МӘН БЕРДІ

Ерекше көңіл аударды. ~ Әбиболла былай шыға Иманжүсіп пен «иманжүзді» деген сөздердің өзара сәйкестігіне мән берді. Б.Тоғ. ~ Олар бір сүйсе өліп-өшіп құлай сүйеді. Және сонысынан өздері қасірет шегіп, азап тартады. Асқар Зәурештің әрбір сөзіне, әрбір қимыл-қозғалысына мән беріп тұрды. Ә.Әл. ~ Жоқ, сен ойланшы өзің, менің сөздеріме зер салшы, рас қой. Әй, інім-ай, біздің әрбір сөзіміздің астарына мән беріп қарасаң, көп мағына сезер ең. К.Өтж.

МӘН БЕРМЕДІ

Көңіл аудармады, ықылас қоймады, елемеді. ~ Әлима бұның бірде-бірін аңдамады ма, жоқ әлде оған мән бермейтін өзінің әдеті ме; бұрылып артына қарамады. М.Сүн. ~ Бас дәрігер қажет болса өзі шақыртып алады, — деді сестра мұның сөзіне пәлендей мән бермей. Т.Әбд. ~ Бұрынғыдай үй-ішіндегі ұсақ-түйек заттарға мән бермейді. Тіпті кірген шыққан жұртқа да көз тоқтатпайды. Өзімен өзі. Т.Әбд.

МӘН (МӘНІ) БАР

Әлдебір сыр жатыр, ерекше маңызы бар д.м. ~ Бірақ өзі қолымен ұстап, көзімен көргенше ешкімге сенбейтін адамдар болады. Сол сортқа жатқыздым да қойдым. Сөйтсем, оның келуінде мән бар екен. К.Қаз. ~ Ауылдан сәскеге таман шыққан. Сабақтан Түгелбекті босатып алды. Онысында мән бар. Ждақай езі кеше Нарқамыстан келген. С.Ел. ~ Әкең Қажы, байдың тұқымысың, бізге керек болатын себебің де сол. Жұман байды ұстауға қатыстыруымда да мән бар. Б.Тоғ. ~ Жұмыр дейтін мен бір шоқпар ма, жота, келсаптың басы ма? Әшейін ауызға түскенді қоя салған да. Қайта Сексек дегеннің мәні бар. Жұрттың ол атты қоятын жөні бар! М.Әу. ~ Ойдағы-қырдағы малды жинастырып, шетінен саттырып, пұлға айналдыруының да мәні бар: жүкті жеңілдетіп, күйеуінің еліне көшу. Б.Тоғ. ~ Сосын жер аңсаған ақ інген, ең соңында көз жұмған қара атан, Сетерханның елесі тағы басқа түстердің де өзіндік мәні бар. Ж.Шәк. ~ «Қалайда бұл келуі мәні бар келу — жә тыңдау үшін, жә тыңдату үшін басқан қадам» деп ойлады ақын. С.Жүн.

МӘМІЛЕГЕ КЕЛДІ

Келісімге, ортақ шешімге келді. ~ Жан шықты дегенде жұртқа дәлелдеп, бөгет салмай ел болмайтындарына көздерін жеткізіп, мәмілеге келіп отырғанда, «біз қосылмаймыз» деп байлар қисайды. Т.Әбд. ~ Алдында үкіметтің: большевиктерге қарсы қару-жарақ алып шықпаңдар, әлі де болса мәмілеге келерміз деген сөзіне олар құлақ қоймады. С.Сей. ~ Ақыры: туғалы дара жүріп шыдадық қой. Осы сопа бас күйімізге және бір жыл мен оқу бітіргенше шыдайық деген мәмілеге келдік. Сосын, өз жанымызды өзіміз бағатындай халге жетіп, қосылатын болдық. Б.Соқ. ~ Мәмілеге келсе, сұрағандарын беріп, құтылған жөн. Б.Май.

МӘМІЛЕ СӨЗ

Бітім, келісім. ~ Өйткені олар большевиктердің мәміле сөзін бітірместен мылтық атуға бас салғанын көрген соң үкіметке, бәлки бүкіл мұсылман халқына жау болды деп, өз беттерімен қимыл қыла бастады. С.Сей. ~ Және ол сроктың уақыты 20 минут өткенде ғана бітетін еді. Сөйтіп, большевиктер өз шарттарын өзі бұзып, мәміле сөздің жолын бөгеді. С.Сей.

МӘЙІН МІНЕЗ

Мінезі жұмсақ, сыпайы адам туралы. * … сен жоқта киіміңнің кеткен жерін жөндедім, тіктім, жетпей тұрған қаражатты ептеп ұстап жеткіздім әйтеуір»,- деп мамыражай мәйін мінез танытсаң ғой құба-құп болар еді деймін. Д.Дос. ~ Мәйін мінез қыр күйегің Жапырақты тағы үзді. Е.Рау. ~ Фарида асау Катарина, мен мәйін мінез Бьянка. Ә.Бөп.

МӘЙЕГІНЕН МӘЗ КЕТТІ

Басынан бақ тайды д.м. ~ Мәшурасынан мән кетіп, Мәйегінен мәз кетіп, Су шалаптай шылдырап, Қу бұтақтай сылдырап, Қара суық соққанда Қаптай қашқан тағыдай Ойдан қырға құлдырап, Бұралқы сөзге бұлдырап, Осынша аңғырт болардай Осқырынған біздің жұрт Бұ құдайға не қылды ай? Ә.Кек.

МӘЙЕГІНЕН ЖАРЫМАҒАН

О бастан (тумысынан) жоқшылық көрген. ~ Ана саулықты, мына саулықты түртінектеп, ұрлап еміп, өзінің де, басқаның да берекесін бек алады. Мәйегінен жарымаған қозы күні ертең жайлауға беттегенде, шаң қауып, ұзақ жолға шыдамай өліп те жатады. М.Қаб.

МӘЙЕГІ ШАЙҚАЛДЫ

Берекесі кетті ~ Ит-ау, барлық малымның мәйегі болған қара айғырда нең бар? — деді Кәркен қабарып. — Әдейі мәйегің шайқалсын деп тұрмын! Б.Тоғ.

МӘЙЕК БОЛДЫ

Әлдебір істің ұйытқысы, ұйымдастырушысы болды. ~ Серіктескен коллектив Мәйегі боп шаруаның, Жаңа өмірге рет қып, Ел еңбегін сүйіп тұр. І.Жанс. ~ Ең үлкенінің — бар бүліктің ұйтқысы, бар қырсықтың мәйегі болған жаңа Робеспьер-Нечаеятың есімінен кеңдік, мейірбандық, молшылық лебі ессе… М.Мағ.

  1. Негізі, мағына-мәні болып табылды д.м. ~ Мақаладан «Еңбексіз егін шықпайды, терлесең, терің тегін қалмайды», «Ата жолдасы – надандық», «Аллаңнан ойбайым тыныш», «үміті бар, талабы жоқ» сынды мақамды мақалдар мен мағыналы сөздер, мақаланың мәйегі болып, мазмұнын терең бойлауға, мағынасын әріден ашуға көмекші құрал болып отыр. БАҚ. ~ Салт-дәстүрдің мәйегі болатынның бәрін жинап-тернеп программаға салдым. «Қырсыққан ит қыңыр жүгіреді» дегендей, ол ісім де қырын кетті. Д.Мам.

МӘЙЕГІ АУЗЫНАН ШЫҚҚАН

а) Тұла бойынан тоқтық, семіздік, тоқмейілдік байқалады д.м. ~ Екі иініне екі кісі мінгендей ұзын бойлы, толық. «Мәйегі аузынан шыққан» манаураған манаптай. Үстінде шұға шекпен. Белінде күміс кемер белбеу. Басында кәмшат бөрік. Шүйдесі тоқпақтай. Шекесі торсықтай. С.Сейф. ~ Мінез, сөзінен, жүріс-тұрысынан сөлекет іштеме таппады. Әбден қалыптасқан әйел. Қалпы кең, сұлу. Мәйегі аузынан әлі шығып тұр. Ол салмақпен сылқ-сылқ күлгенде, алпамсадай Айдарбек көбелекше қалбалақтап кетеді. Ғ.Мұст. ~ Оған сараңдық қонбайды. Қанағатшыл және өзі. Әйелі мен балалары да пейілін кеңге салып, ішпей- жемей-ақ мәйегі аузынан шығып жүретін токмейіл жандар. Ө.Кәр. ~ Әй, Сейфолла, мына балаң ішпей-жемей, мәйегі аузынан шығып, әлден-ақ тоқтыққа бағып отыр. Түбінде Жәнібек әулетінің ырысы осында қалар, тезірек үйлендірсең етті. Ө.Кәр.

ә) Өмір көрмеген, балғын, жас. ~ Сәмет маған өзінің хатшысы Елемес Төлемісұлын қосып берген. Елемес — аузынан мәйегі шығып тұрған жас жігіт. Мені тонның ішкі бауындай жақын көріп, тез үйір боп кеткен-ді. С.Ом.