МІНЕ, ҚЫЗЫҚ

Таңданыс. ~ Оның орнында: «Дінасыл, мен сенің шығармашылыққа оралар күніңді сарыла күткен едім», – деген жалқы сөйлемге көзім сүрінді. Міне, қызық, жалқы сөйлемді тізген әріп таңбалары менің өз жазуым. Д.Қуат. ~ — Міне, қызық!- деді жігіт.- Кешіре алмайтын мен болуым керек еді ғой. Д.Иса. * Қилы-қилы ойларға шомып, шылым тартып отыр едім, кенет есіктің қоңырауы бажылдап қоя берді. Міне, қызық! Бұл кім екен? Т.Берд.

МІНЕ, ГӘП ҚАЙДА

Әлде бірдеңенің шынайы себебін нұсқау. ~ Егіншілікке де, зоотехникаға да ол осы әдебиетке қарағандай қарайды. Міне, гәп қайда. Оның долбарлап сөйлегенінен әдебиет жапа шекпес-ау, ал шаруашылықтың жапа шегіп жүргені хақ… С.Мұр. ~ Бәрі өзіңмен байланысты. Өз келешегіңнің аңшысы сен өзіңсің. Түлкі соғасың ба? Әлде өмір — қызыл түлкі сені соға ма, бәрі де тағы сенің ез күшіңмен, дүниеге деген көзқарасыңмен шиеленіскен. Сол шиеленіскен түйінді қалай шешесің, міне гәп қайда! І.Ес.

МІНЕ ЖАНЫМ, МІНЕ ИМАНЫМ

«Өтірік айтсам, өліп кетейін» д.м. уәде беру. * — Өллә-бiллә, тiрi пендеге тiсiмнен шығармайым. Мiне, жаным, мiне иманым, —деп Төребай сол арада дәл бiр ақы-пұлы күйiп бара жатқандай оған жатты да жабысты. Б.Алд. ~ Сонымен бұл жылпылдақ жігітіңіз әдебиет факультетінің оқытушысы Шартық Инешке сол кеште бір уәдесін беріп те салды. «Үш балаң түгіл, он балаң болса да, саран үйленемін, міне жаным, міне иманым» деп тырнағын жалап-жалап алған кездері де, «осыны орындамасам о дүние, бұ дүниеде жақсылық көрмейін» деген сөздері де болды. Б.Қыд. ~ Қасқыр. Міне – жаным! Міне – иманым! Осы антыма иланғын! Келші бір құшақтап, құшырлана сүйейін. Ә.Таб. ~ Омар келгелі Ташпулат ойға көмілді. Бірақ сырын сыртқа шығармайды. — Бала Рысқұловтың інісі екені рас па? — деп қайталап қадалды. — Міне, иманым, міне, жаным. Қалп айтсам, осы тұрған жерімде арам қатыр, — деп қарғанды өңкиген Омар. Ш.Мұр.

МІНГЕСІП-ҰШҚАСЫП (МІНДІ, ОРНАЛАСТЫ)

Әлдебір көлікке бірін-бірі итермелеп, сығылыса жайғасты. * – Иә, ниетіңізге ризамыз! Біз мінгесіп-ұшқассақ та діттеген жерге ептеп жетерміз, –деп, қалды Шәріптен бірер жас кіші болғанымен, ескіше-жаңаша сауат ашып, ширап қалған Жұман сөзге араласып. К.Сег. ~ — Көріп отырсыңдар, соңымызда қуғын келеді. Қосарымызда басы артық бес-алты-ақ ат бар. — Жанназар ойланды. — Сендер мына түрлеріңмен жолда шөлден қырыласыңдар. Екі ат берейік. Мінгесіп-ұшқасып ел қарасын көрерсіңдер… З.Шүк. * Үш шанаға мінгесіп-ұшқасып жүргендердің арасында Керім көкесі де жүр. Бес адамның үшеуінің мойнында мылтығы бар. Қалған екеу — құр қол. Киімдері — кілең тон, аязды елер емес. А.Алт. * Мінгесіп-ұшқасқан аттылар, бірін-бірі жетелген жаяу жалпы. Бізді жетелейтін де, мінгестіретін де ешкім болған жоқ. Біз жетім қалып едік. О.Бөк. ~  Төсек-орындарын екі қапқа, ыдыс-аяқ, киім кешектерін екі қоржынның басына тықпалап аттарға артты да, мінгесіп-ұшқасып, иті де үрмейтін аудан орталығынан ұзай берген. Б.Тоғ. ~ Ертесі адамды сексеуіл тиегендей кептеп алған автобусқа мінгесіп-ұшқасқан екеуі базарға аттанды. Н.Сам.

ә) Бірінің артынан бірі орналасу туралы. * Қойшы әйтеуір, итырқылжыңмен түске таяна Алматының іргесіндегі мінгесіп-ұшқасқан көп ауылдардың бірінің шетіне аяқ іліктірдік-ау. Т.Сәук. * Онан да анау бөктерге қарашы, қандай әдемі. Тура осы тұстан қарағанда сиырдың бүйрегі секілді буылтық-буылтық. Қарашы… Әне…- Қамшысымен мінгесіп-ұшқасқан аппақ адырларды нұсқады. О.Бөк.

МІН ТАППАДЫ (ТАПТЫ)

Бүкіл бойынан (ісінен) кемшілік көрмеді. ~ — Кәне, сен бермегенде Нұрымның қай жерінен мін тауып бермеймін дейсің? Малды десең малды: әлді десең әлді, ата-тегі анау: жеті атадан бері үзілмей келе жатқан бақ-дәулеті мынау. Тегін кісіге бақ қона ма? С.Тор. ~ Бір мін тауып алар ма екен дегендей, Қасым іштей қыпық-қыпық етті. К.Қаз. ~ Сүлейменнің танығыш, сынамшыл көздері бурыл аттың бойынан иненің жасуындай да мін таба алмады. Б.Соқ. ~ Бірақ істеген істеріне, көтерген бастамаларына қарасаң, мін тауып, жабыса кету қиын. Б.Тоғ. ~ Қылп еткен қылығынан бір мін тапса, Жібере жаздайтын жерге қағып. Д.Әбіл.

МІН ТАҚТЫ

Кемшілігін көрсетті, айып қылды. ~ Қорықпай-ақ қойыңыздар! Сіздерге мін тағылмас. Сіздердің оншалық қорқарлық міндеріңіз көрінбейтін сияқты ғой, әзіргe! — деді. С.Сей. ~ … артынша Шынжаң қазақтарына мін тағыпты. «Бұлар аға ұлттардан қалған азын-аулақ мәнсапты бөліске салғанға келгенде әр ауыл өз лағын текешік қоюға тырысып, қатты қырқысады екен» дейді. Ж.Шәк.

МІН КӨРДІ (САНАДЫ)

Ұят көрді, лайық деп санамады, кемшілікке балады. ~ «Сендер, қазақ, мүфтиге қарамайсың, орысқа қарайсың», — деп, соны қайсыбіреулері бойына мін көреді. С.Сей. ~ Жонас артындағы шар айнаға бір бұрылып қарай қалды да, жаңа келген жас әйелден өзінің толықтығын мін көргендей, қысылып қалды. Ғ.Слан. ~ Бірақ та Бауыржаннның тік мінезі сол кездегі билікке онша ұнай қойған жақ, шеніне қарамастан шындықты бетке тіке айтатын шыншылдығын мін көрді. БАҚ ~ Алдыңғы жазушы-сыншылардың пікірлерін ескере отырып, өз пайымымызды жазуға талаптанып, кәнігі сыншы бол¬масақ та ағамыздың ауыр әрі азапты еңбегіне пікір айтпауды мін санадық. Сөйттік те қағаз бен қаламға жармастық. Ж.Шәк.

МІН ЖОҚ

Тұла бойынан титтей кемшілік таппайсың д.м. ~ Қара тұлпардың шабысында мін жоқ сияқты. А.Сей. ~ — Өзге сапасын қайдам, жеңгелеріңнің шапшаңдығында мін жоқ. К.Қаз. ~ Ақтөбеңіз айдай әсем, күндей көркем екен ғой. Келбет-көркінде мін жоқ. М.Бай.

МІЗ БАҚПАСТАН

Беті бүлк еткен жоқ. ~ — Солай болсын, — дейді Баукең міз бақпастан. — Мен ешқашан да құпия соғысып көрген емеспін. Ә.Нұрш. ~ — Жо, ол біздің құйғанымыз тұқымға деген жаздық болатын, күздік шіріп кетті ғой,— деді міз бақпастан. С.Мұр.

МІЗ БАҚПАДЫ (БАҚҚАН ЖОҚ)

Бүлк етпеді; бедірейген күйі қала берді; не нәрсеге де шыдап берді. * Қойтеке тағы ұрады, боқтайды, қарғайды, сілейді, жұлқынады, тыпырлайды. Торшолақ міз бақпайды. Жұлқына-жұлқына Қойтеке әбден терледі, қол, аяғы да талды, сонда да тыпырлауын қоймайды. Ж.Айм. * Тұрғандағы қаралдысын көрер ме еді? Сүлей қошқарды аңдыған қасқырша тұрар ма екен?» деп осынша дəмеленсе де бала шалбарынан қорынды білем, міз бақпады. Ж.Айм. * Жексен мен өзге екі бәйбіше Райқанға тесіле қарайды… Райқан міз бақпайды. М.Әу. * Бөкен отырған орнында міз бақпай, мелшиіп қалды да, Ерубай бетін басып, өкіріп қоя берді… Ж.Самит. * Падашы шал мүлдем міз бақпайды. О.Сәрс. * – Жеңгеңнің арқасында ғой, әрине? – Енді қалай! Ал бастығым сонда да зәредей сыр бермеді ғой маған. Міз бақпайды, ей! Ж.Алтайб. * Бір тілегімді берші! .. Айналайын, кетпеші! .. Меруерт міз баққан жоқ. Жүзі де сынбады. Қ.Ысқ.