Намысты қолдан бермеуге тырысты. — Енді жайлауға жеткенше, көретін күніміз осы. Әй, шырағым-ай, шыдай алар ма екенсің? — Шыдаймын! – Ерік намысқа тырысты. Б.Ыбырайым. * Биік жер, ауа жетпей тынысым тарылғанын сеземін. Қайтейін, қиналсам да намысқа тырысамын, не де болса аяғына дейін шыдамаққа бекінген боламын. Ә.Асқ. * Кербұғы мойын сіңірлерін сәл босатып жіберсе, зіл болып басқан алтын бас сылқ етіп қара жерге домалап түсердей еді, дес берді де, намысқа тырысып қана тегіндегі атақ данқын сақтай алды. О.Бөк. ~ Жұрттың назарын жаулап алып, қыран-топан еткен алдыңғы екеуінен кем түспеуге бекініп, намысқа тырысып, сахнаға ойнақтап шыға келді. А.Жақсы. ~ Сонда отырып хан мен би, Шалға қарап ұрысты. Таппаған соң жақсылар, Намысына тырысты. А.Байт. ~ Болса да елдің сұлтаны, Шет қала алмай ұрыстан. Хас батырдың ұрпағы, Намысына тырысқан. Жау әскері шошынды. С.Тұрғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
НАМЫСҚА ТИДІ
Қорлады, шамына тиді. ~ Цебен-Рабданның «қазаққа қастығым жоқ еді, өздері намысыма тиіп, «қалыңдығымды тонап, қорлады» — деген уәжі атаусыз қалар … Т.Жұрт. ~ Екі сөзіңіздің бірі қорлау, кемсіту, намысқа тию, ақырында міне, жылату. Сіз менен он екі жас үлкенсіз. Менімен қатарыңыздай, жауыңыздай сөйлейсіз. Д.Ис. ~ Осы оймен Ғалия Балуанды қанша тізгіндеймін дегенмен, кейде айырылып қалады. «Қорғалап өлем бе? Тәңірі өзі берген жанын өзі алмай ма?» — деп ол намысына тиген жерлерде сыбағасын жібермейді, ерегіскен адамына қолы да, тілі де тиіп жүреді. C.Мұқ. ~ … әйтсе де оның сөзге сараңдығы бар, оның үстіне кейде аяқ астынан қитығып қалады, бұл жерде дөкірлік көрсетіп алмай, үй иесінің намысына тимей сыпайы-сынық сөйлеген дұрыс. Н.Қам.
НАМЫС ОТЫНА ӨРТЕНДІ
Қатты қорланды, ұяттан жерге кіре жаздады. * Ашу-ыза алды-артын ойлатпай, намыс отына өртенген неменің бұлар қашан аттанып жүріп кеткенше ауылға оралмасын білмеді ме? Ә.Нұрп.
НАМЫС ҚЫСТЫ (ҚЫСТАДЫ)
Қорланды, ұят санады, қатты намыстанды. * Оның Нұртайға еріп келген жігіттердің бірі екенін білгенде қара-қалпақтардың көзі шырадай жанып еді. Қазір аяп отыр. Ақназардың кеудесін намыс қысты. З.Шүк. * Не істерін білмей әрі намыс қысқан — бәрі де сойталдай жігіттер ғой — топ үнсіз иіріліп тұр. М.Қаб.~ Ол председательдің орнында отырған кісі секілді, стол басында отырып, жанын реніш пен намыс қысып, толқып кетті де, тап бір дән шұқығандай, басын ілгері қарай шұлғи берді, оңып кеткен көк орамалы жылжып маңдайына түсті: қалай қарай зымп берсем екен?—деп аяқтарың тыным таппағалы қаш-шан. В.Расп. * Ол кісіні, бір жағынан, намыс қыстап отыр — жыл бойы сыр бермей келіп, дәл отамалының тұсында ауруды әдейі сұрап алғандай ұшып жығылды. М.Қаб.
НАМЫС ҚЫЛДЫ
Ұят көрді, арланды. ~ … Айтпақшы, сіз Төртуыл емес, Керей екенсіз ғой? Олар өздерін ұзақ жыл жат біреудің билегенін қатты намыс қылады екен. Қ.Жұм. * Қара жүрегімді қақ жарып, өз ішімнен шыққан балам, төлімнің сірге жияр кенжесі ана сүтін ақтамады. Астында «Мерседес» машина. Анасын арлы-берлі алып жүргеннен намыс қылады. Т.Рыск. * Оның көкейiне қандай көгершiннiң ұя басып жүргенiн бiле алмай жол бойы қайыра сұрауды намыс қылғанмен, «Ол не сыр?» деген сауал Қасқақтың да ойында болатын. К.Сег. * … Айтпақшы, сіз Төртуыл емес, Керей екенсіз ғой? Олар өздерін ұзақ жыл жат біреудің билегенін қатты намыс қылады екен. Қ.Жұм.
НАМЫС ҚУДЫ
Ар-ұятын, абыройын сақтау үшін жанын салды. ~ Оның үстіне Қарауыл мен Керейдің дау-жанжалына қарамай Қарауылдағы дос, серіктерінен де қол үзбеді. Бөріктінің намысы бір. Бірақ намыс қуған Біржан жоқ. Оның қуары ойы. С.Смат. ~ Бөжей намысын қуғандары шын болса, ол намыс, ол ар деген нәрселер оңай ма еді? М.Әу. ~ Енді мына Лубсанды жеңіп келген абройлы сапарда сол ағалардың намыс қуған түрін көре алмай қайтты. С.Смат. ~ Абаймен туыстым деген ата ұлы Құнанбай, Өскенбай, Ырғызбай емес. «Намыс қудым» дегенсіген жақынсымақ емес. М.Әу.
НАМЫС КӨРДІ
Ұят санады, арланды. * Қара халқы мен оқығанының арасында жақындық болмады, бірін бірі жек көрді. Ақсүйек, дворяндар қара халықпен сүйкесуді бойына қорлық, намыс көрді. Ж.Айм. * Балалардан жылауды намыс көрді ме қалай, Темір өксігін баса алмаса да: — Бала емес,— деді әлденеге насаттанғандай нығыздана түсіп … Ә.Әб. * Болысыңа айта бар: жылатпаймын, көр қылмаймын десе қолымнан келіп алсын. Тойын жасап, қыздай қылып ұзатамын. Болмаса осы той сонікі. Егер болыс басына осыны намыс көрмесе, мен де сертімді бұзбадым. Қ.Ысқ. * Сонда қайда кетеді? Қайда барып күн көрмек? Өткен жылы бұлай қашу түгіл, жай бой тасалаудың өзін қатты намыс көріп, бас тартқан жоқ па еді?.. Қ.Жұм.
НАМЫС КЕРНЕДІ
Намыстанды, ашу буды. * Шер жанышқан ер жүрегім көкірегіме сыймас ед, тұла бойым намыс кернеп, желді күнгі өрттей жанар ем. Ж.Айм. * Жұрт аң-таң. Сөйтсек, ұзақ сілкілесуге шыдамай серке екі бөлінген екен. Намыс кернеген қос шалды осылай бітістіргендей көрінді маған. Б.Мом.
НАМЫС ІСІ
Адамның ар-ожданына, абыройына, ұятына қатысты д.м. * Мынау Өзбекстан Ташкен, ал мынау Қазақстан деген сөз мәдениеттен мәдениетсіздікке, үлгілі еңбек өлкесінен тоғышарлыққа, барлықтан жұтаңдыққа, мемлекет мырзалығын сараңдыққа, көркемдіктен ластыққа, былапытқа, асфальт жолдан шанды оқапты, қисық соққан сұмырай жолға ауысудың шекарасы боп тұру мүмкін емес. Республикалық намыс ісі. Бұл — Сарыағаш туралы жайлар. М.Әу. * Қонақ кiсiнiң сөзiнен кейiн ол ел шетiнде жүрген кiсiлердi ұстауға Сүйiнғара кеше түнде бiрден-ақ бел шешкен. “Ат сабылтып мен деп келген екен. Менiң одан жалтаруыма болмайды. Ол — намыс iсi. Өлсем жау қолында-ақ өлейiн. М.Әбдіх. * Абай да айтқан: «Бас қосылса арысқа, кім шабады намысқа» деп. Арысқа түсу – намыс ісі. Шал ақын «Арыста намыс сөйлейді» деп дәл анықтама берген. М.Азб.
НАМЫС БУДЫ
Арланып, ашу қысты. * Қанжар мен қылышымды қоса қайрап, Найза ұстап, аш беліме семсер байлап. Жорыққа ертелі-кеш шығып жүрдім, Ыза-кек, намыс буып, қаным қайнап… Сегіз Сері. *Ләм деп тіс жармапты. Қабағын да қақпапты. Жаңабай жағы улап-шулап, намыс буып, кек қысып, орындарынан тұра-тұра ұмтыла бастаса, Қабылбек оларға тек қолымен белгі беріп басып тастап отырады. Бірақ тіс жармайды. Б.Мом. * Сұрау салғызсам, Ақмырзаның үйірінде жүр дейді. Шайтан азғырды ма, жалған намыс буды ма, Көктұйғынды Ақмырзаның үйірімен қоса айдап кеттім. С.См. * Бірақ «Ғұмырымда ажалдан басқадан қорықпаймын» деп жүретін Мергенді намыс буды ма, әлде ашу қысты ма, тіпті болмаса осынау маңда жиі кездесе бермейтін нілдей қара аюдың мамық терісі қызықтырды ма, ол жағын өзі де бағамдап үлгірген жоқ, әйтеуір жан ұшыра үңгіріне жетіп, Ақшолақты алып шыққан. Қ.Ысқ.
