НАЗАРЫНДА БОЛДЫ

Біреудің бақылауында болды. ~ – Жарайды, Байсерке де, Ысқақ та біздің назарымызда болады, — деді Матен- амбы орындыққа шалқая түсіп. Қ.Жұм.

НАЗАРЫНАН ТЫС ҚАЛДЫРМАДЫ (ҚАЛМАДЫ)

Көзін алмады, бақылауда ұстады, зейін қойды. ~ … шыр етіп дүниеге келгеннен ат жалын тартып мініп азамат болғанға дейін, одан оңаша отау тігіп, өз алдына үй болғанша нағашылар жағы жиендерін назарынан тыс қалдырмайды.Д. Дос. ~ Бірақ, Жаратқанның жанарынан, халықтың назарынан ештеңе тыс қалмайды. Е.Әл. ~ Жіңішке көк те Жолданның назарынан тыс қалмаған еді. Ұшқыр мал тәрізді көрінген. К.Жүн.

НАЗАРЫНАН ТҮСПЕДІ

Ұдайы бақылауда болды. ~ Соның арқасында кітапхана бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан түспейтін болды. Е.Әл.

НАЗАРЫНАН ӨТКІЗДІ

Көзімен шолып өтті. ~ Жұқарған жүз, жүдеген өңді дамылсыз назарынан өткізіп табашыл жанның кейінде сынап-мінеп тұрғаны ылғи. Ө.Кәр. ~ Көпшіліктің арасында Лағылдың да тұрғанын сезіп, тайшыларды назарынан өткізе бастады. Іздеген адамы көзіне түсе қоймады да, Мекен білек түрінген екеудің қимылын бақты. Ө.Кәр.

НАЗАРЫНАН ҚАҒЫС ҚАЛДЫРМАДЫ

Зер салды, қадір тұтты, көңіл аударды. ~ Әсіресе көрген-білген, сезген дүниесін назарынан қағыс қалдырғысы келмеді. Көз алдына көргенін қалт жібермей қағазға түсіріп, орыстардың аузын аңқитқан Шоқан елестеді. Ж.Шәк. ~ … бірді-екілі бие соңындағы тентек айғылардың басқа үйірге көз алартқан омырау соқ өктемдігіне шейін қырғы жолмен келе жатқан Қармыстың назарынан қағыс қалмады. Ө.Кәр.

НАЗАРЫНА ҚАЛДЫ

Біреудің өкпесін, ренішін арқалады. ~ «Жалғызымды осы Жәниямның соңынан көріп едім. Өзі май құйрық қыз. Айжан да бір ақ көкірек адам еді. Тілегі дұрыс қой. Жалғыздың тілегін тілеп отырғасын назарына қалам ба деп қорқамын» депті. Ү.Жәл. ~ Бұрынғы қырбайлар: «Қара үстіндегі ағайынның назарына қалмайық», — деп суық жүздерін жылытысты. Ә.Кек. ~ Өйткені маған бір нәрсе айқын. Ата- ананың үмітін аяқ асты еткендердің, назарына қалғандардың бұл өмірде жолы болмайды. О. Көш.

НАЗАРЫНА ҚАЛМА

Ренжітіп алма, обалына қалма д.м. ~ — Мерғали болмағанда сенің үйіңнің шелегі мен күрегі, пышағы мен балтасы қайраусыз, саптаусыз қалар еді ғой, қарбаша-ау. Талай оған біз де тәуелді тақсыр болғанбыз. Тіл қайырған жері болды ма? Сен тікпесең өзім-ақ тігем. Кісіге қылған қайырдан көрген зияным жоқ. Қайта алғыс алдым. Азаматтың алтын басын қорлап, назарына қалма! Ү.Жәл.

НАЗАРЫН ТӨМЕН САЛДЫ

Төмен қарады. ~ Назарымды төмен салып бұғыңқы отырсам да көз қиығыммен бәрін байқаймын. Н.Сер.

НАЗАРЫН ТАРТТЫ

Еріксіз көңіл аудартты. ~ Әйтеуір ауыл шетіндегі мынау жетім қақыра соңғы күндері назарын тартып, көзіне жылыұшыраумен болғаны анық. М.Сүн. ~ Төбеге тұтасымен тауық жұмыртқасын тізетін лоток шегеленіпті. Шұңқыр-шұңқыр болып адамның назарын өзіне тартып тұр. Е.Әбік. ~ Сүйекті ірілігін айтпағанда, анау оң жак көзінің астындағы бар мақ басындай қалы да адамның назарын еріксіз тартарлықтай екен. М.Сүн.

НАЗАРЫН ТАЙДЫРДЫ

Көзін алып кетті, көңілін басқа жаққа аударды. ~ Басықараның онсыз да қысық көзі мүлдем тарылып, шүйіліп кетті. Бір сәт Сәкенмен көз алысып қалды. Басықара шыдап тұра алмай, назарын тайдырды. Т.Әл. ~ Өзі де қорғалақтап тұр. Несібелі жорта назарын тайдырды. Т.Әл.

КӨЗІН АЛЫП ҚАШТЫ

Тура қарай алмады, көзін тайдырып әкетті. ~ … әке күйбежектеп, көзін алып қаша берді, бұның назары әкесінің күректей- күректей екі қолына түскен … Ә.Тар. * Міне, қиығына көгілдір спирт жағып қойғандай қызғылт шырасымен Мəкенді ішіп- жеп барады. Анау бұдан көзін алып қашып қана аман құтылып отыр. З.Қаб. * Бір жаңалық айта ма деп ойлады ма, генерал бұрылып еді; Тәңірберген онан көзін алып қашты. Ә.Нұрп.