Ар-ожданын аяққа басты. * Олар қазір өз жүрегі қалаған ғашығы үшін күйген Ақан сері дегенді ұмытқан. Ру, ата намысын лайлаған жау тұр деп қана түсінеді. С.Жүн.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НАМЫСЫН ҚЫТЫҚТАДЫ
Арына тиіп, мазақ қылды. ~ Өзгелерге «сіз» деп, бұған «сен» деп сөйлескені Тұрғаттың намысын қытықтап, сыздандырып кетті. Д.Иса.
НАМЫСЫН ҚОРҒАДЫ
Намысын аяққа басқызбады. ~ Ақанға қанша өкпелі болғанмен, шынтуайтқа келгенде елінің жоғын жоқтап, намысын қорғайтын, ел қамын жейтін Едіге емес пе деп, тыңдаған жұртты бір қаратып алам да, ай қызыл тілді безеймін-ау, жарықтықты. С.Жүн. ~ Патша білінер-білінбес миығынан жымиып қойды: – Намысын қорғап атқа мінгенде, соңыңнан ермеген елге қалай қызмет етпекшісің? Сенің халқыңда болашақ жоқ! Т.Сәу.
НАМЫСЫН ҚОЗДЫРДЫ
Ар-ұятына тиіп, ашуын келтірді. ~ Қайткенмен де, Нұрғалидың сондағы қалпы — Нағиманың қанын қыздырғандай, намысын қоздырғандай еді. Б.Май. ~ Адам баласының зығырданын қайнатып, намысын қоздыратын лағынатты атаулар Боранқұлдың қолқа-жүрегін жылан болып шаққылады. Ғ.Біл. ~ Қызғанышын көңіл қалтарысына тық- палағанымен енесінің даусын естіп қалған ашқарақ қозыдай қоя берген өкпелі сезімі күйеуінің әлгіндегі сөзінен соң бұрынғыдан бетер ушықты. Қапелімде ызасын келтіріп, намысын қоздырды. Ө.Кәр.
НАМЫСЫН ҚОЗҒАДЫ
Қорлады, арына тиді. ~ «Менің жайымды білгің келсе, таудың қуысында жатқан қазақтан сұра» дегені намысын қозғады. Ж.Ахм. ~ Өйткені, ру аясындағы кез келген адам өзінің еншісі бip руын қаншалықты пана тұтса, өзі де соншалықты сол рудың намысын жыртатын еді. Былайша айтқанда, ру аясындағы кез келген адам заттан зәбір көрсе, мұның өзі екі тұтас рудың намысын қозғаған. Р.Кар.
НАМЫСЫН ҚАМШЫЛАДЫ
Ар-ожданын оятты, кеудесін көтертті. ~ — Бас жаққа барыспайық. Мына біздер — қазақтың намысымыз. — Өйтсе, жаппай қамшы ұстасын. — Ұстамауы мүмкін емес. Намысын қамшылау үшін керек. Айдауышсыз ат жүрмейді. Ө.Кәр. ~ Бесiктен белi шықпай жатып-ақ елiнiң өткенi мен бүгiнiн, бүгiнi мен ертеңiн салиқалы жандарша саралайтын әдет тауып, алды-артына қараған сайын халқының қайғылы халi намысын қамшылап, жiгерiн жани түсiптi. Ә.Сал. * Мен туғанда мойынын бұрған шынар, Намысымды қалғысам бір қамшылар. Көгертсін деп тасты да көктем болып,
Анам мені көктемде туған шығар. Р.Ниязб.
НАМЫСЫН ҚАЙРАДЫ
Шамына от қойды, жігер қосты. ~ Мен біраз жылдан бері назар аударып жүрген өршіл ақын Сабыр Адай қазақтың намысын қайрайды… Г.Бел. ~ Ойпыр- ай, сайқалдықтың да түрі көп- ay. Қытығына тиіп, намысын қайрауын қарашы, ә?.. Иә, қызық өмір… М.Сүн. ~ Меніңше, халықтың рухани көтеретін, басылып қалған намысын қайрайтын әшкерелеу әуендері бүгінгі қазақ поэзиясына әлі де жетіспейтін сияқты. Г.Бел.
НАМЫСЫН ЖОҚТАДЫ
Аяққа тапталған ар-ұятын, абыройын ойлап, мұңға батты, зар қақты. ~ «Байымнан бір айырдың, баламнан екі айырдың, уа шұнақ құдай, не жазып ем мен саған! » деп көз жасы төгіп, адамның аза бойын қаза қылады. Біздің үйге көп келеді. Кейде «Қайтейін, ең болмаса намысын жоқтайтын ізінен іні де ерте алмадым мен сорлы» деп бетін жыртады. Н.Сер.
НАМЫСЫН ЖІБЕРМЕДІ
Есесін жегізбеді, қорлатпады, арын басқызбады. ~ Агба сәйгүлігінің өзін әлі де тежеп келе жатқандығын сезді, артық туған арғымақтың тұяқтыға намысын жібермейтін көкбет долылығы қайда, неге барысша атыла жөнелмейді, неге іркіле береді? А.Смай.
НАМЫСЫН АЯҚҚА БАСТЫ
Ұятқа қалдырды, қорлады. * Ақырында айтты: Осыдан осы үйден кетіп көр, біздің әулеттің намысын аяққа басып көр, шашыңнан сүйреп апарып, Сырдың суына тұншықтырып өлтіремін. Ә.Тар. * Тіпті оның жалғыз үй отырып-ақ кеудесін асқақ ұстап, өктем-өктем сөйлеп, кейбір қылжақпас жігіттерді тақымына басып, тәубесін көзіне көрсетіп жіберуінің өзі намысты аяққа басқандық екен-ау. А.Өтег. * Кедейдің баласы еді. Бірақ, оңбаған шіркін, сайланып алған соң, көпшігі қисайып кетті. Кедей намысын аяққа басып, аталық жолына тартты. Б.Май. * Енді сен ешқайда кете алмайсың. Әулеттің намысын аяққа баса алмайсың. Әулет намысына, әулет арына тәңірдей табынып әкең мен шешең отыр, әулет арына тәңірдей табынып ағаларың жүр, ендеше, сен құтырма, көңіліңе кісен сал, қиялыңды қапасқа қама. Ә.Тар.
