МОЙНЫ ЫРҒАЙДАЙ, БИТІ ТОРҒАЙДАЙ (БОЛДЫ)

Жоқшылық машақатын көрді; азып-тозды, жүдеп-жадады. * … Студент кезімізде Мақтарал деген жорық шықты. Төрт жыл қатарынан мақтаға айдап, мойнымыз ырғайдай, битіміз торғайдай боп тозып кеттік. Қ.Ысқ. ~ — Ерасылжан неге жүдеу десем, содан екен ғой. Бұлар бүкіл жұмыстың бэрін каршадай баланың мойнына үйіп қойыпты ғой. Бүйте берсе мойыны ырғайдай, биті торғайдай болмай ма, байғұс баланың. С.Досан.

МОЙНЫ ЫРҒАЙДАЙ

Тым арық, қылдырықтай. ~ Жалбырап, жалдырап бізге телмірді де тұрды. Мойыны
ырғайдай. Ол қылдырықтай мойын анау қара бұйра бөрікті басты қалай көтеріп тұр екен. Б.Қыд. * … жұмыстың қара қыртысын айыратын пысықтығы адыра қалып, ауыздықпен алысып ала қашып тұратын арыны басылып, жүдеп-жадап әл қуаттан айрылған, қызыл еттен арылған, мойны ырғайдай жіңішкеріп, сіңіріне әзер ілініп тұрған аш аруақ Боранқұлдың оларды аман алып қалар шамасы бар ма? Ғ.Біл. * Ақтамақтың тамағына өксік тығылды. Осы екен ғой мұның мойны ырғайдай азып бара жатқаны, осы екен… – Аға-ай, – деген көкірегі қарс айырылып. – Аға-ай. Н.Дәут.

МОЙНЫ ҰЗАҚҚА ТҮСТІ

Алыстап кетті д.м. ~ Хабар тимеуі де кәдік. Өйткені, арнап адам шаптырылған жоқ-ты. Әлде мойны ұзаққа түсіп, жете алмай жүр ме? З.Шүк. ~ Алғаш ел ішінен солай сырғып, кейін мойны ұзаққа түсті. Бірде Бұхарда кездесіп қалып, одан соң Ашамайлы мен Мүйтен ауылдарында төбе көрсетуі әбден мүмкін. З.Шүк.

МОЙНЫ ҰЗАҚ

Алыс, қашық д.м. ~ «Қайсы түтінде сұлу қыз, әдемі келіншек бар, қайсы ауылда өлең той болып жатыр?» – деп мойны ұзақ өзге жайлаулардан да келіп қайтатын. Т.Рыс. ~ Жанқожа асылып жатқан етке қарамай атқа қонды. Ауыл ендігі көшіп кетті. Соны қуып жетеді… Жол мойны ұзақ, түнделетіп жүріп, жер ұтуы керек еді… З.Шүк. ~ Болды, енді қанша мойны ұзаққа кетсе сонша жақсы, ақ батамызды беріп, ақ тілегімізді білдіріп аттандырып қояйық… Б.Жұм. ~ Бұқара қылып ала ма, жаулық көзқараста бола ма? Мойны ұзақ жерден байқайық деп Баркөлге келіп отырмыз. Ж.Шәк.

МОЙНЫ ҮЗІЛДІ

Мертікті, опат болды. * Үйде отырған қонақтың мамаағашқа байланған атының үріккенін аңғарған бойжеткен «қонақ, қонақ, шылбырың бұғы мойнағы болса, шылбырың үзілді, еліктің мойнағы болса, атыңның мойны үзілді» деген екен. Қонақ жүгіріп сыртқа шыққанда, атының мойны үзілгенін көреді. Ж.Баб. ~ Соның өзінде Шақанды алып түсуге шак қалған, əп-сəтте орын ауыстырып үлгермесе, мойны үзіліп, бел омыртқасы сынып, жыртқыштың астына түседі екен. М.Мағ. ~ Төменге жанұшыра қайта қарғығанда, аяғы тайып, ілгері омақаса құлады. Екі домалағанда, жотадағылар шу ете түсті: — Ойпырай, Заңғардың мойны үзілмесе етті. Б.Ыб.

МОЙНЫ САЛБЫРАДЫ

Еңсесі түсті, көңілі пәс болды. ~ Бауырына кеп тығылған жетім нәрестені немен жарылқарын білмеген дәрменсіз еркектей мойны салбырап дағдарып отыр. Ә.Кек. ~ Босағада мойны салбырап Әзімхан тұр. Өң жоқ, түс жоқ. Не келген кісілерімен аманы жоқ, құдды тілі байланып қалғандай. Д.Әш.

МОЙНЫ ОЗЫҚ

Өзгеден алда, көш ілгері. ~ Бұл өлең Сәкен жинағындағы маңдайы жарқырап, жұлдызы жанып туған мойны озық туынды бола қоймас. Р.Нияз. ~ Сол Жәңгірдің он екі биінің бірі ер Исатай басқалардан мойны озық қалпын ат үстінде де сақтайды
екен. Х.Ес. ~ Сәкеннің қарасы мөлдір, ағы кіршіксіз үлкен өткір көз жанарынан қарсы отырған сөзге шешен, қатарының бәрінен мойны озық, аз жылдың ішінде атағы тез жайылған басшыға: «Не бар аянатын. Өзіңнен басқа кім бар қимылдайтын.
Ел сенген жігіт сен емес пе ең?!» деген дем ұшқындағандай болды. Х.Ес. ~ мына таңғажайып көріністің бәрі құр елес болып жүрмесін. Әлде Шамның мәреге қатар келген жүйріктен мойны озық болды ма, әлде мына азан–қазан жұрт ақылынан
алжасты ма… А.См. ~ Хасеновке Темірші болысының тобынан: — Ібіш, сен орысша оқығансып, жылпостығыңды істеме, топ алдынан сөреге өтерде Дөңмаңдайдың мойны озық-ты. Мына елдің бәрі көріп отыр. С.Бег. ~ Осындай екі ұдай ойдың еңку
де еңку егесі елеңдеген көңілді ебіл-себіл етті. Әйтсе де жігітке деген тәнті, тәтті сезімнің мойны озық. Алды-артына қаратпай апшыны қуырып барады. Н.Дәут.

МОЙНЫ ОЗДЫ

Жолы болып, алға шықты, абыройы артты. ~ Демежанның жай қатарда жүрген кезінде еленбей келген міні енді мойны озып, билікке отыратын тұста қалайда алдынан шығуы керек. Қ.Жұм. ~ Ата, жөнім осылай, Қызы сұлу Қырым деп
Қызыққаннан мен келдім. Ұл сұлуы үрім деп, Ұзақ жолдан мен келдім. Рудан мойны озған деп. Өзіңді іздеп мен келдім. Көкетай ханның інісі Төкетай сал мен едім. Кенен Әз. ~ Ұлдың өзі тумайды, келін өзі келмейді. Бәрі де атаның күші, ананың сүтінен тарайды, — дей келіп, өзінің замандасы Құнанбайға байланысты бір әңгіме айтты. — Қазір Арғын ішінде мойны озып тұрған азамат — Абай ғой. Қ.Жұм.

МОЙНЫ ҚЫЛДАЙ

Ап-арық, жіңішке, мойыны қылдырықтай. (Ауыз әдебиетінде, аш-жалаңаш жетім баланың сипаты ретінде жиі қолданылады). * Қыстауға келсе, босағада, күн шуаққа жылынып құнысқан шал, кемпір, болмаса басы бақыр қазандай, мойны қылдай жалба-жұлба бала отырады. Ж.Айм. ~ Бір құлағын анада Көткеншек Көшен қыршып алғалы өзінде тіпті ұсқын қалмапты. Бір басқа — бір құлақ. Мойны қылдай. Денесі шілдей. Бір қолында леген. Екінші қолымен бұның білегінен тас қып ұстап алған. Ә.Нұрп.

МОЙНЫ ҚАТТЫ

Бірбеткей, қыңыр, асау. ~ Жүген, құрық көрмеген анғырт жұрт қой, Дұшпанды бүйірінен тесіп жатыр. Мойны қатты надандық шіркін кернеп, Көнбегендер желкесін жесіп жатыр. Ж.Айм.~ Шүу дегенде бұл сөзі жанға батты, Бұрын ондай көргем жоқ жаманатты. Қайырусыз, қағусыз өскен басым, Бұлқындым шу асаудай мойны қатты. Шәк.