НАҒЫЛЕТ ЖАУҒЫР

Қарғысқа қалғыр д.м. ~ — Ой, нағылет жауғыр… Сені оқуға бермей бәлеге берген екенмін. Тумай туа шөккір!.. Құдай — ай, ел алдында масқара болдым — ау. Құдама не бетімді айтам? Жоғал көзіме көрінбей! Н.Сер. ~ Бұны көрген хан қайтадан ашуға мінді: — Нағылет жаусын сендерге, бұл қай кәззәптықтарың? Жоғалыңдар барлықтарың деп ақырған. «Арпалыспен…»

НАҒЫЛЕТ АТТЫ

Қарғысқа ұшырады. ~ Неліктен көпестердің өлермендік дүниеқоңыздығын қарғап-сілеп, ысырапшылдықтың ел көрмеген тағылығымен тұсап тастадық, сөйте тұра нағылет атқан тағдырын маскүнем көздің өтірік жасымен бұлап, неліктен қайыршылық пен қаңғыбастыққа, дуаналыққа өліп-тіріліп құмар болдық? Ф.Дост.

НАҒЫЛЕТ АЙТТЫ

Қарғанды, налыды. ~ Ондағы ойы — асыл туған ардағы Алпамысты ренжітпей шығарып салған соң, тағдырына нағылет айтып, өзін-өзі өлтіруге бекінген. А.Сей. ~ Жұмылмаған қалпында кетті. Өлі жанарын қанша уқаласа да безеріп икемге келмеді. Сұп-суық жансыз жанарда опасыз жалғанға нағылет айтқан сұсты қарсылық бар еді. Ө.Кәр.

НАҒЫЗ ӨЗІ

Барып тұрған, еш қоспасыз, тұп-тура д.м. ~ — Бұл әншейін алдаған іс қой. Солдаттың нағыз өзі ғой бұл… Ой, құдай-ай, бұл не деген сұмдық?.. Ой, пірім-ай! — десті. Жұрт тіпті үрейленді… С.Сей. ~ Бауырларыңды айдап салып, көзге түспейтіннің нағыз өзісің, «әке балаға сыншы» дегенді білмейді екенсің бірақ, саған қатты өкпеледім. К.Өтж. ~ Жоғарыдағыларға жағыну үшін жақын туысқанын да сатып жібереді дейтіндердің нағыз өзі болып шықты. Б.Тоғ.

НАҒЫЗ ЕР (ЕРКЕК)

Ердің ері. ~ — Ойпырым-ай, шөке-ай, өлдің-ау деп ойлаған едік, құдай қағып аман қалдың. — Жау жүрек, нағыз ер екенсіз. Б.Жұм. ~ Нар тұлғалы нағыз ердің сойынан шыққан асыл текті апам сөйте жүріп, бәріміздің өз қолымызды өз аузымызға жеткізді. Ү.Жәл.

НАҒЫЗ ЕРКЕК

Ер адамға тән игі қасиеттерді бойына молынан сіңірген ер азамат д.м. ~ — Шын айтамын, сен нағыз еркек екенсің, оны өзім де енді біліп отырмын. — Менен қайта сен еркек екенсің,— деді Баттал нықтап тұрып.— Шын айтамын, сен нағыз еркек екенсің, оны өзім де енді біліп отырмын. Ә.Әб. ~ — Жарты миллион, жаңа мектепке жарты миллион теңге спонсырлық көмек! Төңірек лезде құлаққа ұрған танадай тыныштала қалды. — Нағыз еркек! — деді масаң күйдегі бар дауыс. Қ.Жиен.

НАҒАШЫ ЖҰРТ

Шешесінің төркін жұртына оның баласы (жиені) тарапынан туыстық атауы. * Сол ауылда менің нағашы жұртым тұрақтаған. Е.Зейіп. ~ Өлсем де мына томарыңа бармаймын деп азар да безер болғанда, әкесі дес бермеді: «Нағашы жұртымнан қалған жалғыз тұяқ, діттегені мен екенмін, қызым жақтырмады деп кеудесінен итере алмаймын. Жасыңның жиырмаға келгенінде шаруаң жоқ… Барасың! Бұлғақтағаннан шекең қызса, оны да көрдік». Н.Дәут. ~ – Халқымызда «ер жігіт нағашысына тартады» деген нақыл бар. Нағашы жұртыңыз туралы не айтасыз? – Нағашы жұртым мықты болды. Мәмбет дейтін ел бар, соның ішінде қарақұрсақ деген руға жатады. Нағашыларымда Оқыбай қажы деген болған. Жерікбай дейтін атақты би болған. Сөзшең, көп білетін кісі еді. Бертінде дүние салды. Осы кісілер менің нағашы жұртым еді. Ж.Баб. ~ Қазақтың туыстық салтында ер жігіттің өз жұрты, қайын жұрты және нағашы жұртын саралағанда үш жүз елуден астам туыс атауы ауызға ілігеді екен. Ж.Баб.

НАҒАШЫ ЖЕҢГЕ (ЖЕҢГЕЙ)

Нағашы ағасының әйелі. ~ — Аманбысың, қарағым?—деп орысша киінген сұңғақ бойлылау бір өзгеден бұрын қолымды алды. — Тәслима деген нағашы жеңгең,— деп таныстырды Жақыпбек оны. С.Мұқ. ~ — Сенің шашыңдай қайдан болсын, — деді Түгел нағашы жеңгесінің тақымын қағып тұрған жуан жирен бұрымға қызыға көз жүгіртіп. Айкүмістің қиғаштау шегір көздері жымыңдап, әзіл айтты. Ү.Жәл. ~ Нағашы жеңгейдің бір өзінің үстіндегі алтыннан, қымбат тастардан жасалған нәрселер мен жібектен, я қымбат жүн матадан тіктірген киімдердің ғана құны, бір бай үйдің дәулетімен парапар болар еді!.. С.Мұқ.

НАҒАШЫ ӘЖЕ

Шешенің анасына оның баласы (жиені) тарапынан туыстық атауы. ~ Сорлы баланы аяйды. Әсіресе, нағашы әжесінің қасында кетіп бара жатқанын көргенде күлерін де, жыларын да білмейді. Ә.Нұрп. ~ — Артқы үйдің балаларымен таныстыңдар ма? — деп сұрадым. Екеуі де бас шайқады. «Өй-й!» дедім қомсынып. Үйге апам жылап кірді. Нағашы әжем мен дәу апам да дауыс салып қарсы алды. Орталарында отырған қарындасым Жайнагүлдің беті де айғыз-айғыз. Е.Жең.

НАҒАШЫ АТА

Туыстық атау — шешесінің әкесі немесе шешесінің жасы үлкен туыстары. ~ Өзінен сұрасам қайтеді, кітаптарды неге жинайтынын? (Орнына оралып.) Тағы бір өсекте, осы шаһарға жуықта пайда болған дуананы, менің туған нағашы атам деген сөз бар. Оны әнеу күні дарбаза алдында бір көрдім де жоғалттым. Қайда, ол?!. (Жыламсырап.) Тәңірі, бақытсыз маған бір туысқанды да қимағаны ма? Ата!.. Неге көрінбейсің?! С.Мұқ. ~ Азат ағасы Сүлеев: “Сен туғанда мен ес бiлетiн ересек едiм, – дейтiн. – Нағашы атаңмен қорамыз жапсарлас көршi тұрдық. Әкең ол кезде Ташкентте ковалерия полкiнiң командирi болатын. Т.Сәук.

НАҒАШЫ АПА

Шешесінің апа-сіңлілеріне оның баласы (жиені) тарапынан туыстық қатынасы. ~ Қоңыр үйге келіп, атбасын тіреді. Мейрамның нағашы апасы Шекер шығып қарсы алды. Ғ.Мұст. ~ Ертеңіне Есіркеген апаларынан ұялып үйден таң атпай зытып отырған. Тіпті аулына кеткенше бұл үйге енді қайтып басын да сұқпаған. Содан бері нағашы апасы Зейнепті көргелі келгені осы. І.Ес. ~ Нағашы апасы мен жиенінің оңаша шүйіркелескенін қазақ қашан ерсі көрген, ешкім бұл екеуінің күні бойы ақ отаудан шықпай әңгімелескеніне көңіл бөле қойған жоқ. «Бейшаралар бауырлас емес пе, бірін-бірі сағынып қалған ғой»,— деді де қойды. І.Ес.