасып, оң жақта қалың ойнайды. Осындай жарастықты көңілдердің арасына Сартай тікендей қадалмақ болады. Қыз оған көнбейді. Ақыры насырға шауып, ұзатып әкеткен Үкіні Сартай қалың қолмен барып Тұнғатардан тартып әкетеді. C.Мұқ.
НАСЫБАЙЛЫҚ НАНЫМЫ ЖОҚ
Кісі сенерлік емес д.м. . ~ Таза азамат, адал кісі болсаң приставты өз қолымызға бер. Өзің біз жаққа шық, сонда саған сенеміз. Әйтпесе, мәймөңкелеген көлгір сөзіңнің насыбайлық нанымы жоқ… Түтініңді түтініне қосамыз. Шаңырағың шағылады…— деп болысқа қамшыны білеп — білеп қойды. І.Жан.
НАСЫБАЙДАЙ ҚИЫНДЫҒЫ ЖОҚ
Оп-оңай, түк те қиын емес д.м. ~ Аттарын жани тебініп, қамшыларын білейді. Бұл маңға келген жаудан тіл жібермеске, жиналып жіберіп, бір-ақ түнде тұс-тұсындағы Баян, Кереку, Қарқаралы қалаларын шауып жіберетіндіктің насыбайдай қиындығының жоқтығын көпіртіп, гу-гу етеді. І.Жанс.
НАСИХАТ ЖҮРГІЗДІ
Үгіттеді, әлдебір іске, әрекетке итермеледі. ~ Оқығандардың тағы бір тобы — көбіне кешегі семинаристер мен фельдшер, тілмаштар қайткеңде «орысқа бала бермеу», тіпті, көтеріліске шығу туралы насихат жүргізді. М.Мағ. ~ Құлжадағы гүбернелік өкімет оларды қазақ аулының біріне немесе осы маңдағы үйездік орын Қарасуға қонып, бірер күн насихат жүргізіп қайтуын табыстаған. Ж.Ахм.
НАСИХАТ АЙТТЫ (БЕРДІ)
Уағыз айтты, кеңес берді. ~ Оның істейтіні — жұма сайын жұртқа о дүние туралы уағыз сөйлеу, тамұқпен қорқытып, ұжмақпен қызықтыру, қажыларға қонақтан қонаққа жүру, дау-шарлы мәселеге пәтуа беру, домбыра тартып ән салуды күнәға жазу, көңіл көтеріп ойнаған жастардың жиылысына лағынет айтып тараттырып жіберу, жас әйелдердің еркекке араласпай аулақтануына насихат айту. І.Жан. ~ Сөзге құмар көрінесің, ұғымтал болғандай ныспың бар, жоғарылап оқысаң болады, – деп насихат бергені. Ғ.Біл.
НАС БАСҚАН
Салақ, былапыт, лас, кір басқан. ~ – Тоғай бойынан құсбегі шықпайды, құс салуға қолы тимейді, деп кешегі бір қырдың нас басқаны өлгенше мақтанады. Ж.Айм. ~ Сүйдірген сені маған қола жүзік, Қолыңа саудырлатып қойған тізіп,
Кісі алдында қасынып теріс қарап, Битіңнің бытырлатып мойнын үзіп. Нас басқандай бит басқан, Міне, сұлу жұрт асқан! С.Тор. ~ Морис босата берді де тізесімен белімнен төмен жерден бір тепті. Жаным көзіме көрінді. – Нас басқан дүлей! — деп айғай салдым. Дж.Сэл. ~ Қайралмаған қанжарды тот басады, жүрмеген жолды шөп басады. Кемшілік айтылмаған адамды нас басады. Мен сені мыңды айдап бірді мінген, бip сөйлеп мыңды жеңген, баяғы, Нұрмамбет пе десем, сені де қара басайын деген екен. Ж.Ахм. ~ Мезгілсіз жүйкені қысқан, Не деген айықпас ұйқы. Мұңына хакімнің ауыр, Желп етпес нас басқан сана. Ы.Дәб.
ЕКІ БЕТІ НАРТТАЙ ЖАНДЫ
Жүзі қып-қызыл болып, көңілі алабұртты. ~ Оспан екі беті нарттай жанып, үлкен көздерімен әкесіне шоктай қадалып, сазарып тұрып алды. М.Әу. ~ — Төке, олай намысқа тиме, сенен соғым сұрап барған Дәулет жоқ. Осы бәлені жасап жүрген өзің! Кісі аяйтын ниетің жоқ, арам без! — Қондыбай ашуланғанда, екі беті нарттай жанды. З.Шүк. ~ Көкшеден таңдайыңа қаймақ тамып, Кетеді тал бойыңа түгел дарып. Қымызы көкірегіңді шайдай ашып, Кетеді екі бетің нарттай жанып. Т.Әл.
НАРТТАЙ ҚЫЗЫЛ
Қып-қызыл. * Батар күннің арай шұғыласы шетін шалған ақша бұлт нарттай қызыл екен. Ә.Шәр. * Бетінің нарттай қызыл шырайынан қымыз иісі тепкендей. Қ.Ысқ. ~ Бірнеше кексе әйелдерді күндіз-түні оның күтушісіне қойып қасқабағына қаратып аяғын жылы суға, қолын майға малып мәпелетіп әндігерлеген екі беті нарттай қызыл, көздері мойылдай қара кербез келіншекті алдына алғандай еркелететін. Д.Рам.
НАРТТАЙ ЖАНДЫ (ҚЫЗАРДЫ)
Бетіне өң кірді, қып-қызыл болды. * Қыр басына шығып, қайтадан қызыққа қиқу қосып сырғанауға бұл жолы асыққан жоқ. Жүздерi нарттай жанып, бусанып тұр. Т.Сәук. * Қайтқан кісі секілді өрт сөндіріп, Өңім содан қызарып нарттай жанған. Р.Ниязб. Баласыз еді балықшы ата, Орындалды ойдағы арман; Жылап та алды қуанғаннан Көнерген бет нарттай жанды, Кәрі көзден от тұтанды, Кетті жайнап жасарғаннан. Ә.Тәж. * Күн шекесі қызарды. Әлгіндегі қызғылтым бұлт реңі нарттай жанып, шығыс көк жиекке қызыл мақпал перде тұтылғандай боп, әдемі құлпырып тұр. Н.Сер.
НАРТТАЙ ҚЫЗАРДЫ
Алабұртты, өңі оттай жанды. * Табан астында нарттай қызарып кеткен Зүбәржат сәл томпақтау ернiн бұртитып, қолымды иығынан сiлкiп тастамақ болып әуре. Ж.Шағ. * Жердің тесігі болса кіріп кетердей ұялып кетті. Терезеден түскен кешкі күннің сәулесімен жүзі нарттай қызарып, алаулап тұрды. С.Досж. * Келіншек нарттай қызарып үнсіз күліп бұлқымады. С.Елу.
