НАМЫС (НАМЫСЫН) ЖЫРТТЫ

Елінің (біреудің) абыройы үшін жанын салды, ар-ұятын сақтау үшін күресті, біреудің жоғын жоқтады. * Жатқан жылан екенсің ожар кірпік, Абайламай басыппын ажал түртіп.
Шүленсімей отырсаң сол да жетер, Шашылма біреу үшін намыс жыртып!.. Қ.Ысқ. * Мен — өзіңізбін. Басқа жерде дәл бүйтсе, не беделіңіз қалады? — деп Мақан намыс жыртты. С.См. ~ Бері кел, шырағым, бері кел… Еліңнің намысын жыртып атқа қонған екенсің, сапарың оң болғай-ақты, қарағым… — деп, екі қарт Күлшеге ортасынан орын берді. Ғ.Мүс. * Нақ менің өзіме тие қоятын ешкім де жоқ еді, пароходтағыларды солдатқа алмайтын да еді; ауылдағы інім ілігіп, соның намысын жыртам деп көзге түстім де, қуғынға ұшыраған соң осында қаштым. C.Мұқ. ~ Алып екі империялардың қуғын-сүргендері оны алған бағытынан қайтара алған жоқ. Ол қазақ халқының намысын жыртып, жоғын жоқтап өтті. Қ.Бегм. * Әйтеуір өлмешінің күні де. Екі қошқар сүзіссе, солардың шашбауын көтеріп, намысын жыртып, барымташысы боласың. С.Жүн.

НАМЫС (НАМЫСЫ) ЖІБЕРМЕДІ

Әлдебір іске аяқ басуға арланды, ұятын ойлады. * Мен тағы үндемедім. «Ауырады» десем, намыс жібермейді, «ауырмайды» десем, әлгідей ұстап жанымды шығара ма деп қорқып келемін. Т.Әбд. * Жігіттік намысым жібермеді. Білсін, бәлем, онсыз да күн көре алатынымды деп, айттым да салдым, қайдан шықса, одан шықсын деп. Ә.Нұрш. * Жаз бойы бұлар үйден шыққан жоқ. Аштықты да, кемтарлықты да көп көрді. Кісіге барып, көз сүзіп сауын сұрауға, жалпетек болуға намыстары жібермеді. М.Әу. * «Мен де соның бірі емеспін бе» деуге буаз қайнағаның иә намысы жібермеді, иә мойындағысы келмеді, әйтеуір, ағайыннан қашпағанмен «иттікті» бөліп-жаруға жоқ екен, айналып келіп Қотиынға қайта тиісті. Қ.Ысқ. ~ Өз ойынан өзі ұялды. Ұзап кеткен екеуді енді тоқтатуға кеш. Оған бұның намысы жібермейді. Ү.Жәл.

НАМБҰТ ҚҰДАЙҒА ШЫНЫМ

Имандай шыным. * ─ Ал енді, қалған ет, май, жүн–жұрқа, тері–терсек сияқты нәлөктеріңнен де қалып көргем жоқ… Міне, күн батып бара жатыр, намбұт құдайға шыным… Т.Әбд.

НАМАҚҰЛ КӨРДІ

Теріс санады, мақұл көрмеді. ~ — Дүниедегі ең жақсы ілім-білім не? – деп сұрапты Ғұламадан. — Жамандар жақтырмайтын, надандар намақұл көретін ілім, — деп жауап беріпті Ғұлама. И.Сап.

НАМАЗЫНАН ЖАҢЫЛДЫ

Тура жолынан, ежелгі әдетінен адасты. ~ – Жә, ақсақал, – деді Әбжал көзі алайып. – Жақауратпаңыз өйтіп. Досмағанбеттің талқаны таусылған екен деп, талқаны таусыларда ойнастары тырнадай тізіліп келген екен деп, намазымнан жаңылар жайым жоқ. Н.Дәу.

НАМАЗЫ ҚАЗА БОЛДЫ (ҚАЛДЫ)

Намаз уақытын өткізіп алды. * Сүттің уызын, қымыздың тұнығын молдаға татыратын. Молда жоқ болса, намазы қаза болғандай, келіндер де: «Молданы шақыр» деп отыратын. Ж.Айм. ~ — Кемпір-ау, таң атты, намазың қаза қалды ғой. З.Шүк.

  1. Әлдебір себеппен, оқыған дұғасы қабыл болмады, намазы саналмады деген мағынада. ~ Қаза болса, намазы қаза болған, Дастарқаны қазақтың таза болған. Дәм-тұзымды келген жұрт қасиеттеп, Иттік қылған жан болса жазаланған. Ө. Қож.

НАМАЗЫ ҚАЗА БОЛҒАНДАЙ

Әлдебір күнәға батқандай сезіну туралы. * Сүттің уызын, қымыздың тұнығын молдаға татыратын. Молда жоқ болса, намазы қаза болғандай, келіндер де: «Молданы шақыр» деп отыратын. Ж.Айм. ~ Діні басқаны былай қойғанда, танымалды маңайына жуытпайтын ежелгі кержак бүгін аяқ-астынан салт бұзды. Соған өзі де таң. Енді намазы қаза болғандай — ақ тынышы кетіп, елегізіп жатыр. Қ.Ысқ.

НАМАЗШАМ БАЙЫДЫ

Кеш үйірілген уақыт. * Намазшам байып бара жатқан мамыр айының аяқ шені. Hay теректер басында құс атаулы той боларын сезгендей у да шу. Ш.Мұрт.

НАМАЗҒА ҰЙЫДЫ

Намазға бас қойды. * Ал, ендеше бесін намазына ұйыдым», — деді де әлгі сұсты кісі сырт киімін, кебісін шешіп, мұның қолына ұстатты, мешіт ішіне еңкейіп еніп кетті. Д.Досж.

НАМАЗҒА ҰЙЫҒАНДАЙ БОЛДЫ (ТЫҢДАДЫ)

Селт етпей, ықыласпен тыңдады. * «Күлдiрлеп қоңыраудай, күй сыңқылдап. Бота күй маймаң қақты үн былқылдап. Қоғадай салбырасып хан, қарасы, Намазға ұйығандай отыр тыңдап». І.Жанс. * Кене ордасында күйші күймен көпшілікті ұйытады. Ханның өзі де намазға ұйығандай тыңдайды. БАҚ