МОЛДАДАЙ МҮЛИДІ (МҮЛГІДІ)

Сопысу, жалған діндарлық туралы. ~ Мырылдады азандай, Сәлде салды қазандай, Тасбиқ алды қолына. Тап сопыдай сүмиді, Тап молдадай мүлиді, Кірді тәубе жолына. Кіргені оның қалайша? Кіргені оның былайша: Қазан сәлде қаңқиды. Таңырай мұрты таңқиды, Қос құлағы салпиды, Бір момын боп маңқиды. М.Жұм. ~ Алдымен Аралтөбенің жағасында ұшқан қызғышы, жүгірген шілі көзге ілінбейді. Таспиқ тартқан молдадай мүлгіп, әр жерде балық аңдып отыратын балықшы да жоқ. Х.Ес. ~ Дәл осы қалпында да еш нәрсеге назар салған кейпі жоқ, толқын үстіндегі жаңқадай дірдек қаққан «инеліктің» тұмсығында отырып та тер алдында мүлгіген молдадай бейғам. Қ.Ысқ.

МОЛДА ТОРҒАЙ

Ыстық жақта болатын құс. Төбесіндегі сәлдеге ұқсаған шашағына орай осылай аталып кеткен. ~ Молда торғай шырылдап тәтті ұйқысынан енді ояна бастаған төңірек кең өлкеге бір көз жіберіп, түйесіне мінді. С.Ел. ~ Молда торғай тілекшім-ау,
Саумал сағым-бесігім! Өлең өртім жүрек — мынау Сүйдік оны несі мін?! С.Ад.

МОЛДА СҮРЕЙ

Азды-көпті сауаты бар шала молда.~ Асанның қай жерде туып, қайда өлгендігі, өзінің қара басының кім екендігі туралы қолымызға толық материал түсіре алмадық. Әйтсе де, Асаннан албан руының алжан деген руының ішіндегі молда сүрей адам болғандығы өлеңінен көрінеді. І.Жанс. ~ Ғабитхан мен Абай екеуі маңайда кітабы бар молда сүрей кәріден, шала сопылардан бірен-саран кітап тапқызып алысты. Тағы бір кезде Ғабитхан әдейілеп тұрып, Қарашоқыға, Күнкенің аулына барып, екі қоржын басы кітап әкелді. М.Әу.

МОЛДА БОЛЫП ҚАЛДЫ

Момақан болғансып, жуасып қалды. ~ Тұмарбай «төренің» манағы екпіні жоқ: жынын алдырған бақсыдай молда болып қалыпты. Арбаға тығылып, күбірлеген болады. Ж.Айм.

МОЛ ПІШІП, КЕСЕК ТУРАДЫ

Алды-артын терең болжап, еркін ойлап, өзіндік пікір қорыта білді. * Дәл қазір анау төрдегі малдас құрып отырған жігіт күні кешегі қара қаттау киіп, қара таяқ ұстаған, Керенскийдің өзіменайтыстым деп мол пішіп, кесек турайтын өз ұлы Еркін емес, қойнындағы құранын ұрлатып алған шала сауатты қожа-молда десе иланатындай жатсынған сезімде. О.Бөк. ~ Шаңыраққа тіреуіш бола алмасаң сын. Кең тұсау, ұзын арқау өсіріп, Өмірді жалғамасаң сын. Мол пішіп, кесек турап, Азамат бағанды өзің барламасаң сын. Т.Әбдір-а.

МОЛ ПІШІЛГЕН (ПІШІМДІ)

Дене бітімі ірі, етек-жеңі кең. * Қайталап айтсақ, Ғабиден Мұстафин төңкерісті уақыт тұлғалаған таланттардың, уақытқа сай мол пішіліп, кең жасалған тарихи тұлғаның соңы. Қ.Ергөб. * Дегенмен мырза құдай осынау мол пішілген кісіге де есебін тауып қытыңқылық жасап бағыпты. Ә.Кек. * Мұрын, көз, қас-қабақтары қазақ жігіттерінікінен көрі мол пішілген, танадай жалтыраған сопақтау келген үлкен қоңыр көздері адамға ілтипатпен қарайды. І.Ес. * Түрпеті дөкей бастық секілді. Мол пішілген, етек-жеңі кең, марқасқа. Басындағы бөркі генералдар киетін «папахаға» ұқсайды. Н.Сер. ~ Жасы жетпіске енді ілінген, мол пішілген, кең қолтық кемпір. Б.Мұқ.~ Басынан мол пішімді жолбарыс далбайын алып, самайдан, мойыннан сорғалаған терін ысқылай сүртінді. М.Мағ.

МОЛ ҚОЛ

Қолы ашық, жомарт. ~ Орыстың классик жазушыларының том-том кітаптарын бұрқыратып аударып, ақшаны қап-қап етіп табады. Жолдастыққа берік, мол қол, ақжарқын. Б.Соқп.

ТОҢ МОЙЫН ҚҰЛ

Басыбайлы құл, малай д.м. ~ Ашу-айғай үстінде Сәлменнің «Әкеңді… тоң мойын құл!», «ертең ғана Сәт болыстың мөрін бастыртып, баукеспе деп абақтыда, абақтыда… шірітпесем, әкемнен тумай кетейін!», «Жерге қағамын, жерсібір айдатамын!» деп, Бақтығұлды тепкілеп жүріп, төпеп сөйлеген қастық сездері жаза көруші жалғыздың жанына жаман сіңді. М.Әу. ~ Бұл кезде Құнанбай айғай салып, бұйрық беріп:  – Алып шық шеттерінен! Сүйретіп шық індерінен! Қол-аяғын байлап ап шық өңшең тоң мойын құлдың! — деп, Майбасар бастаған барлық Ырғызбайды қораға қарай жаяу қаптатты. М.Әу.

~

МОЛ ДАСТАРХАН ЖАЙЫЛДЫ (ТАРТЫЛДЫ )

Ерекше сый-құрмет көрсетілді. ~ Той иесі, осыншама жұртқа мол дастарқан жайылған думанды, мерекелі салтанаттың басты тұлғасы — мына мен екем!.. М.Мағ. * Әке-шеше баласымен жылап көріседі. Оғыз бектеріне қонақасы сойылып, мол
дастархан тартылады. Ғ.Біл.

МОЙЫНЫ БОС

Момын, мінезі жұмсақ. * Екеуі де қатардағы көлденең көк атты емес; ойы кем, мойыны бос, оңай шағылар жаңғақ та емес. Қ. Ғабд. ~ Әлгіше тумыстан, тұрмыстан жинақтағанның қосындысын қорытсақ, осы арада сен тиіспегенде — мойны бос момақан, намысына жұғыссаң өз қайратына өзі нанбайтын нағыз қазақ жатыр. Х.Ерғ.