Қайыр сұрады, жылу іздеп, тентіреп кетті. * Ағайын ашығып отырғанда көрпенің астына жасырып жеген ас бойға сіңе ме? Әнеки, осының бәрі бардың арқасы. Алдымызда аз ғана малымыз болмасыншы, өзгені жарылқамақ түгілі, осы ауылда отырған жоқ-жітігіміз өзі мойындарына қоржын салып, қаңғып кетсін. К.Сегізб. ~ Қап тауын асып, мойныңызға қоржын іліп кетсеңіз де біргемін сізбен. Маған керегі дүние-мүлік емес, сіз, ендеше бүгін ертіп кетсеңіз де әзірмін. О.Бөк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МОЙНЫНА ҚОЙЫЛДЫ (ҚОЙДЫ)
Айыпталды, қылмысы дәлелденді. ~ Әлгі өткен айда деген төрт қой Тоқтамыстың және Шыныбайдың мойнына қойылыпты, актілері жалған делініпті. Бұл – анық, жезде! Ғ.Қаб. ~ Өткен күздегі аулыңа келген Ырғақты Төлегеннің үш биесін ұрлағаны мойнына қойылып, масқара болғаны есінде ме? С.Бег. ~ Бірақ олар дәлелді фактілермен мойнына қоя алмады және олар Бөжей мен Қаратай жағына шығып кетті. Солармен бірге әрекет жасауда. Т.Жұр. ~ Сот жабық есік жағдайында жүргізілді. Куәшілерде есеп болмады, бұзатардың қылмысын мойнына қойып берді. Ө.Кәр.
МОЙНЫНА ҚИЫП САЛДЫ
Біреудің айыбын бұлтартпайтын дәлелсіз, күшпен мойнына жүктеу туралы. ~ Керек десең мойныңа қиып салатын куәлер де табылады. М.б.Т. ~ Көжек ақсап отырып қалды. Бәле Саржаннан келді-ау дейім. Солай деп шамалағаныммен мойнына қиып сала алмаймын. Н.Сер. ~ Ала тақияның көре көзге мойнына қиып салып тұрған бір жарым миллионына миы жетпейді. Бұны қайдан тапты? Ә.Нұрп.
МОЙНЫНА ҚАРЫЗ ҚЫЛДЫ
Қарыз жүктеді. ~ Қарағымның мойнына қарыз ғып, өзі жинаған азын-аулағын өзінің сауабынан аяйын деп отырғаным жоқ. Жалғыз-ақ дүниесі құрғырдың тарлығы жалтаң көз қылып өлтіріп барады. М.Әу. ~ Бүгінгінің жорғасы — «Жигули» болса, тіфу
дейтін түкірігімнің бәсіне татымайтын азынаулақ тиын- тебенді сенің мойныңа қарыз етіп қарғыбаулап қояды деп пе дің мені. Өйтіп адамды бекерге ренжітпе, күйеужан. С.См.
МОЙНЫНА КЕСКЕК (ҚЫП) ТАҚТЫ
Жазалады, қинады, ауыр жүк артты. ~ Абай мұны місе қылған жоқ. Баласының кісілігін ойлап, абыройлы болуын тілейтін әке мінезі де болады. «Өз ықтиярын, өз әмірін баласының мойнына, үнемі кескек қып тағып отырмайтыны да болады» деді. М.Әу. * Жұрт әлгіндей тұтас қаулап, қыбыржығанда оң жақ төрден ұзын сақалын Тайлақбайға серпи қарап, мойнын оқыс бұра: — Уай, тәңір — ай! Атам замандағы аңыздай болған бірдемеге мойныма кескек тағатын болсаң, мен! Мен! — деді. Ж.Ахм.
МОЙНЫНА ЖҮКТЕЛДІ
Тапсырылды, әлдебір міндет артылды. * Етті жуып қазанға салу, тезек әкеліп, от жағу — Құлтуманың мойнына жүктелгендей болды. Б.Майл. ~ Әділдің мойнына жүктелген бар жұмысы – енді ғана толысып келе жатқан нәрлі шөпті ора жайылып, сауын мезгілін өткізіп ала беретін көк биені қайырып әкеп тұру. М.Мағ. ~ Қыста жағатын отынын, қолға қарайтын малға қажет пішенін дайындау жергілікті ұлықтардың мойнына жүктеледі. С.Ақт.
- Аманат, борыш болып қалды. ~ Зұлымдықтың ең сұмпайысы — батырдың қанын күнәсіз баланың мойнына жүктегені. Қ.Ысқ. * Менің адамдық қасиетім де, достығым да сол аманатпен өлшенеді. Бұл аманат менен кейінгі буынның да мойнына жүктеледі. Н.Нүсіп.
МОЙНЫНА ДОРБА САЛДЫ (ІЛДІ)
Қайыр тіледі, тамақ іздеп тентіреді. * Кішкентай жетімекті де қараптан қарап жатып ашығу, ашығу арты үрейлі өлім екені қамшылап мойнына қайыршы дорбасын салғызған. Ж.Айм. ~ Байлардың есігінде жүрген мына жалшылар мен күңдердің ұсқыны аса жүдеу еді. Бір жеген асын талғажау ғып, жаяу-жалпылап мойнына дорба салып жеткен қайыршылар не деген көп. С.Жүн.
МОЙНЫНА БҰРШАҚ САЛДЫ
Құдайдан тілеу тілеп, жалбарынды. ~ Біресе бұл жарлық әншейін қазақты шошытуға,
тәубесін есіне түсіруге, ұйқысын ашуға жіберген «құдайдың сыны» шығар, ел боз қасқасын айтса, құрмалдығын берсе, мойнына бұршақ салып еңіреп жыласа, «Өзінен» тілесе, көздің жасын иетіндей, жарылқайтындай көрінді. Ж.Айм. ~ Мен қысты күніде келгем. Ыбрай онда әл үстінде науқас еді. Кәрі шешесі, былтыр алған жамағаты Зейнеп екеуі де бірдей мойындарына бұршақ салып, Ыбрайдың тірлігін құдайдан зар жылап сұрап отыр еді. Б.Майл. * Аңқау Малыбай сұлық жатып алған баланы мойнына бұршақ салып алып, күніне жеті айналады. — Мені ал құдай, мені ал! Жалғыздың жолында қидым өзімді. К.Қаз. * Ешкім күтпеген, қаламаған сәби. Құдайдың бұршақ салып тілегенге бермейтін ұлы. Ж.Нәж. * – Ағаларын тоқтатпай кезекпен алдың, мойныма бұршақ салып тілеген көзімнің ағы мен қарасын жебеп-қолдап, алыс сапарда жолын оңғара көр! М.Қаб. * Қайсардың да, Саламаттың да тәңірі қосқан, төмен етектен өмір- қосақтары екі көздері төрт боп осылардың тірлік жолына гүл бітсе деп мойындарына бұршақ салып отыр. Бұлардың жүрісі мынау… М.Сүн. * Көптен бері ел келін түсіруді аңсап қалғандай, кәрісі де, жасы да осы күнді мойнына ала бұршақ салып тіледі ғой. Бүкіл ауыл алақан жайып тілек айтып отырған соң,
көңілшек байғұс көне салды. Ш.Мұрт.
МОЙНЫНА БҰҒАЛЫҚ САЛДЫ (ТҮСТІ, ІЛІНДІ)
Біреудің қолына қарады, кіріптар болды; бодандыққа түсті. * Асыра сілтейтін заманның алдына түсіп үйренгендердің де мойнына бұғалық түскен. Т.Рыс. * Қазақтың басын оңға қаратып, шылбыр-тізгінін өзіне ұстатамыз деген алаш арыстарын да, қызылдарға қыл мойнынан бұғалық салып ұстап бергендер өзімізден шығыпты ғой,- деді Оразхан ақалақшы. Т.Рыс. * Мал сияқты бейберекет жайылған халық. Қашан мойнына бұғалық салғанша табындап жайылған жылқыларша еш қауіп ойламайды. Саясаттан да бейхабар. С.Жүн. * Қазақ елінің мойнына ерте ілінген бұғалық, қайтып бұлқындырмады. Бұлқынуға ыңғайланса болды, қанға бөкті. Т.Рыс.
МОЙНЫНА АТТАЙ МІНДІ
Басынды; айтқанын істетіп, айдауына жүргізді. * Содан бері Шəмші осы үйдің еркесі, қожайыны болып, Тұмарбайдың мойнына аттай мінген болатын. Ж.Айм.
