МІРГЕ ӨТПЕДІ

Түкке жарамай қалды. ~ «Жас бала емес пе, ыңғайын тауып, мұртын майлап жіберсем қайтеді», – деп те мұны сайтан түртті. Бірақ бұл ниетінен лезде айнып салды: есіл сөз мірге өтпей жатқанда, бүгінгі жас былайғы ымды қайдан ұқсын деп ойлады. Ә.Асқ.

МІНІН БЕТІНЕ БАСТЫ (АЙТТЫ)

Кемшілігін, айыбын бетіне салық етті, көзіне айтты, ұялтты. ~ Жігітке қол ұсынбақ түгілі мінін бетке басады. Б.Мом. ~ Жақсылық десе көз жұма тартар ұран сап. Кінәсі болса құдайдың мінін бетке айтар Жігіттен тура айналып, Айһай, арман не, Бір өкпесіне тұра алсақ!.. С.Им. ~ Жағынбаққа ешкімді мақтамас ем, Арымды таптатпас ем, таптамас ем, Айтар ем мінділердің мінін бетке Кек тұтар деп, қипақтап, сақтамас ем. С.Тор.

МІНІН АЛДЫНА САЛДЫ

Айыбын, кемшілігін бетіне басып ұялтты. ~ Бальмонт басқарған топтың табыстарын айта келе, қазақ даласына кең жайылған бұл тұқымның мінін алдына сала сөйлейді. С.Мұқ.

МІНӘЖАТ ЕТТІ (ҚЫЛДЫ)

Құдайына құлшылық етті, дұға оқыды. ~ Адаспағандарына көзі әбден жеткен дірдектеген топ, қамшыгердің піріне мінәжат етіп, айқұлақтана шапты ілгері. О.Бөк. ~ Бітір дейді, зекет дейді. Алла соның жалғыз өзінікі ме екен? Әркім өз үйінде құлшылығын жасап, мінәжат етсе болмай ма? М.Әбд. ~ Дегдар софының бақыты — пайғамбар ғалейкссаламның шапағаты сіңген Меккеге жетіп мінәжат қылу. Д.Дос. ~ Әлқисса, онда анасы ойлады «менің балам бұ сапардан қайтпайын деп талап қылған екен. Бұған ризалық батамды беріп жіберейін» деп, Аллаға Тағала, екінші әнбие-әулиелерге тапсырып мінәжат қылғаны. «Қыз Жібек».

МІНЕЗІ ШӘЛКЕС

Қиқар, ұрысқақ, шайпау. ~ Шепенің азанмен қойған аты — Шаһимардан, содан — Шеген боп, содан — Шепе боп кеткен. Мінезі шәлкес ұрысқақ, төбелескек адам болғандықтан, жұрт оны сыртынан «Шытырлақ Шепе», немесе «Шыпылдақ Шепе» дейтін. C.Мұқ. ~ Шұқан құда мінезі шәлкес, шапшаңшыл, бүркіт тұмсық, қамшысын беліне көлденең ұстап сәл еңкейіп жүретін; шегір көздерін тіктеп қадаса, өңменіңнен өтердей сесі бар, атқа мінсе құйындатып, жай жүргенде сар желіп отыратын адам еді. Ф.Оңғ.

  1. Үйретілмееген, асау мал туралы. ~ Күйіс қайырған мінезі шәлкес қара бура көшенің ортасына маңғаз шаниып, балалардың лақтырған кесек қарына «ауф» деп жын атады да, ызалана мойнын бұрады. К.Жүн.

МІНЕЗІ ШАТАҚ (ШАТАҚТАУ)

Қызба-қанды, тарпаң. ~ Мырзабектің сау кезінде де мінезі шатақ. Екі күннің бірінде қолына шыбық алып, әйелін үйді айналдыра қуып жүргені. Т.Сәу. ~ – Ерегестір-меңізші, ата, ашумен атып жіберер, мінезі шатақ еді. – Бақытжанның даусы жалынышты әрі қорқынышты шықты. О.Бөк. ~ Мінезі шатақтау еді, бірақ онымен қашан да тіл табысуға болатын. Ч.Пав.

МІНЕЗІ ШАПШАҢ

Оқыс, күтпеген мінез танытатын, ашуы тез адам туралы. ~ Біле – білсең «Бай – бір жұрттық, батыр – бір оқтық». Мына сөзіңді қоймасаң саған садақтың бір оғы жалынсын! – деп мінезі шапшаң Қасым сес танытады. С.Ақт. ~ «Тайсоймасты» білгенде қандай» деп айтуға оқталды да мінезі шапшаң әкесімен ілінісіп қалудан сақтанып, үндемеді. А.Жақс. ~ … Мінезі шапшаң, қызуқанды Аркадий Долодовтың экспедицияға жетекші болып тағайындалуын әркім әрқалай бағалаған. Н.Ақыш. ~ . Байжанмен жарыса түсіп қатарласқан Тыртық, жаңа таныс болған адамымен шүйіркелесе кеңеспек боп еді, мінезі шапшаң Тыртықты ұнатпады ма, әлде ойын басқа бірдеме биледі ме, Байжан келте ғана жауаптар беріп, шешіле қоймады. С.Мұқ.

МІНЕЗІ ШАЙПАУ

Тентек, сотқар, асау. ~ Мінезі шайпау, жұртқа жағымсыз адамды халық осылай сипаттайды. Тістейтін, тебетін мінез жылқыда болады. Ф.Оңғ. ~ Жануардың құны қара бақыр тиын болғанымен өзінің мінезі шайпау — тістеп, тарпып тіпті жолатпайды,- деп Юхванка күлімсіреп жарқылдай сөйлеп, жан — жағына алақтай қарап қойды. Л.Толс.

МІНЕЗІ МАМЫҚТАЙ

Ибалы, кішіпейіл, жібек мінезді. ~ … бірақ мына өмірдің бар құпиясын махаббат етіп, жұп- жұптан жаратқан ием, жасампаз, береген -ақ шүкір тәубә, бір пендесінің мінезі мамықтай жұмсақ, жүрегі гүлдей нәзік, көңілі уыздай пәк, ажары айдай әсем, күндей көркем, әттең тіл жетпей күрмелем. БАҚ. ~ Қыршаңқы қотыр тауып қасынады, Есірік кейбір надан ақымақ құл. Мамықтай мінезіңді жұмсақ қылып, Жылы жүз, тәтті сөзбен мақтауға тұл. Ә.Найм.

МІНЕЗІ МАЙЫСҚАҚ

Мінез-құлқында тұрақтылық жоқ, қылығы өзгермелі адам туралы. ~ Бірақ мұны Шынар сезбегендей болды. Өз басына тигенше білмегенсіп жүре беретін мінезі майысқақ адамның әдетіне басты. Т.Әл.