МОЙНЫНА АСЫЛДЫ

Еркеледі, құшағына кірді. * — Құладым, — деді ол солқылдап келіп, алда тұрған қыздардың бірінің мойнына асыла кетіп. Ә.Нұрш. * Ол қораға кіріп келісімен Алиман жағып жатқан отынын тастай салып, жүгіріп барып оның мойнына асылды – да: “Сенен айрылмаймын! Сенімен бірге өлемін!”– деп телегей- теңіз боп жылады. Ш.Айт. * Екеуі ғана оңаша болса Ұлпан Мүсірептің мойнына асыла кетер ме еді, әлде қайтер еді? Қалай еркелер еді, не айтар еді сонда? Ғ.Мүс.

МОЙНЫНА АРТТЫ (ҮЙДІ)

Тапсырды, мшндеттеді, әлдебір тапсырма жүктеді. * Ол маған шот емес, жарылып кетсем де бір мақала жазуым керек; аймақтық жастар комитеті екі күннің ішінде жазып тапсыруға мойныма бір мақаланы артқан… Ж.Айм. * Сыртқа шығып, айналасына алақ-жұлақ асығыс көз тастаған Ботпай әлгіде ғана мұның мойнына бар бәлені үйіп кеткен балалы әйелді шарқ ұрып іздей бастады. О.Сәрс. ~ — Адамның бәрi үнемi олай өмiр сүре алмайды ғой. Ересек адам, ақыл- есi бүтiн кiсi тiршiлiкте белгiлi бiр мiндеттердi мойнына артуға тиiс. Ж.Шағ.

МОЙНЫНА АРҚАН САЛДЫ (ТАРТТЫ)

Жазалады, қинады, буындырып өлтірді. ~ Мен келемін сол дәудің Басына қылыш шапқалы, Мойнына арқан таққалы. Айтқаныма көнбесе, Жетелеп елге қайтқалы. БС («Еділ мен Жайық…») ~ Иманай, «қош » деп мойнына арқан салып кетпек болғанда, сол күндізгі арқанды әкеліп тастаған жігіт келіп қалып, алда-жалда төңірекке адамдар жиналып, бұны асылулы арқаннан шешіп алған екен. «Күйген нан».

  1. Айтқанына көндірді, бағындырды. * Ақыры Төбеттің мойнына арқан салғандай қылып, алып келген. З.Шүк.

МОЙНЫНА АЛДЫ

Айыбын мойындады. * Алдарыңа бас идім, өткендегі қылмысымды кеше көріңдер! Тарих жүзінде лағынет айта көрмеңдер! Көп кешсе, сот та кешер. Сот – жұрттыкі ғой. Мойныма алғанымның белгісіне Қамит марқұмнан ұрлап алған бір əңгімені алдарыңызға саламын. Ж.Айм. ~ Мен – жұрттың көзін бояушы, атаққа мастанған бір қу едім. Адасқандығымды жаңа білдім. Өткенге тəубе қылдым. «Ағаттығын мойнына алу да – ерлік» дейді ғой. Уа, жұртым. Ж.Айм. * Оған шейін Әбілғазы да құлақтандырылады. Байшоқыға хабар беруді Бекарыстан өз мойнына алып отыр. З.Шүк. ~ Бар кінәні өз мойнына алған Мекен бес жылды арқалап кете барған. Ө.Кәр. ~ . Әзберген түнеріп ұзақ тұрып бір кезде: «Айып бізден, ахун бауа!» деді кінәсін мойнына алып. Көпшілік Әзбергеннің кінәсін кешті. С.Ел.

  1. Өз міндетіне алды. * Мыңбай бұларды паналатуды мойнына алып, уəде берді. Ж.Айм. * Көп адамның ар — ожданының иманын, обал — сауабы үшін жауапкершілікті өз еркімен мойнына алды. Мұндай ауыр міндетті мойнына алуына себеп болған, әрине, дін мәселесінде түк білмейтін қараңғы надандығынан … М.Кар. * … келген жігіт-желеңді күле қарсы алып, әзілдесу, қысқасы, мәдени, әкімшіліктейін сыбай-салтаң, сыпайы тіршілікті өз мойнына алған. М.Қаб.

МОЙНЫНА АҚША МІНДІ

Ақша жеді деген айып тағылды. ~ Патшайым бұрын магазинде сатушы боп істеп, кейін мойнына ақша мініп босап қалған еді. Н.Сер. ~ Сонан құрсын, Сары Шаядан не пәтуа шығатын еді, бір күні Сары Шаяның мойнына ақша мініпті деп жұрт шу етсін. Ә.Нұрп.

МОЙНЫН СЫРТҚА САЛДЫ (БҰРДЫ)

Жақтырмады, ұнатпаған пішін танытты. ~ … неғып аяқ астынан үйленетін болып қалды, ол неғылған батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық,- деп мойнын сыртқа салып сенбей, көнбей бәле қылыпты. Д.Досж. ~ Пальтоның түймелерін салып ағытып, салып ағытып, жасанды жағасы құрғырды астынан көтере желпілдетіп қояды. Онысы желпілдесе жақсы, күркетауықтың қатырма қанатындай салп-салп етеді. — Қалай, жараса ма? — Айтпа…— деді Елтай мойнын сыртқа салып. М.Қаб. ~ Есімнің қолындағы ашаны жұлып алып қораның төбесін қатулана түрткілей бастады… Тесік жасады. Сыртқа бу бұрқырап шықты. Болат басын изеді. Райқанға: «білдің» дегендей сүйсіне қарады. Тысқа шығысты… Есім Болатқа сөйледі. — Біз не бұйырса соны істейміз. — Одан әрі Есім қадалса да, сөйлемей мойнын сыртқа бұрды. М.Әу.

МОЙНЫН ҚАЙЫРДЫ

Күштеп көндірді, айтқанын істетті. ~ Қашаған малдай жалтарып отыр екен деп сөкпеңіз, аузым жетер жерге арызыңызды айтып көрермін. Мойныма алып, шалып жығам, қайырымсыздың мойнын қайырып алдыңызға ием деп уәде бере алмаймын. С.Жүн. ~ Қалпағын зерге толтырған, Қазғалдақ мойнын қайырған, Қаттан жемін айырған Безгелдек мойнын қайырған, Бектен жемін жайпаған, Қан Жантай сөйлеп бергенде, Алдынан жиын тарқаған. А.Байт. («23 жоқтау»)

МОЙНЫН ІШІНЕ ТЫҚТЫ

Жуасып қалды; ұнжырғасы түсті, жасыды, қуыстанды. ~ Ал енді қайтеміз деп, көпке қайта қарадым. Көпте үн жоқ. Айыптылар мойнын ішіне тығып, ештеңе көрмегендей боп отыр. Бәрін. С.Бақ. ~ Бүгін де аса талапшыл профессордың дәрісінде мойнын ішіне тығып алып, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» болып отыр. Е.Жең.

МОЙНЫН БҰРМАДЫ

Көңіл бөлмеді, назар аудармады, есептеспеді. ~ Ақ ниет, адал ойлар түкке тұрмай, Барады ешкім оған мойнын бұрмай, Әділдік орнамасқа көзім жетті, Дүниеден ет жейтұғын ауыз құрымай. С.Тор. ~ Дүние бір соқпақ жол бұраңдаған, Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған. Түбіне сол дүниенің жетемін деп, Бай мен би содан мойнын бұра алмаған. Қожаберген ж. ~ ─Керегі болмаса, шақырамын ба? Періште мойнын бұрмаса, шайтаннан да жәрдем сұрайтын кез болады екен. Әдейі сол үшін келдім ғой. Т.Әбд. ~ Қамы үшін жанын қимаса, үлкен аға, кіші іні Береке қылып тұрмаса, Кәріп, кәсер, момынға Жаны ашып мойнын бұрмаса, ондай ұлдан не пайда?! БС. «Асан-Қайғы».

МОЙНЫМЕН КӨТЕРДІ

Небір қиыншылыққа төзді, ауыртпалықты көтерді. ~ Адамда қорқыныш көп, Көп үміт те, Мойнымен көтереді ол – нені жүкте! Адамзат қайғырмаса, қуанбаса, Жұмыр жер болмай ма бір өлі нүкте. К.Мырз. ~ Охо- хо, жер бетiндегi жұмыр басты әрбiр пенде сәт сайын ауыр жүк тиелген сегiз «КамАЗ» — дың салмағына тең атмосфералық ауырлықты мойнымен көтерiп жүретiн көрiнедi. Ж.Шағ.

  1. Жіберген қатесін өзі түзеді; айыбын өткерді. ~ Оның опасыздық қылығына қалай ыза болмайын. Қолмен істеген нәрсесін мойнымен көтеруге жарамау ер адам үшін неткен пасықтық. Б.Соқ. ~ Ол — Ұлтарақтың інісі Медет, қолымен істеген қылмысын мойнымен көтеріп, жалтарып, жалақтамай сенген көңілмен сергек отыр. Қ.Түм.
  2. Бүкіл шығынды өтеді. ~ .. Көктөбе үстіндегі жастарға жайылған үшінші тойды ақ үрпек қыздың әкесі, қала мэрі мойнымен көтерді. Д.Дос. ~ Жетім- жесірлерге болысқаны былай тұрсын, аудандағы сан түрлі мәдени шаралардың да бар шығынын талай мәрте өз мойнымен көтерген. Қ.Жиен.