НАҒАШЫ АҒА

Шешесінің ер бауырларының оның баласына (жиеніне) туыстық қатынасы. ~ Ана жылы блатты аз алады деп осында әкеп, юрфакқа түсiрген нағашы ағасы қазiр Москвада. Тек сол кiсi аман болсын!.. Т.Сәу. ~ Жақан бірдеңе түсінгендей ысқырып жіберді. — Әке-шешең қайда? — Ауру шешем бар. Нағашы ағам көп ұзамай қолыма көшіріп алам деп отыр. Сіз де жылқы бағыпсыз ғой. Ә.Кек.

НАБЫТ БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)

Қырылып қалды, жойылды, өлді. ~ Бір Құдаға такия қып, Ісіңді Тәңірім оңдасын. Түнде тиіп кәпірлер, Мұсылман набыт болмасын. «Зарқұм». ~ Көнеге көзін салған көсем жігіт Өнеге өткен күннен алып қалар. Санаға Сайтан келіп әлек салса, Арада Ар мен Намыс набыт болар. И.Сап.

НАБЫТ ҚЫЛДЫ

Қырып-жойды. ~ Кәні, Мехрап, Қиртас, Хашам, Хаман, Махәбіл, Бәрін набыт қылды бұл. Бірін-бірін бармаңдар, Көбің болып жабылғын. «Зарқұм».

МҮЙІЗІ ІШІНДЕ

Сырын ішіне бүккен қу д.м. ~ «Е…е… солай… мансаптылар күндес қатын сияқты осы күнде. Бірін-біріне мақтасаң да, жамандасаң да жақпай қаласың. Мынаның мүйізі ішінде-ау деймін бәлекеттің?» Дастарқан жайылып, бір-екі шыны шай ішілгенде, Айдекең талай әңгіменің басына су құйды. Т.Рыск.

МҮЙІЗ ШЫҚСА

Егер содан пайда болар болса д.м. ~ Бас қамынан басқаны ойламайтын былқылдақтардан мүйіз шықса, көрдік қой талайын. Г.Бел. ~ Өнер мен білік сынаспай, тек сынасудан бір халыққа мүйіз шықса, қазаққа шығар еді. Ә.Кек.

МҮЙІЗ ШЫҚПАДЫ (ШЫҚҚАН ЖОҚ)

Әлдебір ісінің рахатын көрмеді, пайдас болмады, рахатқа кенелмеді. ~ — Біраз жыл соңына жарық алып түсіп жүріп те ішіп едік, мүйіз шықпады сонда да, — деді Салмырзаұлы Алмаш деген жігіт. С.Шайм. ~ Переннен бешпент, ләмпіктен шапан, мәутіден шекпен, сусардан бөрік киіп жүрдік, екі түгей еңіреуді таңдап міндік, мүйіз шыққан жоқ. Б.Қыд. ~ – Жарықтығым, енді қайтсайшы, тəубе-таупиыққа келсейші… Мүйізің шыққандай болды ғой… Міне, жұрттың сенен тілейтіні осы… – деп сөзін аяқтады. Ж.Айм.

МҮЙІЗ ШЫҒА МА?

Не қайыр көрдің, не пайда табасың д.м. ~ … ой-бой, көз жасымызды көлдей қыламыз. Ал одан мүйіз шыға ма? Г.Бельг. ~ – Сонда саған мүйіз шыға ма? – деп күйіп кетті Ботпай. О.Сәр. ~ Дәл өз істегенін өзіне істесе қайтер еді? Иә, онда дүниедегі бір кемтарға тағы бір сорлы, бейшара қосылады. Сонда бұған мүйіз шыға ма?! Ж.Сәм.

МҮЙІЗ СҰРАЙМЫН ДЕП, ҚҰЛАҒЫНАН АЙРЫЛДЫ

Көктегіден дәметіп жүріп, қолындағысынан айрылды д.м. ~ «Темірден мүйіз жасап алайық», – деп сол иығындағы сайтан қақсап болмаған соң, шыдамы таусылды ма, оң иығындағы періште «мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағыңнан айрылмасаң» деп күрсінді. О.Бөк. ~ Кіші жүз сұлтаны Арынғазының хан тағының заңды мұрагері екенін дәлелдеймін деп барып «мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылған» сияқт табанда тұтқынға алынып, орталық орыс облыстарының біріне жер аударылғаны және белгілі. С.Ақт.

МҮЙІЗ ҚАТҚАҚ

Көктемнің суығы қайтпаған күндері. ~ …Дәл осындай наурыздың мүйіз қатқағында бөлім меңгерушісі өлердегі сөзін айтып Өтеуді бойдақ қой бағып отырған Ерғалиға көмекшіге жіберсе керек. Қ.Ысқ.

МҮЙІЗ ЖҮРЕК

Ештеңеден қорықпайтын, ешкімнен тайсалмайтын ер жүрек адам туралы.~ …үйез билеушісі тегінде қытай емес, Шапшал үйезінің бүкіл Ілеге аты әйгілі, қазағуар, атақты сібесі Лың жы — осы болатын. Ол — сөзді созбай, таза қазақшалап: Өзің,
дегенмен, мүйіз жүрек екенсің!.. — деді. Ж.Ахм.

МӨЛТЕҢ ҚАҚТЫ

Жалтақтап, жалбарына қарады. * – Ататай-ай, – деді бала жыламсырай мөлтең қағып. Ж.Самит. ~ Бөктеріңде өр бұлағың тулаған, Өткенімде ерекше бір тыңдап ән. Секітасым – жазық маңдай жайлауым, Кеткенімде мөлтең қағып тұр маған. Н.Айт. ~ — Аға, біз қыпшақ, атам аты Ерторы, әкем аты Құлпейіс, анамның сүт кенжесі Кенжебекпін, — деді бала көзі жасаурап, мөлтең қағып. А.Кем.