МӘПЕЛЕП ӨСІРДІ

Бағып-қағып, әлпештеп өсіріп, адам қылды. * Бау көркі деп көктемде әдейі сеуіп, ала жаздай мәпелеп өсірген мынау қызын — ала апиын гүлі көзіне қан сияқты боп көрінді де тарпа бас салып жұлып тастағысы келді. Қ.Ысқ. * Қайта амандастық. Көп сөйлесе алмадық. Кейін естісем, Қытай үкіметі оны құрметтеп, мәпелеп өсіріпті. Қ.Шаб.

МӘҢГІЛІК ОРНЫ

Қабір; жерленген жері. * “Міне енді айырылысар сәт те соқты! – деді ішінен Едіге Қазанғапты мәңгілік орны – лақатқа жайғастырып жатып. – Сені мұншама уақыт өз мекеніңе қоныстандыра алмағанымызды кешір. Ш.Айт. ~ Мәңгілік орны төрінде. Мраморлы тарихқа. Алтынмен аты ойылды. Болсын деп мұра халыққа. Тірідей мүсін қойылды. С.Мұқ.

МӘҢГІЛІК МЕКЕН ТАПТЫ (ҚЫЛДЫ)

Өлді, бақилық болды. ~ Ертесінде шешемнің денесі ата-бабамыздың талай ұрпағы мәңгілік мекен тапқан Жауыртоғандағы бейітке апарып жерленді. Б.Соқ. ~ Елесім сәуле болып ақ түн кезді, Мүлт кетпей қармақ болып қаптым көзді. Армансыз жатар едім, сәтті күні, Мәңгілік мекен қылып ақкүмбезді. С.Нұр.

МӘҢГІ ҰЙҚЫ

Өлім. ~ Тіл қатпас меңіреу мекен сол бір сұлық, Іздемес орман сыңсып, жел күрсініп. Әлдилер мәңгі ұйқының құшағына ап,Тар бесік — тас қараңғы орның суық. Н.Айт. ~ Үмітім жоқ дұрыстығына жолымның, Қателіктен жүрегімде құтқармас. Ұйқы орнына шарап ішсем толы мұң, Мәңгі ұйқы еш бір жанды құтқармас. О.Хая. ~ Менің көз алдымда мәңгі түн ұйып тұрады, бірақ бұл мәңгі ұйқы емес қой.
О.Бөк.

МӘҢГІ БОЛДЫ (ҚЫЛДЫ)

Ес-түстен айрылды. ~ Көздері әлі таңулы. Өздері не болғандарын білмейді. Төрт күндей дүниені көрмей әбден мәңгі болып кеткен. М.Әу. ~ Ұйқы әбден езгілеп, мәңгі қыпты. Елде жуан кедейді сорып жатыр, Кедей надан соруға «көніп» жатыр, Кедейдің арыстандай алып күшің. С.Мұқ.

МӘҢГІ (МӘҢГІЛІК) ҰЙЫҚТАП (ҰЙҚЫҒА) КЕТТІ

Қайтыс болды, көз жұмды. ~ Ауыл да оянды. Тұр енді, Жәлел, әне ауылың да тиіп тұр. Үйіңе бар. Тұр»,– деймін. Бірақ, Жәлел оянбады. Ол мәңгі ұйықтап кетіпті. С.Жүн. ~ Сөйтіп сағынышы кемерінен асып келе жатқан әкені мәңгі ұйқыға кеткен қызының қара топырақ қабірі қарсы алады. Ә.Әл. ~ Мәңгілік ұйықтап кетер сияқтанам. А.Ас.

МӘНІН ЖОҒАЛТТЫ (ЖОЙДЫ)

Бастапқы мағынасынан айрылды. ~ Жасанды, жалған от жұтушылар осы кәсіптің мәнін жойып жіберді, егер жұрт алдыңа шығуға рұқсат берілсе, олар барлық жерде де мұның құнын түсірер еді, деді. Э.Хэм. ~ — Сендей адал дос бұйырғаны үшін де бақыттымын. Өмірім мәнін жоғалтып, ел кезіп кеткенімде, сенің бір ауыз сөзің мені өмірге қайтарды. Сенен өзіме сенуді үйрендім. А. Рақ. ~ Сондай-ақ осы тәсіл арқылы сөздер о бастағы мәнін жоғалтып, не болмаса әлсіретіп басқа бір сөз табының қатарынан танылады. А.Аман.

МӘНІ НЕ

Не мағына бар, құны неде д.б. ~ Сенімсз жандар су бетіндегі жел үрлеген жаңқадай бағдарсыз өмір сүреді. Ондай өмірдің мәні не! Олай болса пенде өз сенімін қалай қалыптастырады? Ж.Шәк. ~ Сөйтіп, шеті жоқ, шегі жоқ бірінің басын бірі алып жатқан аласапыран тірлік. Сонда мынау мігірсіз қимыл-қыбырдың, итжығыс алыс-жұлыстың мәні не? Ә.Кек.

МӘНІ БОЛМАЙДЫ (БОЛА МА)

Мағынасы кетті, бәрі бекер, керексіз боп қалды. ~ …тек «басшылардың почти жартысы топас, ұятсыз, вот в чем дело!» дегенімді тырп еткізіп қозғама, қозғасаң-ақ болды — сенің сөзіңнің сәні болмайды, жиналыстың мәні болмайды. Ғ.Қаб. ~ Оның бағына қарай мынау екі әйелдің екеуі де елден асқан әнші, бірақ көңіл қаяуланса әннің де қанаты жараланады екен, олардың да әні салынбай, салынса да мәні болмай барады. Ә.Әб. ~ Берекесі бір ұшқан ойынның мәні бола ма. Лезде тағы ұтылып қалдым. Бұл жолы топырлатып, алты-жеті бұзау айдатты. Б.Соқ.

МӘНЗҮР ҚЫЛМАДЫ

Елемеді; көңіл аудармады; назар салмады. * … ойнақтаған ботадай құтырып шыға келетініне еті үйрене бастаған серіктері ештемені мәнзүр қылмай, қайта құлақтары тыншып қалғанына қуанысқан. О.Сәрс. * Саттар бұл сөзді мәнзүр қылған жоқ. Екеуі кірген бетте төргі бөлмені бірден адақтап шықты. Қ.Түм. * Содан комбайнның қасына барып, қолын көтеріп, «тоқта» деген белгі беріп еді, айдаушы мұны мәнзүр қылмай, штурвалын құшақтап, тырсиып, тым-тырыс отыра берді. О.Сәрс.