НАРАЗЫ КӨҢІЛ

Ашулы, өкпелі, ызалы, кекті көңіл-күй. ~ Сырым. Мен айтсам, Қарагөздің жұртқа білінген наразы көңілін айттым. Ол Наршаға да белгілі болса, менен несін сұрайды. М.Әу. ~ Ақын тілі наразы көңіл мұңдарын осынша терең, әсерлі етіп береді. М.Әу. ~ Және осы күздің бірер күнінде, оңаша шақта Дәрменге де Некрасовтың бірнеше өлеңін, дастанын әдемі әңгіме етіп, шебер тілмен жеткізіп берген. «Крестьян — бұқара халықтың ішіндегі шынды, наразы көңілді, қайғылы халді айтуда ең үлкен үлгі беретін ақын осы» деп баяндаған. М.Әу.

НАРАЗЫ ЖАҚ

Дауы бар, кекті, қарсы тарап. ~ Міне, осыдан барып тобықты іші жікке бөлініп, наразы жақ талай рет шағым арыздар жазып Құнанбайды ел басқару ісінен шеттетуді талап еткен. М.Әу.

НАРАЗЫ БОЛДЫ

Риза болмады, іштей қарсылық білдірді, келіспеушілік танытты. ~ Оқыған кейбір азаматтың саудагер болып кеткеніне Қартқожа ішінен наразы болып жүрді. Ж.Айм. ~ Қап, мына біреу, бір жапырақ болған неменің қылып кеткенін-ай! – деп, Көрпебайға қатты наразы бола қарады. М. Əу. ~ — Уа, жұрт, бір кезде жастардың ісіне наразы болып жүрдік. Дүние бүлінді, енді жақсылық көрмеспіз дегенді де айттық. Былтыр осы мұғалім ауылға келгенде, мен өзім түңіліп едім. өзі бұзылған жастарды онан жаман бұзады ғой деп едім. Б.Майл. ~ Есеней марал жайындағы әңгіменің басталып кетуіне қуанса да, аяқталуына наразы болып қоңырайып қалды. Алдымен өз ағайыны Мүсірепке өкпеледі. Ғ.Мүс. ~ Оспан екі генералмен тиянақты пікірге келе алмайды. Олар Оспанға наразы болып қайтады. Ж.Шәк.

НАР ТҰЛҒАЛЫ

Зор денелі, екі иығына екі кісі мінгендей. * «Нар жолында жүк қалмас» деп тегін айтылмаған. Нар тұлғалы нағыз ердің сойынан шыққан асыл текті апам сөйте жүріп, бәріміздің өз қолымызды өз аузымызға жеткізді. Ү.Жәл. ~ Көрсе, көз тоятын сымбатты, нар тұлғалы жігіт екенсің. Бір тапса, сен табарсың деген оймен саған ғана айтып отырмын. Б.Ыбыр. ~ Жауырының жер иіскемеген нар тұлғалы палуан едің. К.Сег. ~ Заңғар Кертөбелді сұрай келгенде, әдептілігіне де, сыпайы сөзі мен нар тұлғасына да көңілім толғанымен, атты қимап едім. Б.Ыбыр.

НАР ТҰЛҒА

Алып мүсінді, ер мінезді, елдің қорғанышы боларлық асыл азамат. ~ Осылайша қолға түскен нар тұлға жылап-шулаған ауыл адамдарына қарап: «Көз жастарыңды көл қылғанша, естеріңді жинап, ертеңдеріңді ойлаңдар!» – деп қатал әмір етеді. Ж.Шәк. ~ Әншейінде, қандай ірі кісімен қатарласқанда иығы асып шыға келетін нар тұлға да бұл жолы бүктеліп қапты. Ә.Нұрп.

НАР ТҮЙЕДЕЙ

Еңгезердей, алып тұлғалы. * Зейнептің төмпегінің қасындағы зорығып жығылған нар түйедей қызыл төмпектің де топырағы отырайын депті. Ә.Кек. * Бұл мезетте отардың алды көз ұшында нар түйедей көлбеген Қоспақтөбенің қырқасына барып ілінген. С.Асыл.

НАР ТҮЙЕГЕ ЖҮК БОЛҒАНДАЙ

Өте қомақты, үлкен, ауыр жүк туралы. ~ Мұнысы шамаңды біл дегені. Нар түйеге жүк болғандай тепкілеп толтырған дәу қанарды траппен көтеріліп мақта маясының төбесіне апарып төгуге жігіттің жігіті ғана шыдайтыны рас. Қ.Ысқ.

НАР ТОЛҚЫН

Алып толқын. * …ыңырана, күңірене тулаған нар толқындар кеменің өкпе тұсынан көкбеттене ұмтылып, гүрс- гүрс соққылайды. А.Смай. * Халық дәл сол. Ал дауыл тұрса, бұрқ-сарқ долданып, айдынын шайқап, нар толқынын сапырар еді. С.Смат. * Қан тамырларда тоғызыншы валдың нар толқындары сапырылыса, жентектеле, шарпылыса соқтығысып жатыр. С.Смат.

НАР ТӘУЕКЕЛ

Қауіп-қатері бар іске бел байлағанда айтылатын ұран. ~ Мелшиген ажал кеңістігімен бұлай шарасыз бетпе-бет ұшырасу Ахмет қарттың нар тәуекелден туған табанды, еркөңіл шешімі емес, ызалы мәжбүрліктің ашынуы мен ышқынуы еді. Б.Ыбырай. * … жаламаның бетінде ұстасып қалар ма екем деп қорқып ем, ұстамады, әйтеуір. Нар тәуекел, көрейін, жіберіңдер арқанды! Беті қайтты ғой, енді орала қоймас. Ғ.Біл. * Отыра қалып бастан асырып жіберейін десе арқадағы пәле бұның белінен екі аяғын айқастырып алыпты. Нар тәуекел деп өзін- өзі шалқалап тастады. С.Елу. * Осы істеп жүргенімнің бәрі де нар тәуекел. Қатерлі сапардың харекеттері. С.Ом.

НАР МІНЕЗДІ

Айтқанынан қайтпайтын, ер мінезді, қайсар жігіт. ~ Хош, арада екі күн өткен соң, Нұрман Шегірторыны жанындағы бір жігіттен қайтарып жіберіпті. «Әдейі сынау үшін істеп едім, нар мінезді азамат екен, ризамын», — деп сәлем айтыпты. Т.Әбд.