Не болса соны айтып, көп сөйледі, ләйліп кетті. ~ Көңіліңе келмесін, жаңағы әңгімелердің бәрін құлықсыз, тәбетсіз жеген нандай жәй езгілеуім сонан. М.Сүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НАН ҰСТАДЫ
Сөзін дәлелдеу үшін қолына нан ұстап, ант етті. ~ Дүрия болса Көлбайдың сапысын Ырысбек алмады деп ант– су ішіп, қарғанып, нан ұстап әзер құтылыпты. С.Мұр. ~ – Маған айт. Мың жерден құпия болса да, шындықты білуге хақым бар шы¬ғар. Міне, нан ұстап тұрмын ғой, естіген сөзім осы жерде қалады. Т.Сәу.
НАН ҰРСЫН
Сөзін растау үшін қарғану. ~ Мұқтаждан құтқар бізді. Жақында бері. Ренжітпеймін мен сені. Нан ұрсын, алдасам. Егер мен арам пиғылды болсам, сен оны сезер едің. Ш.Айт. ~ Нанбайды екенсіңдер, үй¬лерің¬нің әу бастағы түпкі қожайы¬ны Бодықтан сұраңдар. Екі– ақ адам – мен білемін, сол біледі. Міне, иманым, міне, жаным. Жабдығы дайын¬дал¬ған соң жаңғыртып алармын деп, көршілерімнің бәріне айтып қойған¬м¬ын, нан ұрсын. М.Қан.
- Біреуге жамандық тілеп қарғау. ~ — Өй, мойның үзілсін! .. Өй, аштан қат! Өй, нан ұрсын! .. Сары малай оны тыңдаған жоқ, бет алдына міңгірлеп, көшеге қарай шыға жөнелді. М.Дәул.
НАН ТАУЫП ЖЕДІ
Ептеп-септеп күнін көрді. * Орыс арасында нан тауып жеп жанымыз қала ма деп қаңғырып келе жатқанымыз да… Ғ.Мүс. * Ауызбен орақ органмен қолы қыбырламайтын, «табиғат құрыды, дүние тозды!» — деп отырып, сол өсектен нан тауып жеп жүрген әріптестерінің қысыр әңгімесі жалықтырды. Қ.Ысқ.
НАН ТАЛАП
Күн көріс қамымен жүрген пысықай. ~ Балалар жаңағы адамнан: «Қайда барасыз», — деп сұрайды. Ол адам өздерінен: «Сіздер қайда барасыз?» — дейді. Бұл үшеуі «нан талап» дейді. Әлгі адам да «мен де нан талаппын, қарағым» дейді. «Қ.Ерт.» ~ Бұған керегі мыс пен аллюминий. Көзегенін кезіктірмеді, нан талаптар шегірткеше жайлап кетіпті. Ө.Кәр. ~ «Бүркіт шабытты келсе, қырандығы шығар, жігіт шалымды келсе, ұландығы шығар. Бұл маңайдағы нан талап аңшыдан сенің жолың бөлек. Нағыз қара көз қайтпас қараны қолыңа қондырғың келсе, қырғыз ағайындардың тамырын бас. Ө.Кәр.
НАН ТАБАРЫ БАР
Күн көрерлік білімі бар д.м. * — Қазақ тіліне қалайсың? — Ептеп нан табарым бар. Қазақ мектебінде оқып жүрмін ғой. — Солай ма?!. Жігіт екенсің! Нан тапсаң, қалғанын көре жатасың. Ал мынау отырған Асекең деген мықты болады. Қ.Ысқ.
НАН ТАБАР
Тапсырылған жұмысты жүрдім-бардым атқарып, жалақы үшін ғана істейтін адам туралы. * Сөз сенікі, сөйлей бер, нан табарым, Әлі-ақ ертең әләуләй тарқар әнің. Тұғырыңды бәйгеге қоссаң — сен қос, Тұлпарымды қор қылмай, қаңтарамын. М.Мақ. ~ Әуелі жекелеген ортаға арналған газет-парақшалардан тараған үрдіс кейін үлкен басылымдардың нан табар тәсіліне айналып кетіп, қоғамдық мәселеге ұласқан көрінеді. Қ.Мұх. ~ Өмір бойы қарапайым ауыл мектебінде ұстаздық қызмет атқарған Төлеген Сейіткереев «мұғалім» деген сөзді қатардағы мамандықтың, нан табар кәсіптің атауы емес, халықтың шынайы жүрегінен шығатын зор мәртебелі атақ-дәрежедей етіп кеткен. Қ.Құт.
НАН СҰРАП ЖЕРЛІК
Шала-шарпы ғана деңгей (негізінен басқа тілді меңгеру шамасына қатысты айтылады). ~ Тәжірибесі мүлде жоқ, оның үстіне орысшасы нан сұрап жерлік қана деңгейдегі Құрманбек қызметке аудармашы болып қабылданды. Ар-ай. ~ Мәселен, Англияға немесе Испанияға апарып тастаса он сөз айтамыз. Бір айдан кейін нан сұрап жерлік тілін тәп-тәуір меңгеріп аламыз. А.Сейт. ~ Біләл мен Даниял қалада жүрген кезінде, екі ауылдың шаруашылығы Әрхамның мойнында болып, өзі айтқандай «үзіп-жұлып жүріп Абай ағасынан орысша оқып, нан сұрап жерлік» сауатын ашады. Р.Нұғм.
НАН СОҒАР
Арамтамақ, жатыпішер, даяр асқа тік қасық. ~ «Қолыңнан еш нәрсе келмейді, құр нан соғарсың!»деп әкем маған кеюді шығарды. Мен намыстандым. Қалаға бардым, қызмет қылып әкеме олжа түсірудің жайын қарастырдым. Бірақ кеңес қызметінен маған лайықты орын табылмады. Б.Майл. ~ Беріп кет теңдігімді о дүниеге, Нан соғар, мені осынша жамандадың… Б.Майл. ~ Сасып қалған Елтай: — Қызмет істеп жүрміз,— деді күмілжіңкіреп. — Нан соғармыз деші,— Тоғарылып отырды, отырды да, мүлдем басқадай қоңыр үнмен бәсең сөйледі. М.Қаб. ~ Ал колхозда осыншама нан соғар бар, міне, тізімі, түні бойы есептедім. М.Қаб. ~ Баласының өзінен туған балаға ұқсамай, тек әлдебір нансоғар болып алғаны күйінді. Ч.Дик.
НАН ЖЕРЛІК
Тапқан-таянғаны бала-шағасына тамақ тауып беруге ғана жетерлік. ~ Бостандыққа шыққан Құрекең енді Райымбек ауданына бармай-ақ, осы арадан шөберелес туыстарын тапты, көбінің тіршілігі нан жерлік қана. Н.Абдр.
