МОЙНЫНА СУ КЕТТІ (ҚҰЙЫЛДЫ)

Әлденеден түңілді, қатты қапа болып, еңсесі түсіп кетті. ~ Сайлаушыға бір жіберді, келмеді; Бадырақ далақтап өзі де барды – келмеді. Жуандардың мойнына су кетті. Ж.Айм. ~ Бүгін болыс Үнияға айтайын деген сөзін ұрыс-тартыстың арасында
айта алмады. Амалсыздан мойнына су құйылып үйіне қайтты. Ә.Шәр. ~ Алайда бастықта кісі жұмсарлық шама жоқ тәрізді. Мойнына су кеткендей, жүні жығылып болдырып қалған. М.Қан.

МОЙНЫНА СУ ҚҰЙЫЛДЫ

Ұнжырғасы түсті, көңілі құлазыды, жүні жығылды. ~ Аяғында, мойнына су құйылып: «Өзіңнен басқа сенерім жоқ» — деген соң, әлгі иттің малын іздеп кеткені ғой, Табандаған жиырма күн жүріп, табанынан таусылып бармаған кісі қоймай, аяғында, бар малын алып келді. М.Әу.

МОЙНЫНА САЛМАҚ ТҮСТІ

Әлдебір қиындыққа, ауырлыққа тап болды. ~ Оның қолында жетім үш бала қалды. Бұрын қалай өмір сүреміз, не ішеміз, не киеміз деп ойламайтын ананың мойнына ауыр салмақ түсті. Ол — жетім үш бала еді. Б.Бұлқ.

МОЙНЫНА САЛДЫ

Күнәсін арқалатты, мойындатты. ~ «Осыны ренжітіп қайтем?.. Ренжітпей-ақ, кетемін десем, мені бұл ұстап тұра ала ма?.. Ұстап тұра алмайды десіп жүр ғой. Өз күнәсін көп алдында мойнына салсам, мұның менде не сөзі бар…» деп ойлайды Ұмсынай. Б.Май. ~ Жазушы кітабын арнар. Ал, Елеусіз немен қарсы алмақ осы мейрамды? Мойнына салып қойған салық болмаса да, Елеусіз Досов осындай жәйттерді жиі ойлайды. К.Қаз.

МОЙНЫНА МІНІП АЛДЫ (МІНДІ)

Әбден басынды, билеп төстеді. ~ Содан бері Шəмші осы үйдің еркесі, қожайыны болып, Тұмарбайдың мойнына аттай мінген болатын. Ж.Айм. ~ — Сендер осылай бұйығы, жуас бола берсеңдер, кәпiр иықтай бередi. Ол мойындарыңа әбден мiнiп алады, бiр мiнсе қайтып түспейдi … М.Әбдіх. ~ — Қайдағыны айтпашы. Кіші қызың естісе, менің әкеме қызымды бермеймін деп әлек салған сенбе деп нағашысының мойнына мініп алып жүрер. АҚ «Тағдыр.»

  1. Біреудің арқасында күн көрді, масыл болды. ~ Соңғы аз уақыттан бері. бұл қызметінің үстіне, тағы үй ішіндегі бар жұмыс масыл болып мойнына мінді. М.Әу. ~ — Бұл заманның еркегі елуге келгенше есі кірмейді. Қырыққа келгенше әке-шешесінің мойнына мініп отырады. Б.Тоғ. ~ Жәмеш неге өзін алакөзденіп қарсы алғанын Бөкен енді ғана түсінді. Бұрын шалдардың мойнына мініп әбден үйренген ғой. Ондай еркелігіне бойында намысы бар қандай жас көнсін? Д.Әш. ~ Қанша қиналса да, обалы нешік, осы күнге дейін маған «сен де бір мойынға мінген масыл болдың-ау» деп қабақ шытып көзге түрткен емес. Т.Сәу. ~ Аудандағы он шаруашылықтың тоғызы өкіметтің мойнына мініпті де малмен айналысатын жалғыз Сарторғай ғана айранын айырып отыр екен. Қ.Ысқ.

МОЙНЫНА ҚЫЛ АРҚАН САЛДЫ (ТАСТАДЫ, ТҮСТІ)

Жау қолына, құрылған тұзаққа түсті. ~ ─ Денесі осында жатыр, басы жоқ, — деді. — Мойнына қыл арқан салып атуға алып шыққанда, бесін намазымды өтеуге мұрсат беріңдер, сонан соң не істесеңдер де еріктерің, маған енді бәрібір депті. Қ.Ысқ. ~ — Қасиетті баба, қыл мойныма бұғалығын толғап үлгерген адуын қол бар еді. Одан өзің босаттың. Босаттың да, сол қол иесінің мойнына қыл арқанды өзің тастадың. С.Смат. ~ Мойынына қыл арқан түскен сұмырай ұры тұла бойын тікен тесіп, бұта тырнап, әбден ит сілікпесі шыққасын, өзінен-өзі-ақ арам қатады. Ә.Кек. ~ Мойнына қыл қарқан, аяғына шырмау түсіп, жан алқым ышқынысқа душар болғандағы жанталасқа қарағанда қазіргі халі көш ілгері. Ө.Кәр.

МОЙНЫНА ҚҰРЫМ КИІЗ ІЛДІ

Көпке мазақ қылып, масқара етті; қорлады. ~ — Асамбай ерегіссе шауып та алады, үйітіп те жейді. Бұл қақпастың мойнына құрым кигіз іліп тентіретуден айынбайды… Өйтіп біреуге қорлаттырғанша, не көрсем — өзім көрем! — деді Қайдар сұрлана түсіп. Б.Май. ~ Дәукен ат ойнататын адамша мойнына құрым ілген ақ келіншекті ақсаңдай басып жетелеп барады. Бұлардың артынан шұбап атты-жаяу адамдар топырлап келеді. І.Жан. ~ Жалғызағаш деген жердің өзегінің бойында қозы жамырайтын итарқадан жарқ етіп шығып, елдің қаһарына жолығып, беттеріне күйе жағылып, мойнына құрым киіз ілініп, көшке тіркелген күндері де осы күн еді. І.Жан. ~ Қаладан ойнас байын білу керек, Басына қолға түссе, міну керек. Өгізге теріс мінгізіп, ел қыдыртып, Мойнына құрым киіз ілу керек. С.Тор. ~ — Көрсеткен ғой, біреу. Болыстың мойнына құрым ілейік деп өзі де өзеуреп қоймап еді, бишара. — Е, онда ел не демеді! Дегеннің бәрін ала берсе жан қала ма!.. Ғ.Мұст.

МОЙНЫНА ҚҰРЫҚ ТҮСТІ (САЛДЫРДЫ)

Тұсалды, еркінен айрылды, құлдыққа түсті. * Асқақ рух, алаңсыз еркіндігінен айырылып, мойнына құрық түскен қазақ тағдыры өзегін өртейді. М.Жолд. ~ Осы Қаралы төбедегілер, бір қазағы, біреу шындықты біліп, қатты айтса-ақ болды мойнына құрық салдыруға дайын. Р.Мұқ. ~Қамалды; тұтқын болды. * Мойынға құрық түсiптi, Қиналсақ та шықпастай. Саңырау елге кез болдық, Жалынсақ та ұқпастай. Б-С. «Бозжігіт». ~ Мойынға құрық салдырып, Түскелі тұр-ау қыспаққа. Ақжанды жалғыз қалдырып, Жетпекші қандай ұшпаққа. C.Тұрғ.

  1. Аяғы байланды; үйленді.* Кербез қыздың күйеуі — бай баласы, Үйде отырса, мойнына түспек құрық. Кенен.

МОЙНЫНА ҚҰРЫҚ ТҮСПЕГЕН

Бұғауға түспеген; басы бос. * … жасы отыздан асқанша мойнына құрық түспеген, сүр бойдақ бастықтың екі беті лезде күреңітіп кетті … О.Сәрс. * Кеше мен қобызы күңіренген қоп-қоңыр даланың жылқысы тектес мойнына құрық түспеген ұлы едім түздің. Ф.Төлт.

МОЙНЫНА ҚҰРЫҚ ТҮСКЕН ҚҰЛАНДАЙ (АСАУДАЙ)

Еркінен айрылғандай; тұзаққа түскендей. ~ Бес жылдан бері Шолпанның жүрегіне түскен жара мәңгі жазылмайтын жара …. Мойнына құрық түскен құландай денесі дір-дір етеді. М.Жұмаб. ~ Ханның ызадан қаны қашып, мойнына құрық түскен асаудай басы кекжең ете қалды. Әрине, қазақ елінде хан мен әйелі бірге өлсін деген заң жоқ. І.Ес.

МОЙНЫНА ҚОСАҚ (ҚОССАУ), КӨТІНЕ (АРТЫНА) ТІРКЕУ

Айыпты адамды жазалау және айыбын төлету тәсілі ретінде айтылады. . ~ Сонымен біздің Разбек биіміз мал көзін алып, ұрыны да, биені ұстаған адамды да осы съезге салып, айғақтары мойнына қойған соң мойнына қосақ, көтіне тіркеумен төлетіп алған болатын. Ол ұрыға абақты кесіліп кетіпті. І.Жанс. ~ Қазақ жұртында атазаманнан бері келе жатқан, қазақша айтқанда «мойнына қоссау, артына тіркеу» дейтін айып-айбана бар. Қызық екен, оның орнына мен жазықты болуым керек, — деп Нұрмағанбет басын кекжең еткізді. С.Жүн.