НАРҚЫН БАҒАЛАДЫ

Қадір тұтты, құндай білді. ~ Ақындықтың нарқын бағалай алмаған кей ақын, әрине, оның қиыннан қиыстырылатын мән-мағынасын түсіне алмаса керек. О.Кенж. ~ Бойда ерік, ойда көрік бар кезде адам дегенің уақыттың нарқын бағалай бермейді екен. Ә.Асқ.

НАРДЫҢ ЖҮГІН КӨТЕРДІ

Аса үлкен жүкті иығына салды. ~ Мынау жалпақ иықтарымен Семен нардың жүгін көтеріп әкетеді. Ғ.Мүс. ~ Тақ-тұқ қисынды сөзге жүгінген жан еді, бүйтіп шашылып-төгілу нардың жүгін көтерумен тең екен, самайы солқылдап, мең-зең басын көтере алмай, екі қолын тізесіне қойған күйі сұлқ отырып қалды. М.Қаб. ~ — Оларды Қыр-Балтабайға орналастыратын болдым. Сіз таныссын деп қана шақырып едім. Ішінде Адырбек деген жігерлі жігіт бар. Нардың жүгін көтерер, тауды мойнына тесіп ілсең қыңқ етпеуге бар. Б.Қыд.

НАРДЫҢ БҰЛЫ

Аса қымбат; қол жетпес баға; бір нарға татырлық. ~ Алтынай қызыл бұзауына мықты бас жіп қайдан табылар екен деген ойға батады. Қойы жоқ үйге жіп-шу деген, нардың бұлы емес пе? дан-бұдан шымқынып сұрап алған уысты құлақ жүн қайбір жарытады? Ж.Айм.

НАРДАЙ ШӨКТІ

Қартайды, шойырылып қалды, еңсесі түсті. ~ Жастық шақ қайтып мойын бұрмадың — ай. Жас дәурен мені қайда бастамадың, Қай кезде ілгері айдап баспаладың. Отырмын кәрілік жеңіп нардай шөгіп, Басымнан өткеннен соң жастық шағым. Н.Әбут. («Байеке Айдаболұлы») ~ Бұл күнде бұзықтарға беріп тізгін, Нараусып, нардай шөкті небір нықтар. «Әй!» деуге аса қарап алар да әл жоқ, Жай қалды жалынып тек жылап, сықтар. Т.Ізт.

  1. Отырып қалды, жер бауырлады. ~ Лезде қабір үстіне қара топырақ жоталанып, қара нардай шөкті. Т.Сәу. ~ Шалдың кенже баласы қолына таяқ ұстап, белін белбеумен қыстап, күн-түн жүріп, айлар-жылдар жүріп, бір заңғар тауға келеді. Нардай шөккен заңғар тау алдын бөгейді. БС «Алдар көсе».

НАРДАЙ ЖІГІТ

Ер тұлғалы, келбетті. ~ Жұманай көсе құла төбел мiнген нардай жiгiтке қатарласа берiп, ойына келе кеткен өз байламын ортаға тастаған. К.Сег. ~ «Неткен бақытсыз жан! — деп ойлады Лима. — Келбетіне қарасаң, нардай жігіт, жүрегі тым нәзік, өзін өзі аямайды. Ә.Тар.

НАРҒА ЖҮГІН САЛҒЫСЫЗ

Өте мықты, қайратты. ~ Бұларды өмірдің өзі шыңдап, сомдай соғып өсіргенін жақсы білем. Мүгедек боп жатса да нарға жүгін салғысыз, нар атандай жандардың талайымен сырлас, мұңдас болдым ғой. Н.Кел.

НАРАУ ТАРТТЫ

Көңілі түсті, енжар тартты. ~ Қас– қабағына қарап, жарым сөзден жай түйетін, өзіңнің ата жолдас, қу кәріңдей қайдан болсын, — деп Тасболат бір сәт нарау тартып, баяу күрсінді. Қ.Жұм. ~ Бір сәт әйелдің жүзі нарау тартып, бір мұңды көлеңке жүгіріп өтті. Қ.Жұм.

НАРАЗЫЛЫҚ ТУДЫ

Қарсылық білдірушілік, келіспеушілік бой өтерді. ~ Ел арасында Абылайға деген наразылық туа бастады. І.Ес. ~ – Себебі, сіздер жинағалы отырған салық шамадан тыс ауыр, әрі тым әділетсіз. Бүйте берсеңіздер, халықтан наразылық тууы мүмкін. Қ.Жұм.

НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРДІ (ТАНЫТТЫ, КӨРСЕТТІ)

Қарсы шықты, келіспеушілік, қарсылық танытып, бас көтерді. ~ – Біз наразылық білдіріп, үнімізді шығарайық деп едік, Месқарын шоқшиып шариғатын тағы соқты: құдайтағала дана адамдарды жер– соға, ешкілерге, ауларға, араққа қожа болсын деп жараттым дейді. Ж.Айм. ~ …Логунов бұл қылмысты аталған партияның мойнына апара алмады. Сол үшін Құнанбай Логуновқа ерекше наразылық білдірді. Т.Жұрт. ~ Содан ба, өлі жанар тап бір әлденеге наразылық танытқан кейуана күрсінісін айналасына үнсіз ұқтырып болғандай енді ап– анық, ап– айқын ренішпен бұған қадалды… С.См. ~ Наразылық көрсетіп, қарсы көтерілген бұратана болса, жермен–жексен қылып жіберетін еді. 1916 жылғы қазақ ішінде болған лайсаң қанды қырғын соларға айғақ. А.Байт.

НАРАЗЫ ҮН (ДАУЫС)

Жақтырмай, келіспей, дауласа үн қату туралы. ~ Ұлжанға Айғыздай зекірген жоқ, кінәлай сөйледі Үй ішінің наразы үнін осылай баспақ. Бірақ онысына Зере болған жоқ. М.Әу. ~ Бұрын ол: «Менің тәтемдей шеше жоқ шығар» дегенді жиі айтар еді, мынандай наразы үнін тұңғыш рет естідім. К.Сег. ~ – Қалай қабылдағыңыз келсе де қарсылығым жоқ,–деді қыз наразы үнмен. Д.Иса. ~ «Құлақ естiгендi көз көредi» деген осы шығар, – дедi жас жiгiт бiр түрлi наразы үнмен. К.Сег. ~ – Қол шәугім қайда? – Менің жанқалтамда! – деді әжесі сәл наразы үнмен. – Қарамайсың ба аржағыңнан… мені бағып жүр деп пе едің? С.Үн. ~ Су ағашты тұтата алмай, газетті дар-дар айырып, астына тыққыштап, ыс-ыс үрген Қатшаның наразы үні біржола алаңдатып бітті. К.Жүн. ~ Наразы дауыстар сап болды. З.Шүк. ~ Такси «Волга» тез ұзай бердi. Осы кезде Нәргүлдiң наразы даусы күшейе түстi. Р.Рай.