МИДАЙ АРАЛАСТЫ

Бір-бірімен тығыз араласты, тоқайласты, миласты; қоян-қолтық қатынаста болды. ~ «Күштімен күреспе, әлдімен тіреспе» демейтін бе еді. Бастықтың аты — бастық. Төмендегісін жоғарыдағылар қолдайды. Бірімен бірі мидай араласып, сыбайласып жатқан шым-шытырық. Бас айналады. Б.Ыбыр. ~ Әдетте қазақ ауылдары жайлау мен қыстауларда аздап үрдіске айналған ру, туыстық белгілер бойынша шоқталып жайғасса, ал мына Майтөбедегі көктеу мен күзеу жағдайында бәрі мидай араласып кетеді. Ұ.Досп. ~ Адам адаммен, мемлекет мемлекетпен мидай араласқан кезде, балалаған үстіне балалаған мәселе сыздауықтай сыздап, жұмыр Жердің мазасын қашырып бітеді екен. Н.Сам. ~ Ал, мен ойлаймын: мына заманда, қалыпты жағдай мен шектен тыс құбылыстың мидай араласып кеткен тұсында, дерт пен денсаулықтың ортасына шекара қою мүмкін емес. Т.Әбд. * Әйелі екі иығы құнысып, едәуір жылады; орамалының ұшын ұйпалақтап үнсіз егілді. Опыну, аяу, өкініш, қызғаныш, намыс бәрі, бәрі мидай араласып күллі болмысы ботадай боздады. Н.Дәут. * Жел гүлеген сайын қарлы жыландар бастарын қайта- қайта көтеріп алып, естері шыға ойнақшып мидай араласа жөнеледі. C.Жүн.

МИ ҚАТЫРАР

Көп ойлануды қажет ететін, шешімі қиын мәселе, есеп т.т. ~ Иса мұғалім балаларға қарайды. Олар көздері жыпылықтап, саусақтарымен партаның жиегін ысқылай береді. Біреуі де жауап берген жоқ. Ал Иса мұғалім болса, жаңағы ми қатырар есептің бәрін ойланбастан, он секундтің ішінде айтып шықты. Ш.Мұр. ~ Жырым жоқ, сен айтқандай, ми қатырар, табиғат жыр сый етсе – сыйға тұрам. Кей мезгіл жүнжіп кетсем езді көріп, бір қарап қайраттыға ширатылам. Ж.Нәж.

МИ ҚАЙНАТАР ЫСТЫҚ (АПТАП )

Жан шыдамас ыстық күн. ~ Ми қайнатар аптап ыстыққа шыдамай, көң иісті қора көлеңкесіне иіріліп, үйден ала шыққан айран-шалаптарын ішіп дамылдасады. Д.Дос. ~ Күннің ми қайнайтын ыстығанда шекшек шырылдайды. Тірі жаннан белгі берген сол ғана. Басқаның бәрі мүлгіп тұр. Ш.Мұрт. ~ Мен оны бұрыннан көріп жүретінмін. Күннің ми қайнаған ыстығына қарамастан үстіне ақ көйлек киіп, мойнына қатырып галстук салып, пиджагінің сары түймелерін тегіс түймелеп алып, шіреніп серуенге шығатын. Ә.Нұрш. ~ Шың, құз басына қонақтаған ақ қар, көк мұз етектегі ми қайнатарлық шіліңгір ыстықпен әлмисақтан қатты егес, қақтығыста. М.Қаб.

МИ ҚАЙНАТАР (ҚАЙНАЙТЫН, ҚАЙНАҒАН) ЫСТЫҚ (АПТАП )

Жан шыдамас ыстық. ~ Ми қайнатар аптап ыстыққа шыдамай, көң иісті қора көлеңкесіне иіріліп, үйден ала шыққан айран-шалаптарын ішіп дамылдасады. Д.Дос. ~ Күннің ми қайнайтын ыстығанда шекшек шырылдайды. Тірі жаннан белгі берген сол ғана. Басқаның бәрі мүлгіп тұр. Ш.Мұрт. ~ Мен оны бұрыннан көріп жүретінмін. Күннің ми қайнаған ыстығына қарамастан үстіне ақ көйлек киіп, мойнына қатырып галстук салып, пиджагінің сары түймелерін тегіс түймелеп алып, шіреніп серуенге шығатын. Ә.Нұрш. ~ Шың, құз басына қонақтаған ақ қар, көк мұз етектегі ми қайнатарлық шіліңгір ыстықпен әлмисақтан қатты егес, қақтығыста. М.Қаб.

МИ ЖЕТПЕЙТІН

Ақылға қонбайтын, түсіну, ұғыну қиын. ~ Не керек, Қартқожа осы жолы көп жаңа нәрселерден хабар алды, қала, үшкөл, медресе, шәкірттер тұрмысы жайынан көңіліне елес-елес сурет пайда болып қалды, отарба, борақод, аптомабель деген нәрселер ми жетпейтін, бір сиқыр тәрізді көрінеді. Ж.Айм. ~ «Ойпыр-ау, мен не көріп тұрмын? Бұларға үкімет осы орманды қорға деп, осы орманның аң-құсын қорға деп айлық ақша төлеп отырған жоқ па? Сонда… қалай болғаны? Ми жетпейтін қылық қой мынау!» Ә.Тар.

МИ ЖАЗЫҚ

Алысқа созылып жатқан ен дала. ~ Теңіз бетте — қатқыл, Каспийге жеткенше ми жазық. Қаптаған қой, кей жерде екі өркеші баладай қаздиып түйелер көрінеді. Ф.Оңғ. * Айналада бір түп сая жоқ, күнге күйіп шаңы шыққан шаңқай дала жатады далиып. Бұл – Қызылқұмның етегіндегі ми жазық. О.Сәрс. ~ Таудың баласымен, көз тірер бұтасы жоқ, ми жазық даладан көзім талады. БАҚ.

МИ БАТПАҚША СОРДЫ (ТАРТТЫ )

Әлдебір қауіпке итермеледі, тартты. ~ Осылай теріс қылықтардың көбеюіне өзіміз жол береміз. Игі ұмтылысты немқұрайлық ми батпақтай сорып әкетеді. АҚ «Таразы…» ~ Басым айналып, тәлтіректеп кетіп, бір байқасам, сол аяғым канал жиегінен асып, жарқабақтан ары күрт опырылып түсіп кететін шыңырау үстінде ілініп тұр екен, сол шыңырау аяғымнан ми батпақша тартып жүре берер ме еді, қайтер еді, қарулы қол иығымнан сап беріп, оң жақ шетке лақтырып жібермесе. М.Қаб.

МИ БАТПАҚ

Лайлы, аяқ алып жүргісіз, езіліп жатқан жер. ~ Директор екен. Алпысқа келсе де таза киініп, денін таза ұстайтын сері кісі мынау ми батпақта астындағы шаңқандай ақбозының балағына да қылау жұққызбапты. Қ.Ысқ.~ Аспанның түбі тесілгендей апталап жауды. Жолды жолсыздың бәрі ми батпақ болып езіліп кетті. Т.Әбд. ~ Шешесі ұрсып тастады. — Не бар сыртта? Қар еріп жатыр. Айнала ми батпақ. Отыр! Үйді бүлдіресің, — деді. Ә.Бал. ~ Алпысқа келсе де таза киініп, денін таза ұстайтын сері кісі мынау ми батпақта астындағы шаңқандай ақбозының балағына да қылау жұққызбапты. Қ.Ысқ. * Аяқ басар жердің бәрі көлкіген су, ми батпақ. Т.Сәу. * Қалың тоғай арасының ми батпағына арба доңғалағы күпшегіне дейін батып зорға жылжыған Сұлтанмұраттар ауыл шетіне ел орынға отыра өліп-талып әрең жеткен. С.Жүн.

  1. Ығы-жығы, алды-арты, оң-солы жоқ д.м. ~ Осындай ойлардың ми батпағын кешіп келе жатып, жүн фабрикасына жетіп қалыппыз. Қуан бастап, фабриканың қорасына да кірдік. Ш.Мұр.

МИ АЙНАЛЫП ЖЕРГЕ ТҮСЕРДЕЙ

Шілденің барынша ыстық, күйіп тұрған мезгілі. * Енді мына қыздың қолына қалам тығып алып сорлатармын» дедім де, тырп етпестен отырып қалдым. Ми айналып жерге түсердей ыстықта ауыр жүк, қару-жарақарқалап жорықта келе жатқандай боп, гимнастеркамның жеңімен самайымды, мандайымды сипай бердім. Ә.Нұрш.

МИ АЙНАЛҒАН АПТАП

~ Қайнаған ыстықтан қалың ағаштың арасы да пана бола алмайды екен, Торықасқаның соңынан ызыңдап ерген сона-шыбын ми айналған аптаптың «астын сыза» түскендей. Ә.Тар.

МИ АЙНАЛДЫРҒАН ЫСТЫҚ

Қатты ыстық, қапырық. ~ Қыстың қақаған бораны мен жаздың ми айналдырған ыстығына бой бермейтін көнтерлі халық ─ алып халық, аңқау халық. С.Шайм. * Шілденің күні шаңқай түсте ысып, ми айналдыратын тұста, тірі жан кірерге тесік таппай, бәрі де алақандай болса да көлеңке іздейді. Тал түсте көлеңке де барынша қысқарады. Ш.Мұрт. ~ «Этап» дегеннің өзі бір қиямет қайым. Ми айналдырар ыстықта поездың зектерге арналған вагонына бөшкеге нығыздала салынған «селедка» балықтай тиеп тастайды. «Әкем болса…»