НАР ЖЫҒАР

Алпауыт күш иесі туралы. * Шағиман шалдың жүріс- тұрысы, қысылмай қайқайтып тұрып дүңк еткізетін сөздері, керек жерде кәдеге жарататын ақыр заман ылпың- жылпың қулығы, нар жығар қаруы мен өткір, сексеуілдің шоғындай әмісе жайнап тұратын көзі аса таңырқатқан- ды. О.Бөк.

НАР ЖІГІТ

Алып тұлғалы, ірі денелі, ер мінезді. * Тарастың құлағына ат тұяғының дүбірі естілетіндей, көз алдынан найза сілтескен нар жігіттердің жанды бейнесі атойлап елес беретіндей көзі жайнап, қаны ойнап кететін. Ү.Жәл. * Демежанның білім- беделін былай қойып, сырт тұлғасы өзінен әлдеқайда биік, екі иығына екі кісі мінгендей, нар жігіт екенін көргенде, қаны басына шауып, ішінде алай- дүлей боран соғып өткендей болған. Қ.Жұм. * Кесек тұлғасымен түгел ойысқан нар жігіттің «қалтырап дірілдемеген» өн- бойы жоқ еді. С.Смат. ~ Мә, оқы, шалқаңнан түспе тек! Сендей нар жігіттер газет бетіндегі былшылға шарт сынса, біз сияқты уақытша әкімдер танауымен жер сүзіп, есінен тануы анық…М.Сәрс.

НАР БІТІМ (МҮСІН)

Кесек тұлғалы, еңгезердей. ~ Құлазыған қу медиен шөлдің әлпетін ибалы, ерке нұр дарыған құлашалыс бояу торғынымен әрлеп, бет-бейнесін мөлдірлеп ажарлаған да, неше алуан нар бітім, айыр жоталарды өркештеп көрсеткен де осы сиқырлы күн еді. Б.Ыбырай. ~ Әрқайсысында ащы ұят, өрт өкініш, зәр қысым, Бәрінен де ашулы Сайыпқыран нар мүсін, «Қап, сені ме!» — десін де ол, пәрменімен қарғысын. М.Мақ.

НАР АТАННЫҢ ЖІЛІГІНДЕЙ

Еңгезердей үлкен. ~ Қорқыттың түсіне кірген абыз бұл аспаптың алты жасар нар атанның жілігіндей‚ шанағы қара бақырдай‚ көні аруананың бауыр терісінен болсын‚ тиегі ор текенің мүйізінен‚ ішегі бесті айғырдың құйрығынан болсын‚ аты — Қобыз болсын деп бата бергенін оқып‚ жиырманың жуан ортасындағы қыз балаша еңкілдеп жылады. Қ.Түм.

НАР АТАНДЫ

Ер жетті, есейді. ~ Содан ауруға шалдыққан, ақыры ерте 45 жасында дүние салды. Мынау ұлдарының нар атанған кемелді шағын көре алмай кетті. К.Қаз.

НАР АТАНДАЙ

Ер тұлғалы, еңгезердей, қайраты-қажры мол. ~ Бұларды өмірдің өзі шыңдап, сомдай соғып өсіргенін жақсы білем. Мүгедек боп жатса да нарға жүгін салғысыз, нар атандай жандардың талайымен сырлас, мұңдас болдым ғой. Н.Кел.

НАНЫН ТАУЫП ЖЕЙ АЛМАЙДЫ

Қолынан ештеңе келмейді, еш жұмысқа қыры жоқ. ~ — Ә, солай ма? Ендеше менi тыңда. Айналайын, сен әлi шiп-шикi баласың.Сендейлер ертең нанын да тауып жей алмайды. Б.Алд.

НАНЫН ТАУЫП ЖЕДІ (ТАПТЫ)

Күнін көрерлік әрекет асады, жұмыс жасады. ~ Сорлы соншама көздің жауын аларлық қағына қызыл болмаса ғой, бір жерде нанын тауып, күнін көріп жүрер еді, міне, енді Әдібайдың жаман төсегінің тұсында сойған түлкідей ырсиып тұр. О.Әу. ~ Үшіншісі… білмесе білмейді де. Нанын тауып жесе болды, оған тұлғаның не керегі бар?!.. Ж.Аяз. ~ − Әй қарағам, осы қаршадай балалардың миын ашытпасаңдаршы. Оқымаса да бір нанын тауып жер, тек дендері сау болсын де,- деген. С.Мұр. ~ – Сен оқып, менің көсегемді көгертпей-ақ қойшы, әкем! Ата-бабаң оқымай да нанын тапқан. Ел есін жия алмай жатқанда қайдағы қаражат, — деп жездем қатты кейіп… Т.Әбд. ~ Әркім өз ісімен айналысу керек. Салтын ұстап, дәстүрін жалғастырса, жерде еңбек етіп, нанын тапқан ел артта қалғаны ма? АҚ «Таразы…»

НАНЫМ БАР, НАНЫМ БАР ДЕГЕНШЕ

Құр сөзден гөрі іс артық д.м. ~ — Керімбала дей берсек, мынауың зың ете қалушы еді, қоя тұрсақ қайтеді. — Жоқ, Қасеке, «наным бар, наным бар» дегенше жеп тынайық та. К.Қаз.

НАНЫ ЖҮРІП ТҰР

Жолы ашылып, тасы өрге домалады. * Нұртай әскерге алынар алдында Тұяқбай Ағабекке барған. Басқарманың наны жүріп тұрған кез. О.Сәрс. * Адамдардың көлемді шығармаларды оқуға уақытының жоқтығын ескерсек, бүгінде мөлтек ңгімелердің
наны жүріп тұр деуге болады. А.Үсен. ~ Бұл кезде, өйтіп-бүйтіп жүріп сауат ашқаны арқасында, менің әкемнің наны жүріп, ауданда жүн-жұрқа жинайтын мекемеге бастық болып өседі. Ө.Ахм. ~ Енді олар Әбілқайырдың жер түбіндегі орыстан қолдау
іздеп, қазақ алдындағы беделін күрт төмендетіп алған мынандай ұрымтал тұсында Қайып баласының асығын алшысынан түсіруге биттерін салып бақты. Кіші жүзде Батырдың наны жүргені өздерінің наны жүргені деп ойлайды. Ә.Кек.