МОТ АЯҚ

Қисық, талтаң аяқ. * Көгендеулі қозыдай тізбектелген сұлу түсінің көп жері ескі текеметтің түріндей көшіп, үзік-үзік сыңар мүйіз, түйе мойнақ, мот аяқ, теңбіл-теңбіл бірдеңе сияқтанып кетті. Ж.Айм.

МОСҚАЛ ТАРТТЫ

Есейіп қалды; кәрілікке аяқ басты. * Әкеміз соғыс уәзірінде үлкен төре болып, мосқал тартқанда, Тамбаудағы ата қонысына келіп, егін салдырып, шаруа құрды. Ж.Айм. * Үлкендер зор меженің бірі деп білетін, өмір белі ұрын бару болса, Абай содан асты. Бірақ жас жүрегіне жалынды от қосып қайтқан жоқ. Қайта, бірқатар жарықшақ, ақау салып, көңілмен әлдеқандай мосқал тартқандай боп қайтты. М.Әуез.

МОРТ СЫНДЫ

Күрт кетті, оқыс қимылдады, шорт үзілді, ~ Сөзі өлусіреп шығады: — Дүйсекені де аяушы табылды. Шүкірлік! Жиырма жыл Жұныстың атса оғы, шапса қылышы едім. Міне, тасқа тиіп морт сындым. Қатын, баласыз, үй-күйсіз, салт атты, сабау қамшылы бір жанмын. Ұрлаған малымнан алған қарғысым кеп. Ғ.Мұст. ~ Шіркін-ау, əр қашанда жайдары қалпынан аумайтын, алакөңіл бөлек мінез байқатпаған адамның морт сынар кезі де болды деп, сірə, ойлаған ба?! Е.Мұх. ~ Елемес екеумізбен сырттан қарадай араздасып, бізді атарға оғы болмай жүрген Тоқсанбай суы қанбаған темірдей морт сынды. С.Ом. ~ Біреулер жағдайға қарай тез құбылады, тез бейімделеді. Біреулер морт сынады. А.Жақ. ~ Арада орнаған тас түнек тыныштықты әйелдiң ғана дәтi барып бұзғандай көрiндi. Морт сыңған жiгiт салбыраған басын ептеп көтерiп, еңсесiн тiктедi. Ә.Ыб. ~ Бойдағы жастық жалын қаншаға сүйрерін кім біледі, бір күні морт сынады-ау деп іштей ойлағанымен, ешкім бұл сөзді бетіне айта алмайды. Б.Тоғ.

МОРТ МІНЕЗ (АДАМ)

Шорт кетіп, күрт қимылдайтын, дүңк етпе адам туралы. ~ Берік жауырынымен бұрылып кетті. Бастықтың морт мінезін білетін өзгелері біріне-бірі қарады да қойды. Енді олар етектегі аттарына қарай аяңдады. Б.Тоғ. ~ «Қызыл жеңсе түп-тұқияңмен құртады, өкімет басына ақ орыстар келсе бұрынғы дәулетіміз қайтып оралады», — деп морт мінез ағасы ашуға басқан соң, бұл онан әрі ерегіспеген. Б.Тоғ. ~ Олардың үміті үзілді дегенше, өмірі де таусылды дей бер. Асан шалды мен білемін, морт адам. Баласынан хабар келгенінің бекер екенін білсе, күрт тусіп кетуі хақ. Б.Тоғ.

МОРТ КЕТТІ

Оқыстан қатты ашуланды; тіке кетті. ~ – «Жауды аяған жаралы» дегенді білмеуші ме едіңіз, – деді Дәуренбек ызбармен. – Әй, не шатып тұрсың, мен сенен ақыл сұрадым ба! – деді Ахаң да морт кетіп. М.Мағ. ~ … лапылдата жаққан оттың жарығында, мыс тоғада қайнаған ту арқардың көксүбесін жапыра асап, қара сорпасын сораптап ішіп отырған ұлық Андрей жайылып түспесе де, морт кетіп ашу шақыра алмады. Ғ.Біл.

МОРТ АДАМ

Шарт қимылдап, оқыс шешім қабылдайтын адам.~ Олардың үміті үзілді дегенше, өмірі де таусылды дей бер. Асан шалды мен білемін, морт адам. Баласынан хабар келгенінің бекер екенін білсе, күрт тусіп кетуі хақ. Б.Тоғ.

МОНТАҢ ҚАҚТЫ

Біреудің алдында елпектеп, жаны шықты. ~ Не қылсаңдар да орысқа біздің ауылдан аулақ апарып қылсаңдаршы, орысты мен шақырып келгенім жоқ еді…— деп жыламсырағандай болып, монтаң қақты. І.Жан. ~ Қыз жанын бір суытып, бір ысытып, Ышқынтып, ішекпенен ішін тартты. Домбыра лапылдатты, жалындатты, Жалынып қызға жылап, монтаң қақты. І.Жан.

МОМАҚАН КӨЗ

Жағымды, жуас, момын көзқарас. ~ Балжан қораға кіріп, Жантақты мойнынан құшақтайды: жағын жағына үйкейді. Ол кезде Месқарын момақан көзін бажырайтып, Балжанның бетін жалайды. Ж.Айм. ~ Күні кеше ғана мөлтеңдеп қарайтын момақан көздер шатынап шыға келгені. Ә.Кек.

МОЛЫНАН ПІШТІ

Жан-жақты ойластырды, кеңінен қамтыды. ~ Менің қолымда билік жоқ, әйтпесе Сәкен құсаған кеңінен ойлап, молынан пішетін творчество адамын барлық облыс әкімшіліктеріне сыналап шығар едім, олар рухани өмірімізге көп пайда келтірер еді. Т.Төлег.

МОЛЫНАН ЖЕТТІ

Жетіп артылады. ~ Ахаң жалғыз сегін сойған екен, бас-сирақ, ішек-қарнына дейін асыпты. Молынан жетті. М.Мағ. ~ Іргесі Қапсағайдың тепсеңіндегі текше тастардан қаланған. Әсіресе, ағашы асыл, бұзып алсаң-дағы, бір үйге молынан жетеді. М.Байғ. ~ … ата-анасының не жеңгесінің қасында көзін төмен салып, бетке қан ойнап, ұялып отыратын уыз бойжеткендер мен шай құйғанда шыны аяғыңды беріп жатып, ақ сүйрік саусақтарымен абайсыз жанасып, ұшқынды көздерінен ықылас шашып бағатын жас келіншектердің көңілін қобалжытуға, әйтеуір, түскен үйінің берген шайы мен сойған малын қысылмай ішіп-жеуге молынан жетіп жатыр. Ә.Кек.