НАМЫСЫ ОЯНДЫ

Ар-ожданын, ұят-намысын қорғауды ойлап, делебесі қозды. ~ Қандастарымыз кейде өзара әлдебір іске налығанда ерме, елікпе, желікпе, оңғақ, бедерсіз халықпыз деп, жанын жұлып жегендей күйініп жатады. Батырып айтсам, намысы оянар дейтіннен болуы керек. Ж.Аяз. ~ … үлкен кісінің өзі тәуекел еткелі жатыр!.. дегені сол: бұл көкеңнің ұлы дүбірді сезсе делебесі қозатын қашанғы әдеті, намысы оянып, кеудесі көтерілді. Д.Дос. ~ Жарық айлы бүгінгі түн қаралы қанды түн болды. Өз намысы оянбаған екі бейбақ, асығы түгел әлдекімнің намысына итаршылық жасады да, жайрап түсті қос арыс! М.Әу.

НАМЫСЫ ОТТАЙ ЛАУЛАДЫ

Кеудесінде ар-ұяты оттай тұтанды. ~ Николайдың мана қарамай кетуін, менсінбеуіне жорыған Айғанымның ұлттық та, аға сұлтандық та, әйелдік те, намысы оттай лаулап, бұл қызу, былай да сұлу бетін тіпті құлпырта түскен. С.Мұқ.

НАМЫСЫ ҚОЗДЫ (ҚЫЗДЫ)

Ар-намысын аяққа бастырмай, ашуға мінді. ~ Иса бұдан әрі бөгелсе Шәрбанудан көз жазып қалатындай заматта қаны қызып, намысы қозды. А.Жақс. ~ Осы мезет батырдың намысы қозып аруақ көтеріп кетеді… Д.Дос. ~ Соңғы ойынан намысы қоза қалғанмен, Шыңғыстың қай жолмен кетерін бақылағысы келген Тілеміс, ерттеулі тұрған атына мінді де, «Қызыл қырманның» бір қабат жиегін ала шоқытты. С.Мұқ.

НАМЫСЫ ҚЫЗДЫ

Қатты намыстанып, қаһарланды. ~ — Не дейсің бәлем?— деді Жұман сөзіме намысы қызғандай оң қолындағы қамшысын көтеріп,— тартып-тартып жіберейін бе осы, ә?.. С.Мұқ.

НАМЫСЫ ҚАЙНАДЫ

Абырой-ары үшін кеудесін кек кернеді. * Осы арада ашумен булығып кеп, Бөжей үшін, Пұшарбай үшін, барлық ағайын ел үшін намысы қайнап, жаны ашып, Жігітек жаққа жарқ бергені анық. М.Әу. * Кешке шейiн осындай түртпекпен жүрген Оралбайдың намысы қайнап:» Базаралының өзi келсiн. Бауырым бар едi десе, осы бүгiнгi күн көзiме бiр көрiнсiн!» деген. М.Әу. ~ Англосакс намысы қайнаған Кэстли биялайын лақтырған екен, астам атаман анадайда қолына сыпырғы ұстап сілейіп тұрған малайын шақырып ап, қынабының ұшымен нұсқап көрсетіп: «Мынаның керегі болар. Қалтаңа салып ал!» – депті. Ә.Кек. ~ Тұтқыннан босанғаннан кейін көкейлерінде тек ел намысы қайнаған ағайынды қос батыр дереу Қоңыраттың ер жүрек жігіттерін жинап, Сағыр қолына кеп қосылған. І.Ес.

НАМЫСЫ КЕЛДІ

Әлденеге қорланды, ашуы келді. * Оқысақ біз де осылардай боламыз-ау!.. деп азырақ күндегендей боп отырды. Әйтсе де өзін елемегеніне қорланып, намысы келді. Ж.Айм. * … Шыңғыстың бөктеріндегі шашты сайтаныңды сен де тыйсаңшы!» деп бетінен алыпты дейді. Соған намысы келіп, Құнекеңнің қатуланып отырғаны әлгі ғой, -деді. М.Әу.

НАМЫСЫ ЖОҚ

Ар-ожданнан жұрдай, намыссыз ез. ~ Жүніс (бағанадан түнеріп отырған). Жеңеше, мені сөйлетпесең қайтеді, қорлыққа шыдаған, намысы жоқ шығармын мен? М.Әу. ~ Шернияз: Қандай тор, нені тұспал етесіңдер, Ел емес, намысы жоқ жетесіздер, Байы мен, мен Шернияз, не қыл дейсің, Кәнеки кімің асып кетесіңдер? М.Әу. ~ Жол берді оған, қамыс тағы ашылды, Намысы жоқ қамыс тағы бас ұрды. Біраз сыбыр. Біраз жыбыр. Дыбыс жоқ. Көк айықты, жел де енді басылды. М.Жұм.

НАМЫСЫ БАР

Арлы, намыссыз емес. ~ Қ ы з д а р (Бекешке). Пана бол, зар илеген ел анаңа, Пана бол, жөргектегі жас балаға. Ел зары — намысы бар ердің зары, Пана бол, тентіретпе қудала! М.Әу. ~ Атаның ақ жолынан айнымастан, Арыстар арпалысқан айбыны асқан. Нағыз ер намысы бар халқын ойлар, Кiргенше қара жерге қойнын ашқан! Н.Айт.

НАМЫСТЫҢ ТҰЛПАРЫНА МІНДІ

Намысын иу қып ұстады, намысы үшін атқа мінді. * Көрсін де ыза мен кек кернеп, қару-жарағын алып, намыстың тұлпарына мінсін. Жуан-жуандар наймандардың жерін тартып алды. Ш.Айт.

НАМЫСТЫ (ҚОЛДАН) БЕРМЕДІ

Барын салып күресті; жеңіс биігінен көрінді; ұятқа қалған жоқ, арын сақтап қалды, ерлік жасады. * Жайықтың бойы қамыс-ты, Бермейміз деп намысты, Екі батыр екпінмен Жақындасып қалысты. А.Байт. («Қ.Қ.Қ») ~ — Бәрекелде, тарланым , бермедің қолдан намысты! …Біреулер тістеп бармағын, бокалға біреу жабысты. Ф.Оңғ. ~ Алыс-жақын, аңдап, бағып аңысын, Ата жауға қолдан бермей намысын. Әке менің түзде жортып, түн қатқан, Қара бала, қара қазан қамы үшін. Қ.Бұғ. ~ Сатқындық — ердің көрі деп, Намысын қолдан бермеген. Сенім — Құдай төрі деп, Кетбұға қылыш сермеген. Б.Райыс. * Әйтеуір ауызға түсіп тұрған ризықты әлдебіреудің тапа-тал түсте тартып алғанын, мұның өзі масқара қорлық екенін, ендеше намысты қолдан бермеу керектігін шала-пұла сезеді. О.Сәрс. ~ Өзінің ет жақындарымен ақылдасып, осы жолы намысты қолдан бермеудің жайын мықтап еске түйіп еді. Ү.Жәл.

НАМЫСТАН ӨРТЕНДІ

Намыс отына күйді. * Базаралы бұны естiгенде қатты күйiп, намыстан өртенгендей болды. М.Әу. * Байдың намыстан өртенген жас мырзасы Мәрукейді құтқармайды. Ж.Ахм.