МИЫ АУЗЫНА ТҮСТІ

Есінен айрылды, мәңгіріп қалды. * Ол атып түрегелемін дегенде вагон төбесіне басын оңбай соғып алды. Миы аузына түскендей меңірейіп отыр. М.Қаб. * Оған да болмаған соң, әлгі әйелдер Ұрқияны жабыла көтеріп, екі аяғымен есіктің маңдайшасын тепкізді. Жалан ыстық табан қақ ағашқа сарт-сарт тигенде миы аузына түскендей зірк-зірк етеді. С.Жүн. * Айналасындағылар жапырлап, бетіне су бүркіп у да шу. Құзғын тұмсық кәрі қатын кімнің шікәрәсі. Миы аузына түсіп, өмірем қапса да мәйлі. Т.Сәу. * Майлы шүйдесі мен балуан жауырынын тақтай қабырғаға тіреп, миы аузына түсіп, шарасыз шақырайған көзіне маңдайынан жылымшылай қан құйылған Иван- кочегардан Әкөн жанарын аударып әкетті… А.Алт.

МИЫ АЙНАЛДЫ

Ес-түсінен айрылғандай болды. ~ Кімнен, жүрегі оң жағына біткен, аспандағы қара құрыдымды зерттеймін деп қарадай алақтап миы айналған әлгі Айтуарға аудың ба?.. Д.Дос. ~ − Көкем-ау, күйлегенде бұлардың да миы айналып, көзі көрмей кетеді. Құдай ұрғашы біткенді еркектің әукесіне тәуелді етіп қойған қас қылғанда. Н.Дәу. ~ Күрделілеу шаруаға келгенде қалай бастап, қалай аяқтауды білмей, екі ортада миы айналып қалады. Н.Дәу.

МИТЫҢ ӨМІР

Күн көріс қамымен өтіп жатқан мардымсыз тіршілік. ~ Өгіз өлмес, арба сынбас бір тіршілік, әйтеуір, «бас сынса — бөрік ішінде, қол сынса — жең ішінде» деп жүріп жатқан митың өмір. К.Қаз. ~ Сезімсіз жүрегінде елім деген, Елім деп ең қиынға жегілмеген, Сол үшін тоңып, күйіп, жанып бітпей, Не керек мимырт, митың өмір деген. Т.Әбдір-а.

МИТЫҢ ҚАҚТЫ

Алға оздырмайтын мардымсыз қозғалыс туралы. ~ Жаяу-жалпылап шуаған еркектер қызыл асықтарынан батпақтап, арба үстінде отырған қызкеліншектерге әрнені айтып қалжыңдасып та қояды. Бұлардың митың қаққан жүрістерін мазақтаған әйелдер де сыбырласқан боп сықылық қағады. С.Ғабб.

МИТЫҢ ЖҮРІС

Мардымсыз әбігер; алға әзер жылжитын тынымсыз қозғалыс. * Кəдімгі П. қаласында мені бір ет жақын туысым күтіп тұрғандай асығып, көліктің митың жүрісі жүйкеме тиеді. С.Досж. * Содан түйе үстіндегі қомда келе жатып, тынымсыз шайқаған митың жүрісте толғағы тарқап, аз- аздап айыға бастаған- ды. С.Смат. * Жол ұзақ. Мойындары ырғайдай, мүйіздері семсердей шаншылған ақ өгіздер асықпайтын митың жүріспен тартып келеді. Т.Әсем. * Ербеңдеген қып — қысқа қолдары, кебеже қарынға үлеспейтін бір тұтам аяқтары, бүлкілдеген митың жүрісі мұз үстінде жорғалаған пингвинді елестетті. Қ.Ысқ. ~ тіршілік атаулының, әсіресе, анау митың жүріспен кіп-кішкентай болып бара жатқан адамдардың бейшара хәліне құмырсқаның илеуіне қарағандай бір сезіммен қарап тұрып қалды. Т.Әб. ~ Ол орта жолға дейін менің арбамды айдасып барды да, өгіздің митың жүрісіне жалықты білем, әрмен қарай атты борбайға бір салып желіп кетті. Қ.Ысқ.

МИТЫҢ АЯҢ (ЖОРҒА)

Өнімсіз, сылбыр жүріс. * Үй шаруасын жайлап, қыстың жабдығын қамдап берген соң, жалғыз өгізі мен жалғыз атын қазақ арбасына жегіп, інісін қасына ертіп, омбышылармен қосылып, Омбыға сапар шекті, жол алыс — ат арық. Жүрісі шабан, митың аян. Көліктерін шалдырып алып, күні-түні қыбырлата береді. Ж.Айм. ~ Бекер қона кетпеген екем деп өкінейін, енді бұрылуға кеш, ат жүрісі митың аяңнан асар емес. Д.Дос.

МИТЫҢ ЖОРҒА

Мардымсыз, баяу жүріс. * Мықынсыз Есенқұл митың жорғалап есікке таяп қалып еді, қапылыс қайтып оралды. Қ.Ысқ.

МИТЫҢ (МИТЫҢ-МИТЫҢ) ТІРЛІК

Бітпейтін өнімсіз, қыбыр-жыбыр шаруасы көп тірлік. * Таңның атысы- күннің батысы Ақберді қорасының бір қалыпқа түскен митың тірлігі бар. Ә.Тар. ~ Оң қолмен еңбек етіп, сол қолмен жалақы алуға дағдыланған қатардағы қызметкерге тән митың тірлік иесімін. Қ.Кенж. ~ Митың тірлік қайта жалғасты. Сөйтіп жүргенде Бәтимадан хат келсін. Ол хат бұл әулетті дүр сілкіндірді. Қысқа ғана жазылыпты. К.Қаз. * Қапелімде не істеп, не қоярын білмеді. Баяғыдан бергі митың- митың тірлігі аяқ астынан тәрк боп шыға келгендей. Ә.Кек. * Таңның атысы- күннің батысы Ақберді қорасының бір қалыпқа түскен митың тірлігі бар. Ә.Тар.

МИЗАМ ШУАҚ

Күздің мамыражай күндері. ~ Мизам шуағы. Күн ашық, тынық, әдемі. Қонғалы екі күн өтті. Жұртта өлі тыным жоқ, еркектер таңмен мал өргізіп, суарып болып, жалаңаштанып құдық қазуға тиіс еді, ойлары күземге су молайтпақ: жетпесе қайта құдық қазып я аршып жүруге күзем басталған соң қол тимейді. А.Байт. ~ Аспан ашық. Үп еткен жел жоқ. Мейірлене нұр төккен мизам шуақ жан жадыратады. С.Ғабб. ~ Мизам шуағы түгесіліп, күз қабағы қалыңдасымен жыл құстары жылы жаққа қайтуға қамданды. Ө.Кәр. * Мизам шуақ мезгілі еді. Дала ыстық, құрғақ жаздан кейінгі сары күздің алтын шуағына шомылып, маужырап жатқан. Ү.Жәл.

МИЗАМ ҰШТЫ

Қоңыр күздің сипаты ретінде қолданылатын тіркес. Өсімік ұлпаларының желге ұшқан кезі. ~ Қазір сәске түс, күздің қызуы қайтпаған сары күні жердегі шықты бусындыра бастаған. Мизам ұшып, бұта, шөпке салбырап ілініп тұр. Б.Тоғ. ~ Бердімбет сайының сәні кетіп, гүлдер солып, көбелек қуған қарлығаш ұшпай, оның орнына шұбатылып мизам ұшқан шақ. Сірә, қырық екіншінің қоңыр күзі. Ш.Мұр. ~ Жаз рет айналып жерге түскендей ыстық болды. Қыс қатты болмаса не қылсын. Мизам ұшқалы, жусан басын шалғалы да екі апта өтті. Б.Қыд.

МИДАЙ ДАЛА (ДҮЗ, ЖАЗЫҚ)

Көз жетерге дейін көсіліп жатқан ұшы-қиыры жоқ боз дала. ~ Бұл мұхиттың жағасына қараған жерлер мидай дала болады, оны «тундра» деп атайды. А.Байт. * Қыраттың арғы бетіне түскенде ауыл да, зиратта көрінбей, айлы түн мен мидай даланың ортасында қалған Асқар өзін өлімге бір табан жақындағандай сезді. Т. Әбд. ~ Өлеңті айналасы мидай дала, Өлеңге ақын Мәшһүр болған дана. Ереймен ту сыртымда тұрғаннан соң, Сол жерді тау екен деп, көрдім пана. М-Ж. Көп.

МИДАЙ ДҮЗ

Ұшы-қиырсыз, теп-тегіс дала. * Жарандар, иманыңнан күдер үзбе, Айтайын осы мәселе енді сізге. Пайғамбар тақсыр Ғайса бір күндерде Сейіл құра шығыпты мидай дүзге. БС. «Қубас».

МИДАЙ ЖАЗЫҚ

Ұшы-қиыры жоқ, тақтайда тегіс кеңістік, дала. ~ Иек астынан басталған мидай жазық ұлан-асыр кең аңғардың арғы іргесіне дейін жайылып, жайқиып кетіпті. С.Үс. ~ Бұл алқапта, жуық маңда осы төбеден басқа бұдыр жоқ. Төрт төңірегі түгел мидай жазық болатын. Ж.Сәм.