Өмірден көп опық жеп, кеудесі басылған д.м. ~ Айрылысып кеткен келіншегін де ғайбаттаған емес. Елтай кеш қайтса, есік ашып береді. Мінезі майырылып қалған бейбақ жан. М.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
МІНЕЗІ МАЙДА
Көңілшек, жұмсақ мінезді, мейірімі мол, кішіпейіл. ~ Ойы дана, мінезі майда, жолы даңғыл қарт ақын Абайдың бұрын көрген ақындарына кейде ұқсап, кейде ұқсамай кететін сияқты. М.Әу. ~ Жері жоқ сөзден жаңылған, Батырға қолын қусырып Мінезі майда жібектен. Жалт етіп көрсең жаныңнан. «Қамбар б.» ~ Әдепті, махаббатты һәм құрбылас. Күлгенде нұрлы жүзі қылады мас. Сөзі — бал, өp мінезі майда еді– ау деп, Көзінен шығып кетті еріксіз жас. Шәк. ~ Жері жоқ сөзден жаңылған, Батырға қолын қусырып Мінезі майда жібектен. Жалт етіп көрсең жаныңнан. БС.
МІНЕЗІ МАЙҒА ЕРІТКЕН ҚОРҒАСЫНДАЙ
Жұмсақ, биязы. ~ Мінезі майға еріткен қорғасындай, Келсең де ерте-кешті бір мінезді. Ақан с.
МІНЕЗІ ЖЕҢІЛ (ЖКЕҢІЛТЕК)
Шошақай, ұшқалақ. жүрісі көп. ~ Бақсы болуға нервісі бұзылған мінезі жеңіл, тез ашуланатын нервісі жылдам қозатын адамдар икемді болатын көрінеді. С.Мұқ. ~ Көз қарасынан мінезі жеңіл ме деп ойлап қалған Балуан Шолақ, Ғалияға ауыл әдетін қолданбақ болды. С.Мұқ. ~ Өте талапты адам. Мінезі жеңіл дейтін. Ел қателесіпті… Елдің айтқаны шын да боп шығуы ғажап емес еді ғой. М.Сүн.
МІНЕЗІ ЖЕҢІЛТЕК
Жүрісі сұйық, істеген ісінде береке жоқ, алқын-жұлқын жүретін адамға қатысты айтылады. ~ Әншейінде өзінің мінезі жеңілтектеу еді ғой. Ал жеңілтек адамдар шыдамсыз болмай ма? Қуанышты да сондай деп ойлап едім. Н.Ақыш. ~ Біраз қадалып қарап отырды да аяп кетті. Мінезі жеңілтек, ақылы шолақтау болғанымен мейірімді кемпір еді. Ж.Сәм.
МІНЕЗІ ЖАЙЛЫ
Сыпайы, бір қалыпты, орнықты адам туралы. ~ Қайда барады, амалсыз көнген. Апасы марқұм расында да кісі таниды екен. Айша мінезі жайлы, жақсы адам болып жолықты. Т.Сәу. ~ Сағи ағамыз, Жиенбаевты айтамын, иі жұмсақ, мінезі жайлы, үлкен-кішіге бірдей жұғымды, сырбаз да сылаң, сыптығыр жігіт болатын. С.Иманас.
МІНЕЗІ АУЫР
Қабағы ашыла бермейтін, тұнжыр, салмақты адам туралы. ~ Бұрын да мінезі ауыр, көп сөйлемейтін Сәбира бүгіндері де мазасыздық белгі беріп, бұдан оны-мұны талап ете бермейді… Ә.Тар. ~ Ол түнеріп алады да, ешкіммен сөйлеспей қойды. Бұрын да мінезі ауыр еді, енді сұраққа ғана жауап береді де қояды. Б.Қыд.
МІНЕЗ ШЫҒАРДЫ
Аяқ астынан сабындай бұзылып, қыңырланды. * Кең сахарада еркін көшіп үйренген қазақтар онда да әуелі мінез шығарды. Қызылқұмнан тақ үйіп, Әбілхайырды ақ киізге салып хан көтерді… З.Шүк. ~ Қиықтанған қырсық қыз жуасыды, енді мұның аясынан шықпайды. Дегенмен, сақтық керек, мінез шығаруы кәдік. Ө.Кәр. ~ Міне, сол той өте салысымен-ақ, Мәуленнің көңіл күйі сабындай бұзылып, отыз жастан баяғыда асып кетсе де, тал шыбықтай бұралып тұратын келіншегі Зылихаға да, анасы мен баласына да суық тартып, олар тілдесе қалса, танауының астынан міңгірлеп сөйлейтін мінез шығарған. Ə. Қайр.
МІНЕЗ ШАҚЫРДЫ
Ашуға мінді, қыңыр қылық КӨРСЕТТІ. * Ол өзге алмалар жетпегендей, тап соны ұстай апты. Арасын ашып қарап еді, бұлаңдап құрт шықты. Қызметшілерінің алдында мінез шақырып жатпайтын; байқамаған боп табаққа қоя салды. Ә.Кек.
МІНЕЗ ТАНЫТТЫ
Жұртқа беймәлім жағынан көрінді; ашу шақырып, қиястанды. * Дәл бүгін осы масыл маскүнем кәдімгідей адам сияқты мінез танытқаны. Аузына бір тамшы арақ алған жоқ. Ш.Айт. * … сол мезетте әкім-бастық мінез танытып: «Қойыңдар-ай! Кімнің мұсылманшылық оқуы асса — имам сол болады», — деп жұрттың назарын осы өзіне аударды. Д.Дос. * Сәулетай- ау, қанша қиналғанда, қанша арып- азғанда мен сендердің көңілдеріңе көлеңке түсірерлік қылық көрсеттім бе, мінез таныттым ба? — Гүлшат қызына тағы да қарады. С.Смат. * Өзіндік сарыннан айрылмайтын, сабасынан асып — таспайтын, бір мінезден айнымайтын қағылез, елгезек ақ бұлақ қана десек те, ол да өзінше мінез танытар еді. С.Смат.
МІНЕЗ АШТЫ
Шәлкестік, қыңырлық танытты. * Жас жеткен соң адам мінез ашады екен. Бүгінде Жылқайдар тентек шал атанды. З.Шүк. * Мен сонда сен мiнез ашты демен‚ жанарыма жоқ жағдай жас дүмеген. Жүрген қарап жолыңа бiр жiгiтпiн‚ кетер тартып мен сенi қасқыр емен. Б.Алд.
- Жаңа, өзгелер күтпеген қырынан көрінді. * Жер бетінде жорғалап, тіршілік етіп жүрген тірі жәндік-мақұлық атаулыдан өзі білетін кісілердің кейпін іздейтін мінез ашты. Д.Досж.
