ҚАНДЫ МОЙЫН (ҚҰНЫКЕР, АЙЫПКЕР, ҚЫЛМЫСКЕР)

Мойнына қан арқалаған айыпты, дұспан д.м. ~ Қозыбақ ішінде Сәлмен – әсіресе мұның қанды мойын құныкер жауы. Сол бір аңғарды білді де, жүре берді. Бір күні түс кезінде болыс аулының бір жігіті келіп, Жарасбай шақырып жатыр деді. М.Әу.~ Бақтығұл бұл топқа өңшең Қозыбақтың өрен-жараны болғандықтан, шетінен кекті; қанды мойын құныкерім де, дұспаным деп білетіндіктен, келістерінен де, мынау сызды салқын бетінен де сескенген жоқ. М.Әу. ~ — Сәлменнің өз жылқысы болмай, Қозыбақтың басқа бір аулының жылқысы болса да аламын осыдан! Қозыбақтың бәрінің де жылқысын баққам. Бар Қозыбақ түгел менің қанды мойын құныкерім! – деп, бозды тебініп қалып, оң жағындағы бетке қарай қапталдап ерлей бастады. М.Әу. ~ – Әй, Ыбырай, шешендік салыстыра келгем жоқ! Ендеше, қалғанын тыңда. Оразбай осы жолы қашқындар ғана емес, Ыбырайдың дәл өзін қанды мойын айыпкер етіп, табанымның астына салмай тынбаймын! – деді. М.Әу. ~ – Қазiр соқтықпа. Тек түнде тос. Оралады ғой Балбаланың босағасынан. Ант амансыз, жан күмәнсыз, құдай қол-аяғын байлап бергенi сол емес пе, қанды мойын айыпкер етiп? М.Әу. 6 Жас кезінде осы Жанқожаны қанды мойын қылмыскер көретін еді… Марқұм Нұртай қандай еді, осы Жанқожа өлтірді, Тықыны өлтірді… Бала кезінде жалған намыстың пікірі осылай бірте-бірте өзгерді… З.Шүк. ~ Егер Қылышбай қол бастап, қарақалпақтың шымбайына батқандай іс қылса, иісі Кішкене, қалды Киікбай тұқымы қанды мойын қылмыскер аталады… З.Шүк.

МОЙЫНЫ АЛЫС ЖЕР

Алшақ, жетуге қиын алыс жатқан жер. ~ – Ботагөзді ол елде танитын адам жоқ. Сендер көңілдеріңе ауыр алмаңдар. Асан, сен Ботагөзді жолдағы бір мойыны алыс жерден әйелдікке алған болып бар. Ал, Ботагөз, сен тиген болып бар. С.Мұқ. ~ Аштық қалың жайылып алған елге, үкімет жәрдемі көктемнен бері ғана жеткізілген. Оған дейін, жерде қалың қар жатқандықтан, мойыны алыс темір жол бойынан көлікпен азық тасу мүмкін болмаған. С.Мұқ.

МОЙЫНСАЛ БОЛДЫ

Тағдырына мойын ұсынды; ырыққа көнді. * Оның үстіне тірлігінде қанағатшыл еді. Құдайдың басқа салғанына қарсылық пиғыл білдірмеген. «Шын дүниеде менің барар жерім тозақ» деп мойынсал болған, қылмысын таныған… Т.Рыс. * «Компіске кезінде мал санын жасырған, колхоздасуға мойынсал болмаған» деген айдар тағып, жоғарының нұсқауымен байларды тұтқынға алып, ақ теңізге жөнелтіп жатты. Т.Рыс. * Бұған бәрі де мойынсал болғандай, ешкім үндемеді. Онысы да рас-ау. Алдағы күнге сенім жоқ, ұрпағымыз не күйге душар болар екен?.. Қ.Толыб. ~ Жан алқымыңа түскенде бәріне мойынсал боласың. БАҚ. ~ Күресеміз,күресеміз… Мойынсал боламыз бірде. Жер ана қойынына, Табысталған күн мүрде. А.Кеңш.

МОЙЫНДЫ ҚАШЫҚҚА САЛДЫ

Бөтенсіді; сырттады, алыстады; қашты. ~ Қияс мінезі оны дағдарта бастады: «Өлсем де ол жағына беттемей өлем! Бір жолата құрықты қолына алса, қайырылып өзіме салмай ма?» — деп мойынды қашыққа салғысы келді. Т.Рыск.

МОЙЫН ҰСЫНДЫ

Бағынуға мәжбүр болды, көндікті, келісті. ~ — Бұл қобалжу емес, Бүркітжан,— деді Ақан орыннан түрегеліп, ерсілі-қарсылы тағы жүре бастап. — Бұл алдағы болар іске күні бұрын мойын ұсыну… Одан бөтен жол қалған жоқ. І.Ес. ~ Бірақ менің мұнда қалғанымды білмейтін. Бары осы шығар деп, тағдырға мойын ұсыныпты. М.Мағ. ~ Жазықсыз, шарасыз күреңнің көздерінде мейірімсіз, дүлей күшке еріксіз мойын ұсынғанының куәсіндей қарауытқан тұңғиық мұң бар еді. Б.Ыбыр.

МОЙЫН СЕРІК

Колхоздастыру заманындаы бірлесе жұмыс істеу тәсілі. ~ Дұрысында ол колхоз құрылысының негізін қаласушылардың бірі. Қызмет жолы да сонау жиырмасыншы жылдардың соңында мойын серіктен басталған. С.Шай. ~ Көрші ауылдар болса, оның үстіне мойын серікке бірігіп, егін салып, нанға да жарыды. С.Жүн.

МОЙЫН САПЫ БОЛДЫ

Мойын ұсынды, мәжбүр болды. ~ Алынған аттар сүйегіне қарай баға кесіледі. Міне, он күннің ішінде осы айтылған әмірді орындайсыңдар!—деп болыстарға тапсырды. Мойнына знагін салған облыстар, бұл ат дегенге мойын сапы болып «мақұл» десті. І.Жанс.

МОЙЫН САЛДЫ

Өктемдік қылды. ~ О түгілі «Саулы бозінгеннің» бір ауылға би болудан да дәмесі болатын; өзге қатындарға талай мойын салып, айғырлық қылам десе де, Бірмағанның тымырсық қызыл қатыны әлде неше жерде әпігін басып, аузын ашырмай жүретін. Ж.Айм.

  1. Көңіл аударды; өтініш қылды; шын ниетін, пейілін білдірді. ~ Әліқұл тұқымы шынымен мойынын салып сұраса, жалғыз үйлі Үйсіннің бұлданатындай не шамасы бар? З.Шүкір

МОЙЫН ОМЫРТҚАСЫ ҮЗІЛДІ

Омақа асты, мертікті, аяғы аспаннан келді. ~ Кеше ғана үстінен том–том арыз–шағым құрастырып, көп кісілерден «шауып кетті», «зорлық жасады», «жесірімізді жібермей қояды» дегізіп куәлік алып, қолын қойғызып, мөрлеп – Батыс Сібір губернаторына жөнелткен аға сұлтан Құнанбай, әй, осы жолы мойын омыртқасы үзіліп омақасатын шығар деп көңіл демдеді, жоталанып қалды. Д.Дос. ~ Соны жанай өте бергенде бір әлдемді күш оң жаққа қарай қатты тартып қалды. Мойын омыртқасы үзіліп кеткендей шым етіп, көзі қарауытып жүре берді. А.См. ~ Шапалақ жағынан шарт етті. Айжан мұндай оқыс қимылды күйеуінен күтпеді ме, мойын омыртқасы үзіліп кеткендей жұмырықтай басы кекжеңдеп шалқалай түсіп, бойын әзер жиып үлгерді. М.Сүн. ~ Ермолайдың аярлығын Тимофей түсінеді, бірақ сонда да мұңын шаға бастады: – Тағдыр ит… – Бұдан әрі ол одан бетер үдей соқты, – мойын омыртқасы үзілгір. Ішкен-жегені ас болмағыр… В.Шук.

МОЙЫН ОЗДЫРЫСТЫ

Жарысты, бақ таластырды. ~ Үлкен орданы санатқа қоспай, өздерінше қайрат қылған екі хан бір-бірінің алдында мойын оздырысып жатуға тырыспады. Жұртқа ауыздары бір боп көрінгілері келді. Ә.Кек.