МИЫН ЖЕДІ

Бірдеңені қайта-қайта айтып, мезі қылды, шаршатты, басын қатырды. * Тас қауып, шақ — шұқ шаңқылдаған осы бір қара кетпен — ақ оның миын жеп бітірді. «Күнде қалай аңғармай жүргем» — деп ойлады қыз. «Жүйкені құртатын неме екен ғой өзі». Қ.Ысқ. * Өлмелі кемпір- шал дау қуалап жатпайды, қызын ал да қаш деп айтақтаған Бекет еді десең болды деп миымды жегені. Қ.Ысқ. * Мен оны бостандығынан айырдым ғой. Ішінде шырмауықтай шарпысып, санасын сарсылтқан, миын жеген сергелдең ой аз емес шығар. Оның жағдайы менің жағдайымнан әлдеқайда ауыр. Д.Исаб.

МИЫН АШЫТТЫ

Басын қатырды. * Қасында шайтандай шуылдаған немелер қолында ұстаған кепшігін даңғырлатып … миын ашытты. О.Сәрс. * − Әй қарағам, осы қаршадай балалардың миын ашытпасаңдаршы. Оқымаса да бір нанын тауып жер, тек дендері сау болсын де,- деген. С.Мұратб. * … күйеуінің де миын ашытып құлақ етін жеді… ашуға мініп, қамшымен қанша рет домбытып алғанымен қайтар емес… Қ.Мүб.

МИЫҚ ТАРТТЫ

Жымиды, миығынан күлді. ~ Шықылықтап шақшақай қашты. «Шошаңдап талай қуып едің, әуселеңді көрейік енді» деп жырқылдап табалап бара жатқандай. Миық тартты. Табаласа, табалағандай. С.Елу. ~ Қыз сәл миық тартты. Соңда ғана Шеге өзінің қисынсыз көп тұрып қалғанын байқады. Жүрегімен алысып: — Жүр… қыр үстіне шығайық! — деді. Қыз бұны үнсіз қоштап қатар қозғалды. Шегенің жүрегі кеудесіне сияр емес. С.Елу.

МИЫҒЫНАН КҮЛДІ

Жымиып, езу тартып, күлімсіреді; мысқылдап, кекесінмен, табалай күлді. * Мақан қайтып үндеген жоқ. Кейін сөйлермін дегендей «Ә-ә» деп, миығынан күліп, жалпақ маңдайын сипай берді. С.Жүн. * Иығын көріп, ат үстінде шалқайып отыратын басқарманың мынау қораш күйін алғаш байқағаны. Сүлкей тағы бір ысқырып жіберіп, миығынан күлді. С.Елуб. * Енді мешкейлік мақтан болғаны-ау. О, тоба! «Арғымақтың баласы аз оттар да көп жусар…» Өзімен құрдас Жәніке миығынан күлді. «Жабысың» дегені ғой. З.Шүк. * Өз атына айтылған мақтау сөздерді миығынан мүсіркей күліп тұрып, рахаттана тыңдаған майрампаз жігіт бұдан әрі көп бөгелмей … кете берді. О.Сәрс. ~ Жермен де айналысасың ба? — деп сұрадым. Балзия мөлдірей қарады да миығынан күліп алды. Аққұманды газды ошақтан түсірді. Тетігін бұрап өшірді. Т.Ор. * Теміржолшы Мәлібек жалпақ алақанын аударып-төңкеріп отырып миығынан күледі. Екі иығы селкілдейді. Жауырыны еңкіш еңгезердей кісі үнсіз жылап отырғандай елестейді. Д.Дос.

МИЫ ШЫҚТЫ

Жер батпақтанып, топырағы езілді, лайланды. ~ … он күн тұрақтамай жатып: «Ойбай, мына жұрттың миы шығып кетті. Қой, бұл өрістің де оты қашты», — деп, жаз бойы жұрттан жұрт ауыстырып, жыл құсындай жылға қонып жүруші еді. Д.Әш. ~ Ақ жауын нөсерлетіп төгіп тұр. Әулиеата көшелері лай судан көлкіп, батпағы молайып, миы шығыпты. Б.Мом. * Бірақ біз енді бәрібір жол торабын қуа алмаймыз. Жаңбыр азайғанмен, миы шыққан саз, бізді аттатпайды. С.Мұқ. * … көшедегі қарды арлы-берлі жосып ағылатын да жататын машиналардың мың сан доңғалақтары мыжғылап, миын шығарып тастаған екен; сол миы шыққан көксоқта шылқымайды беті-жүзіне қарамай шылп-шылп кешіп келеді. Ә.Нұрп.

МИЫ ШЫҒЫП ЖАТЫР

Жауыннан кейінгі жер батпақ болып, лайланып жатыр. ~ Ауа сыз, бұлыңғыр. Былайғы жердің миы шығып жатса керек, ал станция басы асьфалтталған, саз емес. Б.Соқп. ~ Бұ жақ бет жерінің «миы шығып» жатқан балшық екен. Сайдан шыға
алсашы, жүкпенен. Арқасында бала. Дәу апа балшыққа қарайтын емес. С.Елу.

МИЫ ШАТЫСТЫ

Басы айналып, мәңгіріп қалды, есі ауысты. ~ Жаңадан келгендер Дон Кихоттың сөзіне таңырқанып қалысты, бірақ бекетші Дон Кихоттың кім екенін түсіндіріп, оған ешқандай көңіл бөлудің қажеті жоқтығын, миы шатысқан адам екенін, сондықтан таңғалмай-ақ қоюларына болатынын айтты. М.Серв. ~ Миым шатысып кетті. Үйге қалай келіп қалғанымызды да білмеймін. Ш.Мұр.

МИЫ ШАЙҚАЛДЫ

Басына зақым келді. ~ Тағы бір таңғалғаным, осының бәріне әйелі Нұрбәти қалай көніп отыр? Әлде «әпекеме жездем сай» дегендей, ол да — миы шайқалған біреу ме? Қ.Жұм. ~ Денсаулығын тағы тексерген болып, қолдан келген ем-домын жасаған. Шамалауынша Беріктің миы шайқалған. Бұғанасы мен иық сүйегіне зақым келген. Н.Ақ. ~ Науқастың сырқатының жайы жазылған қағазға қарағанда, жағыдайы онша мәз емес. Басы жарылып, миы шайқалған. Қабырғасы сынып, өкпесін тескен. Ә.Ыб.

МИЫ ҚАТТЫ (ШАҒЫЛДЫ)

Басы қатып, дал болды. * Даң-дұң оймен жүргенде миым қатып, Өмір өте шығады-ау құйындатып. Р.Ниязб. ~ Әншейінде шешенмін, сұңғыламын, Қазір даусым қарлығып, қылғынамын. Мың министр ойланып, миы қатып, Қиналады бар ақын, күллі ғалым. С.Тұрғ.

МИЫ ШАҒЫЛДЫ

Әлдебір нәрсені түсіне алмай, басы қатты. ~ Шарасыздықтан миы шағылып, шақша басы шараға айналған. Қандай амалдың барын бiлмей, алжыған итше беталбат сенделiп келедi. Ә.Ыб. ~ Соны ойлай-ойлай үш күннен бері көңілі дал болып, миы шағылып біткен. Ә.Тар. ~ Одан да ерлi-байлы екеуi барып Iлиясты қарсы алғандары ұнамды. Миы шағылып, аласапыран ойдан көкiрегi жарылып кетсе де бiрер сағат жалғыз қалғаны дұрыс. Ә.Ыб.

МИЫ ЖЕТПЕЙДІ

Ақылы тар, әлдебір құбылысты, жәйтті, ақиқатты түсінуге өресі жетпейді. ~ Жидебайдың жасы қырықты алқымдатып жүрсе де, білімі, пікірі, аңқаулығы, қорқақтығы 5 жастағы баланың аз- ақ алдында еді. Саясат жағынан білетіні – шабарман, ауылнай, болыс, одан арғыға миы жетпейтін. Ж.Айм. ~ Қарындасы болса кетті. Енді менен не үміт қылады? — деген ойлар келгенде Бекболат Төлегеннің неткен адам екеніне миы жетпейді, дағдаратын. Бекболаттың имене беретіні де Төлегеннің жұмбақтығы еді. Ж.Айм. ~ Балташ ақша жұмысына онша жетік емес еді; параграф бартал, декрет, секрет — дегендер көбейіп кетіп, солардың кілтипанына миы жете алмай жүр еді. Ж.Айм. ~ Оның миы жетпейтін бұл дүниенің хикіметтері көп-ақ. К.Сег.

МИЫ АУЫСЫП КЕТТІ

Ақыынан адасты. ~ Ақ пен қара, жалған мен ақиқат, жамандық пен жақсылық дегенді сендердің миы ауысып кеткен философтарың ойлап шығарған. Т.Әс.