НАР ҚОСПАҚ

Нар інген мен қос өркешті түйенің арасынан шыққан будан. ~ Томанның еншісіне қайда ақ ауыз қой тиеді. Кәрі бие, жаздай қойшы мінген жауыр ат… бес түйе тұқымының ішіндегі жалғыз інгені, бақырауық нар қоспақ еді. З.Шаш.

НАР ҚАСҚА

Үлкен, мықты, ер мінезді ерекше тұлға. ~ Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа, Жарқылдаған алмас па Дейсің-ау, дейсің сен оны, Айырып кетсе жол басқа. Орны тіпті толмас та. Тулатар тек от денені. Т.Айб. ~ — Шіркін, Мұқағали! Қазақ поэзиясының нарқасқасы еді ғой. Тайпалаған жорғадай, шашасына шаң жұқтырмай кетті ғой. С.Жәм. ~ Көз жетпес көкжиекке асырғанда Кермиық кеңдігімнің керегесін. Нар туған нарқасқалар нартәуекел Намыстың суырғанда селебесін. Қ.Аман.

НАР ҚАМЫСТАЙ ҚҰЛАДЫ

Жапырыла құлады. ~ Тыз етiп ыспалай сүйкеп, серпе тартқан сұмдық бiр екпiннен нар қамыстай қопарыла құлағанын бiр-ақ аңғарды. П.Дүйс.

НАР ҚАМЫСТАЙ ҚАЙРАТТЫ

Мықты, берік, күш-қуаты мол, қажырлы. ~ Әсіресе, Каспий сағасындағы желмен баяу тербелетін нар қамыстай қайратты қара шаштардың арасындағы шашылып жатқан майса шуақты, кім кімге болса да ізет, үмітпен қарайтын мейірбан көздің бір қиырындағы жұмсақ нұрды сөйлесе келе аңғарғандай болдым. Б.Қалм.

НАР ҚАМЫСТАЙ ЖАПЫРДЫ

Қырып салды. ~ Қатуланып ақырды, Нар түйедей бақырды. Есіктің алды дұшпанды Даусыменен қорқытып, Нар қамыстай жапырды. А.Байт. («ҚҚҚ»)

НАР ҚАМЫС

Қалың біткен, ит тұмсығы өтпейтін. ~ Жаркөлдің Татыр беткей қабағында, Тәуіштің Торғай құяр сағағында, Жағалай нар қамыстар қоршап тұрған Саумалкөл, екіндінің самалында. Ғ.Қай. * Суға сыңар аяғымен бойлап тұрған нар қамыс үкілі басын тербеді. Р.Отар. * Сейіт аттан түсігі, сыңсыған нар қамыстың үстінен алыс, көкжиекке ұмсына қарап, көзінде уайым мен қуаныш қабат ойнап беймаза халде ұзақ тұрды. Т.Әбд.

НАР КӨТЕРМЕС ЖҮК (САЛМАҚ)

Аса ауыр, еңсені басқан қиындық туралы. * Ең болмаса осындай бір оңаша сәттерде өз мұңымен, өз шерімен жалғыз қалғанда күйзелген көңілдің нар көтермес жүгін қалыңдата түскісі келмеп еді. С.Смат. ~ Балға зәр қосып беретін ала– құла заманның о да болса бір сұрқылтайы тәрізді. Тізелері бүгіліп, нар көтермес салмақты әлден – ақ сезіп келе жатқан сыңайлары бар. С.Смат.

НАР КӨҢІЛ

Қолы ашық, мырза көңіл, кең пейілді, жомарт. ~ Ойламай өткен тірліктің нарқы, парқын да, Досты аңсап келем нар көңіл, Досты аңсап келем әрі асқақ! С.Им. ~ Нар көңілдің жастығы ма, Әлде оянған арман ба, Жүз жасаған Жамбыл ақын кешегі, О, керемет, Грузияға барғанда, Бір сұлуға ғашық бопты деседі. М.Шах.

НАР КЕСКЕНДЕЙ

Алмас қылыштай жарқ-жұрқ еткен, қылшылдап тұрған. * «Осы жолда барған жұмысымды тындырып, əбиір алып қайтсам! » деп, жағалтайдай жайтаңдап, нар кескендей қылшылдап Қызылбике келеді. Ж.Айм.

  1. Наркескен сияқты. * Әрқайсысы батырлар ұстар нар кескендей қайқы мүйізі арбиып, қаннен қаперсіз шөп басын теріп, жайылып келеді. К.Сег.

НАР КЕСКЕН

Сом болаттан соғылған, екі жүзді алмас қылыш. * Данышпан білгіш қой деп ойлаушы едім Арғында жүр екен ғой жоқты мақтап. Найманда екі жүзді нар кескенмін, Желкеңді қимақ үшін қойған саптап. Біржан Сал. * Тауыс па, тоты кұс па жасыл қанат? Жарықтық жұмақ құсы қайда болад? Тұсында ханышаның ілулі тұр Нар кескен — аспаһани қайқы болат. І.Жанс. *… күнге шағылыстырып, жарқ-жарқ еткізіп нар кескен семсерін жалаңдатқан сайыскерлер … Ә.Кек.

  1. Елеулі, оттай жарқылдаған д.м. * Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан нар кескен жылдарын есіне алғаны ма … О.Бөк.