НАЙЗА ҰШЫНДА

Ұдайы басқа төнген қауіп-қатер, арпалыспен өткен ғұмыр туралы. ~ Мұндай бақыт баянсыз, көшпеске жоқ, Бұл істен бақытсыздық өспеске жоқ. Найзаның күшіменен жанған бақыт, Бір кезде найза ұшында өшпеске жоқ. С.Тор. ~ … әуелде қиданмен, одан соң шүршітпен, атадан балаға, немереден шөбере, шөпшекке жалғасқан, үздіксіз, аяусыз соғыстар нәтижесінде, үнемі жау бетінде, найза ұшында болған керей тайпасы кеңінен жайылып, үздіксіз өсе алмаған. Ж.Шәк.

НАЙЗА ҰШЫН ҚАРАТТЫ

Қаруын кезенді. ~ Оның қатарына Құдайберген деген жас мұғалім тұрғызылды. Оның күнәсі – коммуна парткомінің есігіне бүгін түнде Сәйдәлі секретарға қара шаптап, найза ұшын қаратқан кертартпа мазмұндағы өлең жазылған бір жапырақ қағаз жапсырылған сияқты. Ғ.Біл.

НАЙЗА ТОЛҒАДЫ

Қару сермеді. ~ Алтекең жиырмадан асқанша ат жаратып, найза толғап, садақ тартып, ұрыс өнерін үйреніп басы былғаңдап жүріп алыпты. Ат үстінде жортуылдан құйымшағы тесіліпті. Д.Досж.

НАЙЗА ТАС

Үшкір ұшты, биік жартас. ~ Созылған желдер, қасқырдай иісшіл, секек қой желдер… Бірақ… әлі ерте; ертең иісі шықпайды, сонау қырдың астынан әзір таң көрінбейді. Найза тастар әзір қанға шомылмайды… Ж.Айм. ~ Діңкелеп шаршаған күн де ұясына барып қонды– ау ақыры. Найза тастар ымырт қараңғылығына сұғынып қарауыта бастады. С.Мұр. ~ Сол жақта жақынырақта қалып бара жатқан найза тасқа лақтырған қыл шылбырдың тұзақталған ұшы жетпей қалды. Б.Ыбыр.

НАЙЗА СҰҚҚАНДАЙ ҚАРАДЫ

Сұқтана көз тастады. ~ Әншейінде сәл кешіксең, өңменіңнен найза сұққандай шаншыла қарайтын Естемесовтің жаңа маңдайынан сипағаны несі? Ә.Кек.

НАЙЗА БОЙЫ

Биіктік, ұзындық, тереңдік шамасын білдіретін халықтық өлшем. * Кім білсін, тұщы су найза бойында ғана жатқан жерлер бар шығар. М.Мағ. ~ Наурызбай өздігінен келіп торға түскен соң қырғыздар жазалауды жеделдетіп, алдымен соны найзаға шаншады. Найзамен шаншып төбеге көтеріп: «Наурызбай енді қалайсың?» деп келекелегенде: «Сенен әлі де найза бойы жоғары тұрған жоқпын ба, сақау қырғыз!» деген екен ол. С.Ақт. ~ Ерекше бір ынтамен ықылас қоя шырқалған ән дом- быраның демеуінде бір орғып, бір басылып, бозторғайдың қанатындай қалтырай қалқып, найза бойы жерде бір ауық дамылдап тұрды да, бабына келген бала бүркіттей тосын секіріс жасап, самғай ұшып шалғайға шарықтап кетті. С.Үс.

НАЙЗА БОЙЛАМАЙДЫ

Қулық-сұмдығы мол, терең, түбіне жете алмайсың д.м. ~  Оның бүлдірмеген елі, екпеген пәлесі жоқ. Ол абақтыға жүз түсіп, жүз шыққан… Ол — бір сынап. Оның өтірігіне найза бойламайды. Ол бір — су; орысшаға да, қазақшаға да бірдей. Ж.Айм. ~ Қайрат қылар деген Бәйге жирен алдыңғы тобын тоқтатпақ болып кісіней жүріп, малдың алдын орай бергенде, әлдеқандай бір опқа күп беріп түсіп кетті. Жардың ернеуі мен арғы ойы толған қар, найза бойламайтын обыр, опқының өзі еді. Жирен айғыр жар астындағы опқа салмағымен сүңги құлады. М.Әу. ~ — Пай-пай, мыналардың машығына найза бойламайтын шығар, — деп шал додаға тосыннан қосылғандарға қызыға қарап қалыпты. Қ.Най. ~ Тісерлікті еркелікпен жауып, сезімді емеурінге жеңдіретін еркін мінездің қатпарында көн жібітер наз қылық, қара төпеуге жеткізбейтін жүйрік көңілі мен найза бойламайтын қулықтың да жатқанын іші ұғып отыр. Сосын арам тер болып босқа шабудың қажеті қанша. Қ.Ысқ.

НАЗЫ БАР

Қылығы ұнамды, ерке мінезді қыз туралы. ~ Клеопатра ол емес, әрине. Бірақ құрығырдың ерекше бір қылығы бар. Ойнақшып тұрады. Еркелейтін назы бар. Жалт етіп бір қарағанда жүрегің бүлк ете түседі. Ш.Мұр. ~ Үш шапалақтың астарында назы бары, айтылмаған қолқаның ағайынға деген құлаққағыс міндеті бары да рас еді. Қ.Ысқ.

НАЗАСЫНА ҚАЛДЫ

Обалына қалды, көңілін қалдырды, өкпелетіп алды. ~ «Тәкаппар өз төсегінде өлмейді» демекші, ақылға көнбес басым, азапқа көнуге бет бұрып барамын. Біздің дүңгенде «ақсақалдың назасына қалсаң, сақалыңның ағы ұрады» деген бар. Ж.Ахм. ~ Еш жазығы жоқ жандардың жүрегін жаралап, таудай назасына қалған болатынмын…- деп, әрі қарай сөйлей алмай қыстығып қалды. «Әкем болса…» ~ -Жазықсыз жанның жүрегін жаралаған адамның назаға қалары хақ қой-деген дауыстар әр тұстан естілді. — Дәл солай! Мен Ғазизаның назасына қалдым! Бірақ, иманы кемел, кешірімінің кемшіндігі жоқ көршім менің ақымақтығымды кешіріп, Қолына қасиетті Құранын ұстап, дұғаларын оқу арқылы өз назасын қайтарып алды. «Әкем болса…»

НАЗАРЫНДА ҰСТАДЫ

Ұдайы зейін салып жүрді. ~ Сол кішкентай кезімнен-ақ ата-баба аруағы мені назарында ұстап, пәле-жаладан сақтап, жебелеп келеді. М.Мағ. ~ Алимардан Топчыбашев: Біздің әрбір іс-қимылдарымызды большевиктік баспасөз өзінің назарында ұстап отыр. Қ.Бег.